Ардагерлердің батасын алды

307
0

DSC_0165Жыл сайын Наурыз мерекесінен кейін Шымкенттегі «Айжарық» орталығына бильярдтан зейнеткерлер арасында облыс біріншілігі ұйымдастырылады. Биыл да осы дәстүрді үзбеген аға буын өкілдері 12 рет өткізілген дүбірлі сайыста бақ сынап, өзара мықтыларды анықтады. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов спортты серік еткен аға буын өкілдеріне зор денсаулық, қажымас қайрат тіледі.

-Жастарға үлгі көрсетіп, жарыс көркін қыздырып жатқандарыңызға рахмет. Өздеріңіздей қазыналы қарттары бар елдің болашағы жарқын болатыны даусыз. Жарысты өткізуге ұйытқы болып отырған «Нұр Отан» ХДП Шымкент қалалық филиалы мен қалалық мәслихаттың жігіттері болып табылады. Ең бастысы жеңіс емес, сайысқа қатысу. Баршаңызға сәттілік тілеймін,-деді ол.
Ақсақалдар атынан сөйлеген ҚР «Құрметті журналисі» Байдулла Қонысбек:
-Міне, биыл да Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесінде бас қосып отырмыз. Биыл Наурызды жылдағыдан да мәнді әрі сәнді етіп атап өттік қой. Бүгінгі іс-шара да сол мерекенің жалғасы. Бір-бірімізді көріп, замандастарымызбен әңгімелесіп, жанымыз жадырап тұр. Жасы үлкен азаматтарды сыйлап, құрмет көрсеткен «Айжарық» бильярд клубының ұжымына, жарысқа демеушілік жасаған Талғат інімізге, спорт саласында жүрген қызметкерлерге жарысқа қатысушы ардагерлер атынан алғыс айтамын. Ал, құрдастарыма, замандастарыма және ағаларыма гүл-гүл жайнап, ұл мен қыздың, немере, шөберелердің қызығын көре беріңіздер дегім келеді,-деген ақ тілегін айтты.
Жарыстың бас демеушісі, белгілі кәсіпкер, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Әмірбеков спорт саласынан қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
-Биыл да өздеріңізбен қайта кездесіп тұрғанымызға қуаныштымыз. Сіздер зейнеткерлікке шықтық деп босаңсымаңыздар. Алда әлі де бағындырар белестер бар. Республикалық бильярд бәсекелерінде сіздерден жеңіс күтеміз. Отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық тілеймін,-деген ол ардагер спортшыларға дастархан жайып, құрмет көрсетті.
«Айжарықта» жайылған ақ дастархан басында әруақтарға бағышталып құран оқылып, келелі әңгімелер айтылды. Күй күмбірлеп, халық әндері мен терме-жырлары орындалды. Көңілдері көтеріліп, бір серпіліп қалған ардагерлер бильярд бәсекесінде жұртшылықтың үмітін ақтап, әдемі ойын-өрнегін көрсетті.
Облыс біріншілігінде 40-қа жуық спортшы екі топқа бөлініп бақ сынады. 63 пен 75 жас аралығындағы ардагерлер арасында 28 спортшы қатысса, 75-тен жоғарылардың саны 15 адамды құрады. Былай бөлінуінің себебін жарыстың бас төрешісі, республикалық дәрежедегі төреші, спорт ардагері Абдуғай Бекжанов түсіндіріп берді.
Сонымен алғашқы топта шымкенттік Г.Пак жеңімпаз атанды. Барлық қарсыласынан басым түскен ол мерген әрі епті екендігін аңғартты. Екінші орын Ж.Сүйеубековке бұйырды. Жүлделі үшінші орындарды В.Багомолов пен А.Кан өзара бөлісті. Әзілдесе жүріп, шарды торға дәл түсірген ақсақалдардың жанарынан мұқалмас жігерді, қайсарлықты аңғарғандай болдық.
Ал, 75 жастан жоғары ақсақалдар арасында шымкенттік К.Дәуірбаев бірінші орынды жеңіп алды. Түрткен шарының бәрі діттеген жерге дөп түсетін ақсақал көпшілікті сауатты ойнымыен тәнті етті. Асқан шеберлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен Керім атаның өнерін замандастары жоғары бағалады. Ақтық сынға шығып, жақсы ойнымыен көзге түскен З.Унаньян күміс жүлдені жеңіп алды. Бас жүлдеге қол созым жерде мүлт кеткен  Т.Тілеуқабыл мен Д.Ибрагимов қола жүлделерді қанжығаларына байлады. Жүлдегерлердің бәрі Шымкент қаласының өкілдері.
Облыс біріншілігінде оза шауып, жүлдегер атанған спортшыларға жарыстың бас демеушісі Талғат Әмірбеков диплом, кубок және бағалы сыйлықтар тапсырды. Халық қалаулысының жомарттығына ризашылықтарын білдірген ардагерлер «Өркенің өссің, ісің алға бассын!» деп бата берді.
Облыс біріншілігінде топ жарған ақсақалдарымыз енді сәуір айының аяғында Алматыда өтетін Қазақстан біріншілігінде өңіріміздің намысын қорғайды.

Сәкен БІРЖАНОВ.