Ұлттық спортымыздың «авторитеті» қашан өседі?

612
0

Қазақ аты  бар жерде қазақша күрес қатар жүретіні анық. Одан бөлек, көкпар, атжарыс, тоғызқұмалақтарымыз тағы бар. Ал, бұлардың бүгінгі дамуы «соқырға таяқ ұстатқандай»  тоқыраудың сәл алдында тұр.  Ұлттық спорт түріне қызығушылық танытып, ниет бұрған жастарымыз жоқ емес, көп. Ендеше, бізге не кедергі?

Ең алдымен, қазақша күрестен бастайық. Қазақ спортына қызығатын кім, ол әрине, ауыл балалары. Ұлттық спорттың мәртебесін көтеру үшін спорт мектептерін қаладан емес, ауылдан ашу керек. Өте өкінішті, ауылдық жерлерде спорт мектептері болған емес, болса да баяғыда-ақ жабылып қалған. Спорт зал болса да, онда арнайы кілемдер жоқ. Облыстағы ең танымал балуандар кіндік кескен Тайпақтың өзінде де спорт жайында айтам деген ауызға дым қалмапты. Бағы бақаның бақытындай болып, дәурені өткен  ауылда  қара топырақ шаңнан басқа көрер көзге ештеңе жоқ. Өзге ауылдардың күйі де осыған ұқсас. Сол себепті де ауылда қазақша күрестің дамуы тұралап қалған. Қалада спорт мектептері көп болғанымен, онда қазақша күрес түрі өте аз. Жеңілдің астымен жүруге үйренген, сәл нәрсеге шыдамсыздық танытатын қаланың баласы қажырлықты талап ететін қазақ күресін неғылсын?
Солай дейміз-ау, жапондардың сумо, көршілес орыс ағайындардың самбо, грузиндердің чидаоасының қазақ күресінен қай жері артық, несі мықты. Түк те айырмашылығы жоқ. Бірақ, олар күллі әлемге танымал! Олардың миллиондаған жанкүйері бар. Ресми дүниеге келгеніне небәрі 70 жылдан сәл асқанмен, жер шарының 70 елі самбомен айналысады. Тайландтық тай боксының  атағы шартарапты шарлап жүр. Ғасырдан жаңа ғана асқан даттықтардың гандболы Олимпиадалық спорт түрінің төріне жайғасты. Жалғыз американдық футболдың өзі әлемді аузына қаратып, миллиондаған фанаттың бәсіне айналғанын аңыз етіп айтуға болады. Самурайлардың сумосы дүние жүзінің  87 елін мойындатыпты, ол аз десең, 1998 жылы әлемде әйелдерің сумо күресі пайда болды. Қалай сонда? Солай! Оған қарапайым ғана мысал, бір Олимпиадада  грузин балуаны жеңіске жетеді. Одан жеңіске қалай жеттіңіз деп сұрағанда ол «чидаоа жеңді» деп, өзін емес, ұлттық күресін жоғары қойған. Ал,  жапондарда «кимономен тудық, кимономен өлеміз» дейтін сөз бар. Сол арқылы олар өздерінің ұлттық рухының биіктігін көрсетеді. Қазір қай дүкенге барсаңыз да кимоно қаптап тұр. Ал бізде ше,  қазақша күрес киімі түгілі, ұлттық спорт киімдеріміз жоқ. Кезінде қазақша күрестің ережесі бір жүйеге түспей тұрғанда арнайы күресетін киімдер болмағанда, балуандарды самбоның, дзюдоның киімдерін кигізе салып күрестіретін. Атойлап жүріп өткізген жарыстардағы залдан қазақ күресінің жанашырларын саусақпен санап аламыз.  Бүгінде қыр баласы көкейді тескен темір тұлпар мен ақша үшін ғана бағын сынайтын болды, ал, оның білтесі біткен шамдай ертеңгі күні жалғасы жоқ. Дұрыс, дәрмені соған жетсе кінәсі не?  Бұдан қазақ күресі «авторитетінің» қай шамада екеніне ойланбай-ақ, бас шұлғи саласыз.  Біздегі өлі рухтың  жеткізген жері осы!
Жоғарғы жалақы, баспана мәселесі бүгінде әрбір үшінші спортшының бағын байлауда. Мықты деген жігіттеріміздің өзге салаға бет бұруына да осы түйткіл түрткі болуда. Арасында спортқа нағыз берілген бірлі-екісі ғана қалады. Бұл әсіресе, қазақша күресті дамытам дейтін балуандар мен бапкерлерді ғана мазалайтындығы ащы да болсын шындық! Бақсақ басқа екен демекші, қазақ күресінің  бағын байлаған бар «кінәсі» оның олимпиадалық спорт түріне жатпайтындығында!
Ат спорты ше? Оның ішінде көкпарымыздың жағдайы нешік?  Бізде, ол да ұмыт қалудың алдында, есеңгіреп есін жия алмай тұр.  Неге дейсіз ғой, оңтүстікте аптасына бірнеше рет көкпар ұйымдастырылады. Жүрегі мен жалыны бар кәсіпкер азаматтардан көкпардың жеке демеушілері де табылыпты. Яғни, бұл іс қазіргі тілмен жеткізсек осы өңірде «азартқа» айналған. Ұлттық арнадан көрсетілетін «Көкпар» ойынына да қатысатын командалардың басым көпшілігі оңтүстіктен екеніне дау жоқ. Еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін көкпар десе көңілдері алып-ұшады.  Беу, ағайын, жақсы бастамаға қалай қуанбасқа!  Осы дағды қазақ елінің әр облысында дәстүрге айналса «тар қапастан» құтылатын күнімізге болжам жасауға болар еді. Қайдам, артынан қуанышымыз су сепкендей басылғанда бармағымызды бір-ақ тістейтін әдетіміз бар емес пе?!
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, қай жылы өткенін біле алмадым, теледидардағы сюжеттің үзіндісі болуы керек, интернетті аралап отырсам мынадай масқараға тап болдым: «Бүгін облыс көкпаршылары көкпардан жабық облыс біріншілігін өткізді. Көкпар маусымының жабылуы деген тағы бір атауға ие болған жарысқа тек бір ғана команда қатысты. Бұған өңірімізде лайықты қарсыластың табылмауы себеп болыпты. Қарсыз қыста қарсыластың жоқтығынан амалсыз өзімізбен-өзіміз сайысып жатырмыз. Көкпар тарту өңірімізде тек соңғы жылдары ғана жанданып келеді. Алайда, бұл көрсеткіш — жетістік емес. Сондықтан, Оралды оңтүстікпен салыстыруға болмайды. Өйткені, бұл аймақтың қазағы түгілі, орысы мен немісі де аттың құлағында ойнайды. Күзде өткен ел чемпионатында өнер көрсеткен өзге өңір шабандоздарының жеңісі — осы сөзімізге дәлел. Ал бұл — көкпардың Батыс Қазақстанда қанша уақытқа кенжелеп қалғанының белгісі…»
Тұла бойыңды шымырлатар осындай осалды жәйттен кейін қуанып көр! Әншейінде, өр рухты батырларымыздың аруағы қонған мекен деп  мақтанғанда жарғақ құлағы жастыққа тимейтін батыс өлкесінде де ат спорты түрлерін дамыту ісі тұйыққа тірелгені жаныңа батады. Осының барлығын құлаққа жеткізіп, ұйқыны ашатын намыстың “қызыл қоразы” қайда жүр?! Ұлттық спорттың бұл түрлеріне қарағанда, тоғызқұмалақтың жағдайын “соқырдан гөрі қылилау” десек болады. Ең құрығанда, ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер мектебі болса екен дейсің.
Министрліктің ұлттық спортқа деген немқұрайлы көзқарасы мен жамбасты қисайтқан қаржы дағдарысы  осы істің басы-қасында жүрген азаматтардың еңбегінің еленбей қалуына басты себеп. Тіпті, шетел түгіл, республикалық ұлттық ойындардың жарысы ұйымдастырыла қалса, соған баратын қаражат таба алмай дал болады. Қуатты материалдық база болмай кез-келген істі жандандыру мүмкін еместігі қазір ешқандай дәлелдеуді, артық сөзді қажет етпейді. Жарайды, футбол да, бокс та, грек-рим күресі де, басқасы да дамысын, оған дау жоқ. Біз, қазақ спортын әлемдік деңгейге шығармақшымыз дейміз. Ұлтымызды ұлт ретінде ұлықтау үшін  ұлттық спортқа деген намысымыз нөмірі бірінші кезекте болуға тиіс! Әйтпесе, өз сорпамызда өзіміз қайнап жатқанда әлем бізді неғылсын!

Ләззат Шағатай, Орал.