МЫҢҒА ЖУЫҚ МӘСЕЛЕНІҢ ЖАРТЫСЫ ШЕШІМІН ТАПҚАН

Қазақстан Республикасы президентінің Жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың әр тоқсан сайынғы халықпен есепті кездесуі өтті. Бұл жолғы жиынға Абай ауданының тұрғындары қатысты. Онда шаһар басшысы 9 айдың қорытындысы бойынша баяндама жасап, тұрғындар тарапынан қойылған 50-ден аса сауалға жауап берді.

Кездесуге 400-ге жуық тұрғынмен қатар, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты. Аталған жиын Шымкент қаласы әкімдігінің инстаграмдағы ресми парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Шаhар басшысының жыл басынан бастап мегаполистегі елді мекендерді аралау барысында 125 кездесу өткізіліп, 1020 мәселе көтерілген. Әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған. Нәтижесінде бүгінге дейін 488 мәселе шешілген, 377-сі жыл соңына дейін шешімін табатын болса, ал 195 мәселе 2023-2025 жылдар жоспарына енгізілген.

Одан бөлек, ай сайын аудан белсенділерімен әкімдік ғимаратында қабылдаулар өтуде. Онда атқарылған жұмыстар нәтижесі баяндалып, белсенді тұрғындармен мақұлданып отырды. Соңғы 9 айда 11 рет жеке қабылдау өткізіп, 1 217 азаматтың мәселесі тыңдалды. 2 341 мәселенің 760-сы нақты шешімін тапса, 1 476-сы орындалуда, қалған мәселелер заң талаптарына сәйкес шешілмек. Билік пен халық арасындағы байланыс осындай ашық диалогтар арқылы талқыланып, қаланың өркендеуі жолында үш жақты жауапкершілік орнағанына тоқталған қала әкімі Мұрат Әйтенов алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Өз кезегінде Абай ауданы әкімі Бұхарбай Парманов 34 елді мекен бойынша атқарылған жұмыстар мен халық сұранысындағы ауыз су, газ, жол мәселесенің шешімдері бойынша баяндама жасады. Жиын соңында қала әкімі хаттамаға енген мәселелердің шешімі бойынша, заң аясында жан-жақты жұмыстар атқарылатынын атап өтіп, қоғамдық мәселелердің шешімінде белсенділік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.