БІЛІМ ОРДАЛАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН БА?

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Жақын арада жазғы демалысқа шыққан балалар қолына бір шоқ гүлін алып, алтын ұя мектебіне ағылады. Ал қаламыздағы білім ордалары жаңа оқу жылына дайын ба? Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан мекемелердің қазіргі күйі қандай? Құрылыс жұмыстары аяқталды ма? Тарқатайық…

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Шымкент қаласында ескі мектептердің күрделі жөндеуден өтіп жатқанын жазған едік. Солардың бірі — А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы. Осы орайда, құрылыс жұмыстарын көруге арнайы барған шаһар басшысы жауапты тұлғаларға тапсырылған істің сапалы орындалуын тапсырды. Қазіргі таңда А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының ішкі бөлмелері сыланып, есік, терезе, электр жүйелері жаңартылуда. Алғашқы әскери дайындық, робототехника, биология, химия, физика кабинеттері де заман талабына сай жабдықталды. Қосымша су жаңа 500 ноутбук, 150 компьютер, 100 планшет сатып алынды.

Ғимаратты аралау барысында шаһар басшысы жұмыстың жүйелі түрде атқарылып жатқанына көз жеткізді. «Құрылысты мерзімінде тапсыруға асығамыз деп, сапаны естен шығармайық» деген қала әкімі тиісті сала басшыларына құрылыс қарқынын жіті бақылауды тапсырды. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстарының 65%-ы біткен. Ендігі кезекте «отмостка» құю, сыртқы қоршауды салу, көгалдандыру сынды шаруалар атқарылуы тиіс.

Бұдан бөлек, шаһар басшысы бүгін күрделі жөндеуден өтіп жатқан А.Навои атындағы №11 жалпы орта мектебіне барды. Аталған білім ошағы осы кезге дейін күрделі жөндеу көрмеген. Биыл шатырынан бастап, есік, терезе, еденіне дейін толық жаңартылды. Жылу жүйелері 100%-ға ауыстырылып, жаңа қоршау салынды. Сонымен қатар химия, физика, биология, информатика және өзге де зерттеу-лабороториялық кабинеттері қосылды. Материалдық-техникалық базаның 250 ноутбук, 100 компьютер, 10 панельмен толыққанын да айта кету керек.

Өз сөзінде қала басшысы «Мұның барлығы үлкен жұмыс және жауапкершілік. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар жаңа ғимаратқа көшкендей әсерде болады деп ойлаймын. Қандай да ақау шықса, жауапты мердігер мекеме жіберген қателіктерін 5 жыл ішінде қайта түзеп беруі тиіс. Осы жағын дұрыстап қадағалаңыздар» деді. Дәл қазіргі уақытта жұмыстың 85 пайызы орындалған. Қыркүйек айына дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталады.

Қала әкімі табан тіреген мектептердің қатарында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Сайрам тұрғын алабындағы Ю. Сареми атындағы №107 мектеп-лицейі де бар. 2000 орынға арналған мектеп 3 қабаттан тұрады. Бұл білім ошағының жылу жүйесі 11 жыл бұрын ауыстырылса, шатыры мен бірнеше есік-терезесінің қойылғанына 8 жыл болған. Биыл ғимараттың тозығы жеткен тұстары бүтінделіп, шатырының 955 м2 аумағы ауысты, электр жүйелері 100%-ға жаңарды. Информатика, физика, химия, биология, логопед кабинеттері заман талабына сай жаңғырып, 2 интерактивті тақта, 350 ноутбук, 130 компьютер, 200 планшет, 8 панель сатып алынды.

Ғимаратты аралау барысында шаһар басшысы бірнеше кемшіліктерді аңғарып, ескертулер де жасады. «Тексеруші топпен істің 100% сапалы орындалуын келіп, қайта көретін боламыз» деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Барлық кемшіліктер жойылғаннан кейін мектеп оқушыларға есігін айқара ашпкақ. Қазіргі уақыттағы мектептің жаңа оқу жылына дайындығы 90 пайызды құрайды. Мектепте аяқжолдар төселіп, асфальттау жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айта кетейік.

Жалпы мемлекет басшысы білім беру жүйесіндегі орын тапшылығын жою мақсатында елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды міндеттеген. Оның оннан бір үлесі Шымкентке тиесілі. 2022 жылы үшінші мегаполисте 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылында 11 703 орындықты 24 мектеп пайдалануға беріледі. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке дейін, ыңғайластырылған мектеп саны 4-ден 3-ке дейін азаяды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешіледі.