ЭКСПО-2017 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІНДЕ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ФОТО-КӨРМЕСІ ӨТТІ

214
0

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Оңтүстік Қазақстан облысының фото-көрмесі өтті.  Көрмеге қойылған 25 фото суретте  Қ.А.Яссауи және Арыстан баб, Қарашаш ана кесенелері, көне Отырар мен Сауран қалалары, Ақмешіт үңгірі, «Алаш» этно ауылы, этно-орталық бейнеленген. Экспозицияға күнгейдің тамаша табиғатының фотосуреттері де еніп отыр.

Фото-көрмеге ЭКСПО комиссарлары, комиссарлардың орынбасарлары, көрмелердің халықаралық бюросының делегаттары мен павильон директорлары, дипломатиялық өкілдік басшылары, халықаралық ірі компаниялардың иелері мен 100 елден келген қонақтар қатысты.

Оңтүстіктегі туризмнің дамуын жаңа сатыға көтеретін іс-шараға Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасы мұрындық болыпты.  Басқарманың идеясына Ontustik Tourism  және «Оңтүстік Қазақстан облысындағы туризм индустриясын дамыту орталығы» қолдау білдірген.

«Ең алдымен, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі әлемдік деңгейдегі ауқымды іс-шара екенін атап өту керек. Ал Сіздер таңдап алған «Болашақтың энергиясы» тақырыбы осы жарқын болашаққа жақындап, алға қадам басуға мүмкіндік береді. Мен ЭКСПО-2017 көрмесінен керемет әсер алып жүрмін. Қазақстан мені баурап алды. Осында келгелі бері бизнес-қауымдастықпен кездесіп, болашаққа жоспар құрдық. Қазақстанның Оңтүстігінде туристер қызығатын жер өте көп, тарихы бай, табиғаты тамаша. Сондықтан, Оңтүстікке саяхаттап баруды жоспарлап отырмын», — дейді  Үндістаннан келген «Ұлы Жібек жолы»  павильонының комиссары Лу Джи.

Айта кетейік,  Оңтүстік Қазақстан облысы осындай іс-шараны өткізген алғаш облыс. Бұл халықаралық дәрежедегі алаңшада ішкі және сыртқы бағыттағы туризмді дамытуға, шетелдік туристердің қызығушылығын тудыруға жақсы мүмкіндік.

«Мақсатымыз — Оңтүстік Қазақстанды бүкіл әлем қызығатын туристік өлке ретінде таныту. Бір белгілісі — Қазақстан мен Оңтүстік Қазақстан облысының бұл тұстағы әлеуеті өте кең. ЭКСПО-2017 көрмесі осы әлеуетті дамытуға көмектеседі деп сенеміз» дейді ұйымдастырушылар.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі