ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫ ЖАЛҒАСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН АРАЛАДЫ

161
0

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Д.Қонаев даңғылы жалғасы құрылысының 2 және 3 кезеңі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Орындалған әрбір жұмысқа зертханалық сынақтамалар жүргізіліп, сапасы тексерілуін тапсырды.

Сондай ақ, Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша инженерлік желілерді орнын ауыстыру, мемлекет мұқтажына алынған үйлерді сүру жұмыстарымен қатар ұзындығы 0,561 шақырымды құрайтын үшінші кезеңі бойынша қазіргі уақытта жол мен аяқ жолдардың негізін әзірлеу, абаттандыру және жер үсті жаяу жүргінші өткелін жасау жұмыстары атқарылуда.

Айта кету керек, биыл үшінші мегаполистен шалғайда жатқан елді мекендер мен шағынаудандардың жол құрылысына айрықша назар аударылады. Былтыр қала орталығындағы көшелерді жөндеу жұмыстарына айрықша көңіл бөлінген еді. Ал құрылыс сапасын қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі ұдайы бақылап, ескертпелерін айтып келеді.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы қала орталығындағы ірі көшелердегі көлік ағынын азайту мақсатында жолдар кеңейіп жатыр. Ірі жол қиылыстарында жолайрықтар салынуда. Мұның өзі қаз-қатар қаңтарылып тұратын қалың көліктің қатарын сиретіп, кептеліс мәселесінің шешілуіне мүмкіндік беріп жатыр. Жалпы қаладағы жол сапасы соңғы жылдары арта түсті. Бұрындары шұрық тесік болып жататын жолдардың мәселесі шешіліп келе жатыр. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғаса бермек. Құрылысқа бюджеттен қыруар қаржы бөлінгендіктен, қала әкімінің өзі атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалардың сапасын қатаң бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Нәтижесі де көпке белгілі. Бірқатар түйткілді мәселелер шешімін тапты. Жоспарға сай жұмыстар әрі қарай да жалғаса береді. Сапа мәселесі де назардан тыс қалмақ емес.