МАЛ САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Бүгінде базарларда малды ретсіз, қадағалаусыз сатылып жатқаны турасында сын көбейіп барады. Осы орайда, Еңбекші ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 16 тамыз күні Еңбекші ауданы, Базарқақпа тұрғын алабы Абдулабад көшесі №56 мекенжайында орналасқан «Басымбек ата Сайрам» мал базарының жұмысына зерделеу-түсіндіру жүргізу мақсатында арнайы жиын өтті.
Оған құзырлы басқармалардың және аумақтық инспекциялардың өкілдері қатысты. Қазіргі таңда аптаның әр жұма күні бұл базарда мал ретсіз, қадағалаусыз сатылып жатыр. Сонымен қатар ветеринариялық-санитарлық талаптарға қайшы және жердің нысаналық мақсатына сай емес пайдалануда. Бұл өз кезегінде аумақта эпизотиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге кері әсер етіп, адам өмірі мен қоршаған ортаға аса қауіпті аурулардың пайда болуына алып келуі мүмкін. Бұл жағдайға жол бермеу мақсатында, мал саудасына тыйым салу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы елімізде, оның ішінде қаламызда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында қыруар шаруа қолға алынып келе жатыр. Аталған саланы дамыту – заман талабы. Әйтсе де белгіленген заңнан аттап, талапқа томпақ келетін әрекеттерден аулақ болған жөн. Оның салдары ауыр зардаптарға әкелетінін ұмытпаған жөн.