ШЫМКЕНТТЕ “ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ КҮНІНЕ” ОРАЙ АҚПАРАТТЫҚ ТУР ӨТУДЕ

149
0
Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров баспасөз мәслихатын өткізді. Ерлан Ермекұлы БАҚ өкілдеріне Халықаралық туризм күніне орай өтіп жатқан ақпараттық тур жайлы айтып, жергілікті туристік бизнес өкілдерін айтулы күнмен құттықтап өтті.
“Бүгін — Халықаралық туризм күні. Сол себепті, ақпараттық турымызды да осы күнге жоспарладық. Шет елдерден және Қазақстан қалаларынан жалпы саны 60-қа жуық қатысушы келген. Олардың қатарында туроператорлар, фотограф-видеографтар, travel-блогерлер мен журналистер бар. Біз бұл іс-шара арқылы Шымкентіміздің тарихын, мәдениеті мен туристік орындарын жан-жақты көрсетеміз. Қызығып, арнайы келіп жатқан туристерге алғыс білдіремін”, — деді Е. Қыдыров.
Айта кетерлігі, “Visit Shymkent” тарапынан ұйымдастырылған ақпараттық тур 3 күнге созылған. Шымкент пен қалаға жақын орналасқан туристік орындармен, мәдениеті және гастрономиясымен танысуға келген туроператорлар мен travel-блогерлер Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей, Өзбекстан мен Түркиядан келген. Сонымен қатар, туристік-ақпараттық орталықтардың өкілдері де төбе көрсетуде. Жалпы, тур аясында Цитадель, “Бәйдібек би” ескерткіші, А. Асқаров атындағы дендросаябақ, Зообақ, қолөнер орталықтары, “Бозжыра” ұлттық тағамдар рестораны және өзге де қаланың, қалаға жақын орналасқан туристік орындардың тарихымен танысу жоспарланған.

Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты — туризм саласындағы мамандардың қызмет көрсету сапасын жақсарту және білімін жетілдіру. Семинар тренингті бизнесті дамыту бойынша кеңесшілер, сату және брендті нарықта ілгерілету, топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар сертификатталған Түркия, БАӘ, Өзбекстан елінен келген шетелдік коуч мамандар мен жергілікті білікті практиктер жүргізді. Аталған мамандар экскурсия жетекшілеріне саладағы жаңа әдістер, өзге елдер практикасы мен гидтердің негізгі қасиеттері туралы айтса, қонақ үй әкімшілеріне менеджмент, нақты нәтижелерге қол жеткізу секілді ақпараттар берді. Соңғы уақытта осы секілді тәризмнің дамуына серпін берер бастамалар жиі көтеріліп, жүзеге асырылып келе жатқанын тілге тиек ете кету керек.