АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНДІРІСІНДЕ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҰСТАУДЫҢ ТӘРТІБІ
Негiзгi өндiрiс объектiлерiн ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртiбi
Жануарлар мен құстарға арналған үй-жайларда шеберханалар, қоймалар, автокөлiк, трактор, ауыл шаруашылығы техникасы тұрақтарын орналастыруға, сондай-ақ фермаларға қызмет көрсетумен байланысты емес жұмыстарды жүргiзуге болмайды.
Бұл үй-жайларға газ шығаратын түтігі ұшқын сөндіргішпен жабдықталмаған тракторлардың, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарының кiруіне болмайды.
Фермалардың шатыр үй-жайларында iрi жемшөптi сақтауға жол берілмейді.
Электр брудерлерiн пайдаланғанда жылу қыздырғыш элементтерiнен төсемдер мен жанғыш заттарға дейiнгi қашықтық тігінен кемінде 80 сантиметр, ал көлденеңінен кемінде 25 сантиметр болады. Ашық жылыту элементтерiн қолдануға болмайды.
Жылжымалы ультракүлгiн қондырғылар және олардың электр жабдықтары жанғыш материалдардан кемінде 1 метр қашықтықта орналастырылады.
Электр брудерлер мен ультракүлгiн қондырғылардың iшкi электр желiсi кабельден немесе оқшауланған сымнан жасалады. Оқшауланған сым құбырларда немесе оқшаулағышы бар зәкiрлерде еденнiң деңгейiнен кемінде 2,5 метр биiктiкте және жанғыш құрылғылардан 0,1 метр қашықтықта төселедi.
Қырқатын агрегаттың бензин қозғалтқышын ғимараттардан 15 метр қашықтықта, шөп пен қоқыстан тазартылған алаңшада орнату қажет. Жанар-жағармай материалдарының қоры қырқу бекетi мен құрылыстардан 20 метр қашықтықта, жабық металл ыдыста сақталады.
Қырқу бекетiнде ауысым өнiмiнен артық жүн жинауға және өту-шығу орындарына жүн теңдерін үйіп қоюға болмайды.
Аммиак селитрасы отқа төзiмдiлігi I және II дәрежелi дербес, шатырсыз, бiр қабатты, өртенбейтiн еденi бар ғимаратта сақталады. Ерекше жағдайларда селитраны отқа төзiмдiлiгi I немесе II дәрежелi ауыл шаруашылығы кәсiпорнының минералды тыңайтқыштар қоймасының жеке бөлiгiнде сақтауға болады. Әсерi күшті тотықтырғыштар (магний және кальций хлораттары, сутегiнің асқын тотығы) отқа төзiмдiлiгi I, II және III дәрежелi ғимараттардың жеке бөлiктерiнде сақталады.
Фермалар мен басқа ауыл шаруашылығы объектiлерiн қылқан жапырақты ормандарға жақын, құрылыстар мен орман алқаптарының арасында орналастырғанда көктемгi-жазғы өрт қауiптi кезеңге ені кем дегенде 4 метр өрттен қорғайтын алқаптар құрылады.
Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының аумағында, сондай-ақ жанғыш ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және өңдеу орындарында ашық отты қолдануға болмайды.