КЕЗ КЕЛГЕН ЖАҚСЫЛЫҚ ШЫНАЙЫ КӨҢІЛМЕН ЖАСАЛУ КЕРЕК

444
0

Байкен ӘШІРБАЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:

Шымкентте «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында көмекке мұқтаж мыңдаған отбасыға азық-түлік себеті таратылып жатқаны белгілі. Бұл игі іс шараға қаламыздағы іргелі мекемелер, мердігер компаниялар, депутаттар мен кәсіпкерлер қатысып, алғыс арқалауда. Солардың қатарында Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Байкен Әшірбаев та бар.

 

Кәсіпкерлік істің қыр-сырын меңгеруінің арқасында бизнес адымы ашыла түскен кеңпейіл азамат тапқан табысының белгілі бір бөлігін жұртпен бөлісуді игі дәстүрге айналдырғаны қашан. Ол былтыр дәл осы қасиетті Рамазан айында қаламыздағы «Жыланбұзган», «Абдулабад», «Қызылжар», «Тұрдыабад», «Маятас», «Тоғыс», «Қаратөбе» және «Қайнарбұлак» тұрғын алаптарындағы 550-ден аса отбасыға азық-түлік себетін үлестіріп, тұрғындардың игі тілегіне бөленген болатын. Сол кезде қала халқы пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулер мен біраз мекеме қызметтерінің уақытша тоқтатылғанына бейімделе алмай, көңілі алаң болып жүрген еді. Тұрғындар тосыннан болған мұндай тартуға қуанып, көңілдері бір серпіліп қалғаны есімізде.
Жұрт жүзіне қуаныш ұялатуға жаны құмар азамат биыл да осы қасиетінен танбай, 500 отбасыға Рамазан қоржынын тарту етті. Азық-түлік себеті үлестірілген азаматтардың тізімін Nur Otan партиясының Шымкенттегі Еңбекші аудандық филиалы әзірлеген. Партия ұсынысын екі сөзге келмей, қолдап, қуаттап, 500 отбасыға азық-түлік себетін таратуға демеушілік еткен депутат Байкен Әшірбаев бұл қайырымдылық шарасы туралы «Мәселе кімнің бастама көтергендігінде емес. Ең бастысы бұл көмектің шын жүректен жасалатындығы. «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясы аясында қала тұрғындарына осы жердің тумасы ретінде қол ұшын беруді жөн санадым. Біз ауызбіршілігімізді жоғалтпасақ, алынбайтын асу, бағындырмайтын белес болмайтынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан да бірлігіміз нығайып, сыйластығымыз арта түссін»,-деді.
Депутат Байкен Әшірбаевтың демеушілігімен жасалған 500 азық-түлік себеті қаладағы «Қаратөбе», «Жұлдыз», «Сайрам» елдімекендерінің тұрғындарына таратылды. Оның құрамында ұн, май, шай, күріш және макарон сынды өнімдер бар.
Рамазан қоржындары ауыл билерінің қадағалауымен көліктерге тиеліп, карантиндік талаптар ескеріліп, тиісті отбасыларға үлестірілді. Бұдан бөлек қолы ашық азамат «Қайнарбұлақ» саяжайындағы әлеуметтік қолдауды қажет ететін 60 отбасыға да азық-түлік себетін үлестірді. Өз кезегінде қайнарбұлақтықтар Байкен Әшірбаевтың қасиетті айдағы бұл игі ісінің сауабы мол болуын тілеп, оған рахметтерін білдірді.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айы
12-мамырға дейін жалғасады.