ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ жүруде

655
0

Осы жылдың алғашқы үш айында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 19 850 хат пен өтініш келіп, 4 733 шығыс хаты жолданды. Ал жалпы құжат айналымы 24 583-ті құрап отыр.

Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту бағытында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 885 адам жұмыспен қамтылды. Оның 2 430-ы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Ал 109-ы әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Жастар практикасы бағдарламасымен 568 адам екі қолға бір күрек тапты. Тағы 2 778-і ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Сондай-ақ, 229 мүмкіндігі шектеулі азамат әлеуметтік қолдауға ие болды.
Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерман Бекмұратов айтты. Басқарма басшысы азаматтық құқықтық актілерін тіркеу және көші-қон мәселелері бойынша да атқарылған жұмыстарды баяндады.
Оның сөзінше осы жылдың бірінші тоқсанында басқармада азаматтық құқықтық актілерін тіркеу бойынша 6 579 хат қаралып, 15 068 азаматтық хал актісі тіркелді. Ал қала бойынша 340 отбасыға немесе 464 адамға оралман мәртебесі берілген. Ал оралман мәртебесін 6 айға ұзартқандар саны 88 отбасыны (106 адамды) құраған.
Сонымен қатар Ерман Нұрланұлы жыл басынан бері 34 862 отбасыға (172 089 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын жеткізді. Ал аталған отбасыларға «Грамад» сауда орталығы арқылы 47 244 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылған.
Айта кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты 1-сәуірден бастап мемлекет тарапынан көмек алуға құқылы отбасылардың өтініштері «E-gov» электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта қабылдануда. Ол үшін аз қамтылған азаматтар мен көпбалалы отбасылардан өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы керек.