ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН КӨПҚАБАТТЫ 51 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕК

86
0
Шымкент қаласында биыл бюджет есебінен көпқабатты 51 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 31-і кредиттік, 20-сы арендалық үйлер. Қалалық құрылыс басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, осы үйлердің жалпы ауданы 239 300 шаршы метрді құрайды. Онда 2 972 пәтер бар.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда.
Сонымен қатар биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4 600 орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.
Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева тұрғындарды баспана мәселесіне қатысты қабылдау өткізді. Басқарма басшысы қабылдауда болған азаматтардың мұң-мұқтаждығын тыңдап, Заңға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған азаматтардың тұрғын үй кезегіне тіркелуге, тұрғын үйді жекешелендіруге, және жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысу арқылы баспаналы болудың бағыттарына қатысты сұрақтары тыңдалды. «Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұмыс атқаруға күш салуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаждар кезегінде 49 мыңнан аса азамат тіркелген. Бұл ретте азаматтарды баспанамен қамту мәселесі тек кезек реті арқылы ғана жүзеге асатындығын ерекше атап өтемін»,- деді басқарма басшысы Жанат Өмірсейітқызы. Жалпы биыл тұрғын үй кезегіндегі 748 отбасыны сатып алу құқығынсыз әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған болса, оның ішінде ағымдағы жылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша — 31, көпбалалы отбасылар – 86, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы бойынша – 95 отбасыға пәтер кілті табысталды. Қалған пәтерлер алдағы уақытта жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылатын болады. Бұдан бөлек биыл «Жастар» бағдарламасы бойынша 857 азамат сатып алу құқығынсыз пәтермен қамтылады. Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй кезегі арқылы азаматтарға арендалық баспаналар сатып алу құқығынсыз берілуде.