ЖАСТАР КӨКЕЙДЕГІ САУАЛДАРЫНА ЖАУАП АЛДЫ

Қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі – білікті кадрлар мен еңбекқор жастар. Технологиялық даму мен өндірістік саланың жаңғыруы жаңа көзқарас пен кәсіби дайындықты талап етеді. Осы тұрғыда «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, жас мамандарды қолдауға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған «Жұмысшы жастар аманаты» жобасын іске асырып отыр. Бұл бастама қоғамдағы еңбек мәдениетін қалыптастырып, жастардың кәсіптік білімге деген қызығушылығын арттыруға жол ашады.
Аталған жобаның негізгі мақсаты – жастарды нақты еңбек нарығына бейімдеу, сұранысқа ие мамандықтарға тарту және жұмысшы еңбегінің мәртебесін көтеру. Осы мақсатта Шымкент қаласы, Қаратау ауданында «AMANAT» партиясының аудандық филиалы «Шаңырақ» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесу ұйымдастырды. Кездесуге мәслихат депутаты, фракция жетекшісінің орынбасары Талғат Балтабаев пен партия филиалының атқарушы хатшысы Данияр Омаров қатысты. Бұл жиын еңбекке баулу мен кәсіби бағыт-бағдар беру саласында маңызды пікір алмасу алаңына айналды. Кездесу барысында Данияр Омаров жобаның мазмұны мен мақсаттарын түсіндіріп, қазіргі еңбек нарығындағы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. Оның айтуынша, елімізде техникалық және қызмет көрсету саласындағы мамандарға сұраныс жылдан жылға артып келеді. Сондықтан жастардың назарын осы бағыттарға бұрып, олардың кәсіби қабілеттерін дамыту – бүгінгі күннің басты міндеті. Данияр Әжібекұлы жастарға еңбектің қадірін түсіндіріп, өз ісінің шебері болу әр адамға абырой әкелетінін атап өтті. Ал мәслихат депутаты Талғат Балтабаев өз сөзінде кәсіби білім мен тәжірибе жастардың табысты болашағына жол ашатынын ерекше айтты. Ол сонымен қатар «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бастамалардың орындалу барысына тоқталып, партияның жастарды еңбекпен қамту және кәсіптік білім беруді жетілдіру бағытында атқарып жатқан нақты жұмыстарына тоқталды. Оның пікірінше, «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы тек жастарға ғана емес, ел экономикасына да серпін беретін бастама болмақ. Себебі елдің дамуы еңбекқор, өз ісіне адал азаматтарға тікелей байланысты.
Кездесуге қатысқан сала мамандары да жобаның өзектілігін атап өтті. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда өндіріс пен қызмет көрсету саласында кадр тапшылығы сезілуде. Сол себепті жастардың осы бағыттарға қызығушылығын арттыру, заманауи кәсіптік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыру маңызды. Бұл тұрғыда партияның бастамасы еңбек әлеуетін арттыруға, әрі жас буынды нақты өмірлік дағдыларға үйретуге бағытталған тиімді құрал болып табылады. Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін арттыру бойынша ұсыныстар білдірді. Сондай-ақ жастарды кәсіптік бағдарлау, дуальды оқыту жүйесін жетілдіру және оқу орындарының өндіріс орындарымен байланысын нығайту мәселелері талқыланды. Бұл бағыттағы ынтымақтастық жастардың оқу барысында тәжірибе жинақтап, оқуын тәмамдаған соң тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. «AMANAT» партиясының «Жұмысшы жастар аманаты» жобасы – еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталған нақты қадам. Ол арқылы жастар өз әлеуетін ашып, елдің экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл бастама еліміздегі кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің жаңғыруына және заманауи талаптарға бейімделуіне ықпал етеді.



