«АЙҚАП» ЖУРНАЛЫНЫҢ 110 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ФОТОКӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

1029
0

Шымкентте қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы, қазақтың қоғамдық санасының оянуына зор ықпал еткен – «Айқап журналына 110 жыл» толуына орай фотокөрме ұйымдастырылды.

Шара Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өтті. «Жастар аллеясында» өткізілген фотокөрменің ашылуына қаланың мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Әзімханқызы, Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің директоры Айпар Шажалықызы, жазушы, тарихшы, шежіреші, профессор Момбек Әбдәкім, М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Рухани жаңғыру және Қазақстан халқы Ассамблеясы» орталығының басшысы Гүлнар Жанысбекова және архив қызметкерлері мен колледж студенттері қатысты.
Іс-шарада Шымкент қалалық мемлекеттік архиві директорының орынбасары А.Сейтаева «Айқап» журналының қазақ тарихындағы орны туралы баяндама жасады. Колледж студенттері «Айқап» журналының беттерінде жарияланған халқымыздың біртуар қаламгерлерінің өлеңдерін, «Ғылым мен надандықтың» айтысқаны туралы диалогынан үзінділерін оқыды.
Тарихшы, ақын жазушыларымыз қазақ жастарын оқу білімге, өнер-ғылымға жетелеген, өмірге жаңаша тың көзбен қарауға жол ашқан басылым туралы пікірлерін ортаға салды.
«Айқап» журналы қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси және әдеби журналы. Басылым 1911-1915 жылдар аралығында жарық көрген.