ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ БАС ҚОСТЫ

245
0

Шымкент қаласындағы Әл-Фараби кітапханасында келелі жиын өтті. Нақтырағы, өңірге және елге белгілі зиялы қауым өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын талқылады. Жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға тастап, маңызды құжатта айтылған бағыттарды кеңінен тарқатты.

AMANAT партиясының Қаратау ауданы филиалының атқарушы хатшысы Әбдез Рахманұлы биылғы Жолдауда халықтың әлеуметтік мәселесі мен балалардың болашағын инвестициялаудың тың әдістері ұсынылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, алдағы уақытта өтетін кезектен тыс сайлаудың маңыздылығына да тоқталып өтті. Өз сөзінде «Маусым айында жалпыхалықтық референдумда заңға өзгеріс енгізу үшін дауыс бердік. Көп ұзамай ең алғашқы өзгеріс президент Жолдауында көрініс тапты. Мемлекет басшысы жер мен оның қойнауындағы байлық халыққа тиесілі екенін атап өтті. 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық түсімінің 50 пайызы балалардың жеке шотына аударылып отыратын болды. Болашақта осы қаржыны 18-ге толған әрбір жас сапалы білім мен баспана алуға жұмсайды. Бұл өркениетке бет алған ел үшін өте дұрыс шешім. Әлемдік тәжірибеде 5 жыл жұмыс істеген компанияға ел сеніммен қарайды екен. Ал мемлекеттік басқаруда ұлттық деңгейдегі жобаларды жүзеге асыруға 7 жыл қажет екенін сарапшылар айтуда. Елімізде президент тек 1 рет 7 жылға сайлануы да халықтың әл-ауқатын көтеріп, экономиканы дамытуға жеткілікті деп ойлаймын» деді Әбдез Рахманұлы.

Жиын барысында Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова жаңа мемлекеттің құрылып жатқаны турасындағы ойымен бөліссе, белгілі журналист Зәуре Оралбаева әділетті қоғам орнатуда еңбек адамының істері еленуі тиіс екеніне тоқталды. Бұдан бөлек, кездесу барысында сөз алған «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента» газетерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан ағымдағы жылы бірқатар игі бастамалардың қолға алынып жатқанына тоқталып өтті. Нақтырағы «Әлемде жер көлемі жағына 9 орында тұрған елімізде мал шаруашылығы ақсап тұрғаны жасырын емес. Етті Бразилиядан импорттаудың өзі осыған дәлел. Биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Осы жылдың соңына дейін 5 млн. жерді қайтару жоспарланып отыр. Келесі жылдың соңына дейін Мемлекет басшысы тағы 10 млн. гектар игерілмей немесе заңсыз берілген жерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Осы қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері мал өсіріп отырған шаруаларға берілсе, біздің елде ет пен сүт өнімдерінің импорты тоқтар еді» деді ол.