АПАТТЫ АЙМАҚҚА АҚША БӨЛIНДI

391
0

Биылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен Ордабасы ауданының тұрғындарына мемлекет тарапынан өтемақы берiлетiн болды. Мемлекеттiң бюджетiнен бұл мақсатқа 713 миллион теңге бөлiндi.

Табиғат апатынан 400-ге тарта тұрғын үй зардап шексе, 6 баспана жермен-жексен болған. 90 үй апатты жағдайда. Жол, көпiрлер бүлiнiп, дүние-мүлiк, мал шығыны көп-ақ. Бiрнеше айдан берi далада қалып, ыстық күнде күрке мен шатырларда күнелтiп келген қаншама отбасы кешегi күнге дейiн екiұдай сезiмде болып, алдағы күндерiне алаңдап келгенi анық едi. Мемлекеттен қаржы бөлгенiн естiген олардың қуаныштарында шек болмады. Қираған және апатты жағдайдағы үйлердi қайта салуға үкiметтен 300 миллион теңге, облыстағы қоғамдық қорға түскен қаржы есебiнен 184 отбасыға 106 миллион теңге, дүние-мүлiк үшiн 8 миллион теңге қаралатын болды. Бүлiнген жол, көпiрлердi жөндеуге де қаржы бөлiнсе, ауыл iргесiндегi апатқа себепкер Найман арығын бетонмен бекiтуге 388 миллион теңге берiлмек. Құрылыс жұмыстары бiрер күнде басталатын көрiнедi. Бiздiң айтпағымыз, мемлекеттен бөлiнiп отырған мол қаржы ұстағанның қолында кетпей, тиiстi мақсатқа жұмсалғаны жөн болар едi.