ҚОҒАМНЫҢ БАРЛЫҚ САЛАСЫ ҚАТАР ДАМЫП КЕЛЕДІ

107
0

Қаратау ауданында атқарылып жатқан шаруа көп. Қоғамның барлық саласы қатар дамып келе жатыр. Жекелей тоқталсақ… 

Инженерлік инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші қандай?

Қаратау ауданында жоспар бойынша 2023 жылы ауыз сумен қамту 100 пайызға жетеді. Осы мақсатта биыл Нұртас су жинақтағыш магистралды құбырының құрылысы аяқталады. Ал Қайнарбұлақ және Асар-2 елді мекенінде құрылыс жүргізіліп, келер жылы пайдалануға беріледі. Достық пен Асар-2 тұрғындары сапалы электр желісіне қол жеткізеді. Тассай шағын ауданында құрылыс жұмыстары осы жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Нәтижесінде биыл ауданды электрмен қамту 97 пайызды құрамақ.

Көгілдір отынға келсек, биыл қамту көрсеткіші 90 пайызға жетеді. Бұл мақсатта Тұран, Тассай, Нұртас, Қайнарбұлақ, Асар-2 елді мекендерінде құрылыс жұмыстары басталады. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі. Мирас, Ақжайық, Тұран ішкі магистралы, Асар-2, Тассай, Достық елді мекендерінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.  Асар-2, Тассай, Достықта жұмыстар алдағы жылы аяқталады. Ал жарықтандыру жұмыстары ағымдағы жылы 39 көшеге жүргізілмек. Осылайша тұрғындардың толғақты мәселесіне айналған инженерлік инфрақұрылым кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр.

1 жылда «халық қатысатын бюджет» үлесі 10 есе артқан

Жыл басынан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша үшінші мегаполисте бірқатар жұмыстар атқарылды. Оның ішінде Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ.

Айта кетсек, жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады. Күні бүгінге дейін бірнеше аулалар аталған жоба аясында абаттандырылып, өзге де нысандар жөндеу жұмыстарынан өтті. Халық тарапынан да белсенділік жоғары. Тиісті ұсыныстар дер кезінде қаралып, қажет шаралар да жедел қолға алынуда.

Жауын-шашыннан келетін қауіптің алдын алу назардан тыс қалмаған

Шымкентте күзгі жауын-шашын кезінде ирригациялық арықтардың толып қалуының алдын алу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, ирригациялық арықтар орнатылу қажет жерлер зерделеніп, анықталған.  Биыл Қаратау ауданында жауын-шашын салдарынан болатын су көлдеудің алдын алу мақсатында ұзындығы 13,7 шақырымды құрайтын 22 мекенжайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланған.

Бүгінгі таңда 12 орынға мердігер мекеме анықталды. Келісімшарт құжаттамалары әзірленуде. Қалған мекен жайларға мердігер мекеме анықталуда. Жалпы Қаратау ауданында ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған шаруа көп. Өңірдегі өзекті мәселелер жоспарға сәйкес шешімін тауып келе жатыр. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде де өсім байқалады. Жолдардың сапасы жақсарып, инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары қарқын алған. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.