ШЫМКЕНТТЕ ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

159
0
Шымкентте зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының тағы бір бөлімшесі ашылды. “Халықаралық қарттар күніне” орай ашылған нысанның ресми салтанатына шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қатысып, ардагерлерді мерекемен құттықтады.
Қала әкімі құттықтау сөзінде жылы лебізімен қатар, қарттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің көлемі жыл сайын артып отырғанын және бұл бағыттағы жұмыстар Президент саясатындағы басым рөл атқаратын бағыттарының бірі екенін жеткізді. Жаңадан ашылған бөлімше Қаратау ауданы, Жібек жолы көшесі, 22/1 учаскесінде орналасқан. Жартылай стационарлық жағдайда екі ауысым бойынша 140 азаматқа дейін қызмет көрсетіледі. Ардагерлер мұнда дәрігерлік тексеруден өтіп қана қоймай, ART терапия, әсемдік жасару терапиясы, караоке зал (ән айту), хореография, йога, еңбек терапиясы, инемен емдеу терапиясы, емдік денешынықтыру сияқты сауықтыру шараларынан өтеді. Сонымен қоса бос уақытты ұйымдастыруға арналған бильярд,теннис, садақ ату, бассейн, массаж, тренажерлық қызмет түрлері де қарастырылған. Жалғызілікті жандарға арналған 8 сағаттық жартылай станционар да жұмыс істейді. “Белсенді ұзақ өмір”орталығының бөлімшелері қаладағы 4 ауданның үшеуінде Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылған. Абай ауданы бойынша тағы бір бөлімшенің лентасы келесі жылы қиылатын болады.
Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 1-қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, аға ұрпаққа құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Жылдағы дәстүрге сай “Миллионер” мейрамханасында қарттарға дастархан жайып, өмір жолдары мен ел үшін жасаған еңбектерін ұлықтады. Арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, ән-күйден шашу шашылды. Қала әкімінің бағалы сыйлықтары табысталды. Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлестері үшін бірқатар ардагерлер қауымы марапатталды. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов атаулы мерекеде ел үшін еткен еселі еңбектерінің арқасында аймағымыздың айтулы тұлғаларына айналған Исмат Тұрсынқұлұлына, Өстемір Тілегенұлына, Алданазар Құрманбаевқа, Әбілқасым Досболовқа, Досыбай Шерімқұловқа “Құрметті ардагер”, Болатхан Ермекбаевқа “Құрметті құрылысшы” атағын, ал Ұлықпан Башенов, Асылбек Тоқмағанбетов, Бастарбек Байжановқа “Құрмет белгісі” төсбелгілерін табыстады.