БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

106
0

Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сәйкесінше, олардың білімі мен жан-жақтылығы ел көшінің көрікті болуына ықпал етпек. Осы тұста балаларға бүгіннен бастап жол көрсетіп, жөн сілтеу алдыңғы буынның басты міндеті екенін айта кету керек. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселенің бірі – мамандық таңдау. Еліміздегі маман тапшылығын жойсақ қана дамудың даңғыл жолына түсеріміз тағы белгілі. Осы орайда, Шымкентте қолға алынған «Болашаққа қадам» жобасы турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз…  

Үшінші мегаполисте қолға алынған «Болашаққа қадам» жобасы озық ойлы өскелең ұрпақтың пікіріне құлақ асатын, оның жүзеге асуын бірігіп ақылдасатын, мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар беруге бағытталған ашық алаңға айналды. Осыған орай, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Болашаққа қадам» жобасы аясында қаламыздағы бірнеше мектептің бітіруші сыныптағы оқушылары белгіленген кесте бойынша түрлі кәсіпорындарға экскурсия жасады. Ондағы негізгі мақсат – оқушыларға мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыт беру. Саналы түрде таңдалған мамандық жеке тұлғаның болашақ өмірі екендігін түсіндіру. Мамандық әлемі және олардың ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейту. Оқушылардың мамандықтарға деген қызығушылықтары мен бейімділіктерін анықтау. Мамандық таңдау мәселесін, жалпы өзіндік таңдау жасауға дайындықты күшейту болатын.

Мектеп оқушылары аталған жоба аясында «Әлем» БТ, «Назар» текстил, «SAGITEX» көпсалалы тігін фабрикаларында болды. Экскурсия кезінде кәсіпорындардың жұмыс барысымен, ондағы мамандармен жақынырақ танысып қайтты. Тәжірибелеріне қанық болып, сала мамандарының сөзін тыңдады. Алдағы уақыттарда да жастар орталығы жоба аясында оқушылармен мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді жалғастыра бермек. Өйткені болашақтағы кәсіби мақсатына дұрыс бағыт алған оқушы бойындағы қарым қабілетін шығармашылықпен дамыта білсе, сапалы маман ретінде қалыптасатыны бесенеден белгілі.