ИЛЯЕВ КӨШЕСІНДЕ ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

131
0

Қаладағы Ғ.Иляев көшесі – көлік ағынының қарқындылығына байланысты магистралды көшелердің бірі саналады. Ғ.Иляев көшесінде, қазіргі уақытта Сасбұқаев көшесінен Бейбітшілік көшесіне дейінгі аралықта, жалпы ұзындығы 2,7 шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаға сәйкес, аумаққа асфальт-бетон қабатын фрезалау, тегістеу және қиыршық тас төсеу қаралған.
Сонымен қатар, көше бойында ені 2 метрлік жаяу жүргінші жолы және Қонаев даңғылынан Бейбітшілік көшесіне дейін 1,5 метрлік веложол салу жоспарланған.

Ғ.Иляев көшесінің құрылыс жұмыстары «Корпорация Береке – А» ЖШС тарапынан атқарылуда. Техникалық қадағалаушы – «Tech Build» ЖШС.

Аталған жұмыстар жүзеге асса, орталық көшелердің бірі саналатын ірі көшенің сапасы артып, көлік қатынасының жақсаруына өз септігін тигізбек. Айта кету керек, биыл үшінші мегаполистен шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың жол құрылысына айрықша назар аударылады. Былтыр қала орталығындағы көшелерді жөндеу жұмыстарына айрықша көңіл бөлінген еді. Ал құрылыс сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі ұдайы бақылап, ескертпелерін айтып келеді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қала орталығындағы ірі көшелердегі көлік ағынын азайту мақсатында жолдар кеңейіп жатыр. Ірі жол қиылыстарында жолайрықтар салынуда. Мұның өзі қаз-қатар қаңтарылып тұратын қалың көліктің қатарын сиретіп, кептеліс мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беріп жатыр. Жалпы қаладағы жол сапасы соңғы жылдары арта түсті. Бұрындары шұрық тесік болып жататын жолдардың мәселесі шешіліп келе жатыр. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек. Құрылысқа бюджеттен қыруар қаржы бөлінгендіктен, қала әкімінің өзі атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалардың сапасын қатаң бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.