ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ МАҢЫЗДЫ ЖИЫН ӨТТІ

268
0
Шымкент қалалық «Азаматтық ресурс орталығына» шаһардағы үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар және белсенді жастар жиналды. Негізгі тақырып – күні кеше жарияланған Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы болды. Оның ішінде дәл осы азаматтық қоғамның рөлі мен халықтың белсенділігін арттыруды сөз етті.
Басқосуда Шымкент қаласы бойынша Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Жұмағали Білісбеков, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің ректоры Гүлжан Сүгірбаева, «Қазақстан Әйелдері күштері Альянсы» қауымдастығының қаладағы филиалы жетекшісі Жаннета Жазықбаева өз ойын ортаға салды.
Ең алғаш сөз алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің проректоры, доцент Сәкен Мәжінбеков биылғы жолдауда әлеуметтік-экономикалық дамудың өзекті мәселелері көтерілгенін атап өтті.
– Айналамызда геосаяси мәселелерді көріп отырмыз. Оның салдары экономикамызға кері әсерін тигізуде. Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде инфляция 19 пайызға жеткен. Өзекті мәселені шешу үшін ең төменгі еңбекақы 60 мың теңгеден 70 мыңға көтерілетін болды. Әрине, инфляцияны жеңе алмасақ та, оған қарсы қолданылған шараның бірі, -деді ол.
С.Мәжінбековтың сөзінше, жергілікті бастару және халықпен жұмыс істеу жолында үкіметтік емес ұйымдар белсенділік танытуы қажет.
–Өзін-өзі басқаруда шешілетін көптеген тетіктер бар. Атап айтқанда, жол мәселесі, ауыз сумен қамту барысы, электр энергиясын жеткізу жүйелері барлығына бюджеттен қаржы бөлінеді. Иә, бізде қоғамдық кеңес пен қала мәслихатының депутаттары бар. Әйтсе де, халық арасында үкіметтік емес ұйымдар да мәселелердің шешілуіне атсалысып, бақылау функцияларымен бірге инновациялық жобаларын ұсыну қажет. Сонда жергілікті атқарушы биліктің жүктемесі азаяр ма еді. Халыққа жайлы ортаны қалыптастыруға тек әкімдік қана емес, үкіметтік емес ұйымдар да жұмылса, көзделген межеге жетер едік, -дейді Сәкен Мәжінбеков.
Жолдауда айтылған тапсырмалар нақты және айқын. Оны тиімді жүзеге асыруды бірлесе атқару тетігін жасау керек. Осыған қатысты әр тарап өз ұсыныстарын жеткізді.