ЖАҢАТАЛАП САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛУДА

104
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданына қарасты Жаңаталап тұрғын алабында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылады. Былтыр елдімекеннің 6 мыңнан астам тұрғыны ауыз сумен қамтылған болатын. Ендігі кезек сапалы электр қуатында.
«Жаңаталап» подстанциясы құрылысының 90% аяқталған. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 42,2 шақырымға электр желілері тартылуда, аяқталу мерзімі — қазан айының соңына жоспарланған. Шаһар басшысы ауыл ақсақалдары мен қоғам белсенділеріне құрылыс жұмысымен қатар абоненттеу жұмыстарының жүргізілуіне жергілікті тұрғындарды жұмылдыру керектігін айтып өтті.
«Абоненттеу, ескі жүйені жаңа жүйеге қосуға да уақыт кетеді. Сондықтан құжаттарды қазірден бастап дайындауға кірісіңіздер. Ал жұмыстың мерзімінде және сапалы орындалуы біздің бақылауымызда» деді әкім. Бұдан бөлек биыл 2 көше, атап айтқанда 1,5 шақырымды құрайтын Жұманов және Айдарқұл көшелеріне жарық орнатылуда. Әзірге жұмыстың 20%-ы орындалды.

Жуырда Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту жұмыстанының толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталғанын жазған болатынбыз. Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды. Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды. Бұған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындарымыз 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсті.

Айта кетейік, биыл сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елдімекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады. Биылғы қамтылу көрсеткіші 98 пайызға болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.