АҚЖАРЛЫҚТАР ЖОЛДАУҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

79
0
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы жер-жерде насихатталып, оның мәні айырықша екендігі түсіндірілуде.
Сондай кезекті насихат жұмысы Ақжар шағынауданы 122-жалпы орта мектебінде елді мекен тұрғындарына арналып, өткізілді. Кездесуде қалалық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан Жолдауда көтерілген негізгі бағыттар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тұрғындармен бірлесе талқыланды. Нақтырақ айтқанда, насихаттық топ жиын барысында тұрғындарды Жолдауда елімізді күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін іске асыруға бағытталған бағдарлардың мәнін түсіндірді. Сондай-ақ, насихатшы топ бұл міндеттерді жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жиылған қауым да Жолдаудың маңызына мән беріп, оның арқалайтын жүгінің де бір жылмен шектелмейтіндіктерін айтып, Президенттің қазақстандықтарға айтқан өмір сүру сапасын арттыру және ел ішіндегі тұрақтандыру идеяларын қолдайтындықтарын білдіріп тарқасты.

Бұған дейін Шымкент қаласының ардагерлері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында  айтылған мәселелер жөнінде өз ойларын  ортаға салу үшін бас қосқан болатын. Жиынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жүргізді. Жиында ардагерлер кеңесінің мүшелері Жолдаудағы 5 бағыт бойынша баяндама жасады.  Әр ардагер өз саласына қатысты бағытқа пікір білдірді. Атап айтсақ,  алқа мәжілісінде сөз алған ардагер судья Ақылбек Елшібаев.  аудандық сот мен сот алқасы төрағаларын тағайындауға кеңінен тоқталды. «Біріншіден – аудандық сотта да, алқалы сот төрағасы тағайындалмай, өзара ұжымда сайлауды ұсынды. Нәтижесінде, аудандық сот пен сот алқасының төрағалары «аға судья» деп аталуы мүмкін. Екіншіден – барлық деңгейдегі судьялардың мәртебесін теңестіруді алға тартты. Қазір аудандық соттар бірнеше бағытқа бөлінген. Азаматтық сот, экономикалық, қылмыстық сот тағы да өзге бағыттар бар. Олардың еңбекақысы әр түрлі. Енді олардың мәртебесі де, еңбекақысы да теңестіріледі. Президент тапсырмасы бойынша енді судьялардың деңгейі артып, одан жоғары тұрған биліктің сот жұмысына ықпал етуіне тыйым салынады» деді ардагер.