ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

58
0

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Осының негізінде жер-жерде спортты дамыту ісіне айрықша назар аударыла бастады. Нәтиже де жоқ емес.  Жуырда шымкенттік мергендер Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов нысана көздеуден әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды.

Қазір Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысып жатыр. Ересектер арасындағы «trap/mix» аралас жаттығуының ақтық сынағында шымкенттік спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мария Дмитриенко 2016 жылы Бразилиядағы XXXI-жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы.

Қазақстан құрама командасы мылтық, тапанша, трап, скит, командалық және аралас жаттығулар бойынша өз шеберліктерін көрсетуде. Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды бастама. Өйткені онда рейтингті көтеру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын. Оның ішін шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков да бар.

Шымкенттік спортшылардың жетістігі — елдің жемісі. Салада атқарылған игі бастамалардың нәтижесі. Соңғы уақытта еліміздің өрендері спорттан әлемдік деңгейде өтетін додаларда оза шауып, жеңіс тұғырынан көрініп келе жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады. Елдің мерейі үстем, жеңісті жолы ұзақ болсын!