МЕГАПОЛИСТІҢ МЫҢ ГЕКТАРЫНА ЖУЫҚ ЖЕРІНЕ АҒАШ ЕГІЛДІ

960
0

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Шымкенттің 976 гектар жер учаскесіне 90 000 дана ағаш көшеті отырғызылды. Сонымен қатар қала аумағындағы мемлекеттік мекемелерге 17 мың ағаш көшеті тегін таратылды.

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ахмет Татыбаев мәлімдеді.
Жиынға қаладағы «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның директоры Ғани Қарабеков та қатысты.
Брифингте Ахмет Өтегенұлы басқарма тарапынан осы жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы мәлімдеді.
Оның сөзінше басқармаға 2021 жылдың үш айында қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін 169 өтінім қабылданып, оның 140-ы бойынша рұқсат берілді. Сондай-ақ жеті қоғамдық тыңдау өткізілген. Одан бөлек, осы жылы үшінші мегаполистегі ауаның ластануы жоғары 10 аймаққа автоматтандырылған бекеттер (датчиктер) орнату қарастырылуда.
Сонымен қатар ол, «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында былтыр қалдық өңдеу көрсеткіші 25,1 пайызды құраса, биыл оны 27 пайызға жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Айта кетейік, «Ақтас-1» қалдықтарды сұрыптау зауытында күнделікті 550-600 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылданады. Бұл нысан бүгінде жыл сайын түзілетін, кәдеге жаратылатын және өңделетін қалдықтардың көлемін арттыру мақсатында қайта өңдеу жұмыстарын қолға алуда.
Сондай-ақ, Ғани Ажединұлы «А.Асқаров» атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағында» тал егуді бір жүйеге қою жұмыстары жүріп жатқанын, бұл өзгерістер экологиялық эксперттік мамандармен бірлесе жүзеге асып отырғанын жеткізді.
Айта кетейік, аталған саябақта 406 түрлі ағаш-бұта өседі. Бұл ретте ағаштардың гендік қорын көбейту мақсатында көлемі 1,5 гектар тұқымбақ пен көлемі 0,03 гектарды құрайтын жылыжайда 108 түрлі ағаш-бұтаны тұқымынан және жасыл қаламша арқылы өсіру жұмыстары жүргізілуде.