Туған жердің тұғырлы тұлғасы

491
0

Әкім Ысқақ — Абай атындағы орта мектебінің барша ұстаздары мен шәкірттері мақтан тұтар, үлгі етер айтулы азамат.
Әкімдей ақынжанды, елжанды, ел мен жердің туын ұстар тұлғалы азаматтың Абай мектебінің түлегі екенін әрқашан мақтан тұтамыз. Әкім елге келген әрбір сапарында өзі білім алған алтын ұя мектебіне соқпай кетпейді.

Әкім ағасының жырын жаттап жүрген ұландар жырдан шашу шашып, Әкім ағасындай елдің аузында жүрер азамат болғысы келетін балалық ақ тілегін пәк жүрегімен паш етуге таласады. Ұялыжар ауылының әрбір жанын, әрбір азаматын бауырым деп білетін Әкім Ысқақ та құр қол келмейді. 2001-2002 жылдан бері мектебімізге демеушілік жасап келеді. 2001 — жылы Сұлтан Ысқақов атындағы сынып бөлмесі ашылғанда түгелдей жаңа құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. 25 оқушыға арналған парта, тақта орнатып, сыныпты безендіруге, көрнекі құралдар алуға ақшалай демеушілік жасады. 2002-2003 оқу жылында Әкім Ыскақ атындағы қазақ тілі және әдебиеті кабинетіне көрнекі құралдар және безендіруге қаржылай жәрдем берді. 2010 — жылы мектебімізге интербелсенді тақта тарту етті. Үлгерімі үздік, тәртібі жақсы оқушыларға және жанұя жағдайына байланысты тұрмысы төмен отбасы балаларына стипендия тағайындап, өз қолымен тапсырып кетеді.
Ең бастысы, ел еңсесін түзеуге, елдік бейнемізді қалыптастыруға бет түзеген жылдарда өткізілген Әкімнің әрбір жыр кеші өскелең ұрпақтың кеудесінде туған жерге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыруға үлкен ықпал етіп отырады. Өзімен бірге өңіріміздің елеулі тұлға, елжанды азаматтарын ерте келіп, жерлестері мен жасөспірімдер алдында айтылған әрбір аталы сөз, жүрекжарды ықыласы бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі іспетті. Қазіргі жаһандану заманында тілімізді жоғалтып, ділімізді тоздырып аламыз ба деген қауіп төнген кезеңде, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, септігім тисе деп жан-жүрегі шырылдаған ақын үні жас ұрпаққа жетіп, санасынан орын алуда.  Осындай елдің жүгін көтерер арқалы ақын, саясаткер, ғалым, ең бастысы — адал азамат Әкім Ысқақты — туған жердің тұғырлы тұлғасы деп Бөржар өңірінің әрбір тұрғыны мақтан етеді. Осы мектепте оқып, білім алып, ұстаздық етіп, еңбек жолын бастаған Әкім ағайын әрбір шәкірті сыйластықпен, қимастықпен есте сақтап, 20 жылдық, 25 жылдық кездесуге зор құрметпен шақырады. Ұстаздық еткен жылдарындағы шәкірттермен етене тіл табысып, болашаққа жол сілтеп, талантын танып, талабын ұштаған ұстаздық ықыласы бүгінде қырықтың қырқасына шыққан шәкірттерінің әлі есінде.
Осындай ел ықыласына бөленген, елі мен жері, қазағы үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген жерлесімізді Бердалы Оспан мырзаның «Айғак» газеті арқылы жерге ұрып, сезге жамандауы біздің елдік намысымызға тиді.
«Арсыз, ұятсыз», «ұлылырдың жағасына жармасқан» деп кінәлауы Әкім бейнесіне мүлде жанаспайды. Тек өзгенің еңбегін иемденіп, өзіне ғана жол ашатын адам болса, оның қаламынан мөлдір сезім мен тазалыққа толы жыр жолдары туындар ма еді?! Сол адам жанынын қатпарлы иірімдерін, сыр, бүккен сәттерін шебер суреттейтін қара сөздері дүниеге келер ме еді? Жазған шығармалары жастар жүрегіне жай тауып, шәкірттеріміз жастана жатып оқып, шабыттана жырлар ма еді, Бердалы мырза?
Жеке бастың өкпе-назын саяси мәселе, әлеуметтік оқиғаға айналдырғаныңыз қазіргі сәнге айналған «PR» жинау емес пе? Қазактың екі баласы талантты тума болса, бірін-бірі күндемей, біріне бір тас атпай, бірін-бірі қолдап, кейінгіге сара жол, салиқалы ой қалдырса, ел тілегінің орындалғаны емес пе?!
Қашанда жақсылықгың жаршысы, жас ұрпақгың жанашыры болып жүрер біз — ұстаздар қауымы жерлесіміз Әкімді қаралап, даттауға қосылмайтынымызды білдіреміз.
Абай атындағы жалпы орта мектебінің бір топ мүғалімдері:

«Уақыттың» шолушысы.