ШЫМКЕНТТЕ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР БАСТАЛДЫ

156
0

Шымкентте қазақ күресінен «Шымкент қаласы әкімінің кубогына» арналған республикалық турнир басталды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазақ күресінің даму тарихы қазақ халқының тамыры тереңнен тартылатын тарихымен тұтасып жатыр. Түрлі бас қосулар мен мереке тойлар спорттың осы түрінің сайысынсыз өткен емес. Міне, бүгін Шым шаһарда қазақ күресінен Шымкент қаласы әкімінің кубогына арналған Републикалық турнир басталды. Оған еліміздің әр аймағынан 200-ге жуық жас балуан қатысуда. Қазақ күресінен ең ірі жарыс алғаш рет 1938 жылы өткізілген. Содан бері республика аумағында дәстүрлі түрде тұрақты өткізіліп келе жатқан сайыс Шымкентте де ұйымдастырылып отыр.
Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов турнирде сөз алып, Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды балуан бабалардан үлгі алған жастарға “Күреспен қатар білім алуға, ғылым үйренуге де шақырамын, шын батырдың күші білегінде емес – жүрегінде, жаман мінезінде емес – мейірімділігінде”-деді.

Естеріңізде болса, бұған дейін Шымкентте «Қала күніне» орай қазақша күрестен «Шымкент барысы» турнирі өткен болатын. Турнир жеңімпазы Ерсұлтан Мұзаппаров атанса, 2-орын Нұрсат Темірханға бұйырды, 3-орын иегері Нұрсұлтан Қожагелді атанды. Қазақ күресі Федерациясы тарапынан Ерсұлтан Мұзаппаровқа автокөлік сыйлыққа  берілсе, Нұрсат Темірханға қаржылай 350 000  тенге, ал Нұрсұлтан Қожагелдіге қаржылай 150 000 теңге сыйлық табысталған болатын.

Айта кету керек, бүгінгі таңда статистикалық есеп бойынша қалада дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 402 544 мың адамға жеткен. Бұл  барлық жастағы халықтың спортпен қамтылуы 36,2 % екенін көрсетеді. Шымкентте әр түрлі жас ерекшеліктері арасында спорт түрлері бойынша 29 қала чемпионаттары өткізілді. Өткізілген чемпионаттарға барлығы 4350 спортшы қатысты. Қаламызда спорт түрлерінен 29 Қазақстан Республикасының чемпионаттары және 9 республикалық жарыстар өтті. Аталған іс-шараларға Қазақстанның барлық өңірлерінен 13800-ге жуық спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетіп отыр.