ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР КӨК ТУДЫ КӨКТЕ ЖЕЛБІРЕТІП КЕЛЕДІ
Спорт – елдің атын әлемдік деңгейде танытатын бірден-бір сала. Аталған саланың әлеуетінің артуы мемлекеттің жаһан алдындағы имиджінің жақсаруына тікелей әсер етеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында қолға алынған шаруа қыруар. Бүгінде қала аумағындағы түрлі спорт нысандары күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар материалдық-техникалық база да жақсара түскен. Мұның нәтижесін спортшыларымыз түрлі деңгейде өтетін шараларда көрсетіп келеді.
Нақты сандарды сөйлетер болсақ, 2022 жылдың 9 айында спортшыларымыз түрлі спорт түрлері бойынша жалпы 1629 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 491 алтын, 454 күміс, 470 қола медаль алып, Азия чемпионаттарында 59 алтын, 34 күміс және 52 қолаға қол жеткізсе, осы уақыт арасында Әлем чемпионаттарында 31 алтын, 20 күміс және 18 қола медальға ие болды. Сонымен қатар 2022 жылғы 1-15 мамыр күндері Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен ХХIV Сурдлимпиада ойындарында еркін күрестен 2 орынды иеленген 70 кг салмақтағы Рсалы Сабыржанға қала әкімі 2 бөлмелі пәтер кілтін табыстады. Бұдан бөлек, биылғы жылдың 12-23 мамыр күндері аралығында Францияның Нормандия қаласында өткен Дүниежүзілік гимназияда ойындарына 11 спорт түрінен 23 спортшымыз қатысып, нәтижесінде қаламыздың қоржынына 5 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль әкелді. Ал 13-15 мамыр күндері Испанияның Мальграт-де-Мар қаласында өткен Еуропа чемпионаттарына комбат дзю-дзюцудан 2 спорт түрінен 10 спортшымыз қатысып, нәтижесінде 9 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль жеңіп алса, АҚШ-тың Бирмингем қаласында өткен XI Дүниежүзілік ойындарына 3 спортшы қатысып, Берульцева Софья каратэден 1-орынды жеңіп алса, құзға өрмелеуден Улжабаева Тамара мен каратэден Дархан Асадиловтар 7-ші орынды иеленді. Түркияның Конья қаласында өткен V Ислам ынтымақтастық ойындарына қаламыздан 12 спортшы қатысып, нәтижесінде спортшыларымыз 5 алтын, 4 қола медаль жеңіп алған. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жалпы 34 спорттық ұйым жұмыс істейді. Оның 29-ы мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі болса, 5-і мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жұмысын жүргізуде. Аталған спорт мекемелерінде 17 944 спортшымен штаттағы 925 жаттықтырушы оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде. Осы мекемелерде спорттың 71 түрі дамытылады. Оның ішінде, 38 олимпиадалық, 24 олимпиадалық емес және 9 ұлттық спорт түрлері бар. Қорыта айтқанда, салада серпіліс байқалады. Шымкенттің өрендердің алдағы уақытта бағындырар белестері көп. Бұл – анық.