ТҮРКІСТАНДЫҚ ТӨТЕНШЕЛІКТЕР 467 МЛН ТЕҢГЕ СОМАДАҒЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ҚҰТҚАРҒАН
Ағымдағы жылдың 9 айында Түркістан қаласы бойынша 49 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 41 өрт оқиғасы тіркелген,-деп хабарлайды uakit.kz .
Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов «Түркістан қаласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі проблемалық мәселелері» бойынша жасаған баяндамасында ағымдағы жылдың 9 айында қаладағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің кезекші диспетчерлік пунктіне 327 хабарлама тіркелгенін мәлімдеді. Тиісінше 2021 жылы қала аумағында орналасқан нысандар бойынша атап айтқанда жиһаз цехы, наубайхана, базарлар, сауда үйі, білім беру, газ және жанар-жағармай құю бекеттері және т.б нысандар бойынша келіп түскен хабарлама саны 155-ті құраған.
Ағымдағы жылдың 9 айында 49 өрт оқиғасы орын алды.
Тіркелген өрт оқиғасы салдарынан барлығы 116 млн 130 мың теңге (2021 жылы — 137 млн 550 мың) материалдық шығын келген. Тілсіз жаудан 467 млн теңге (2021 жылы — 506 млн) материалдық құндылықтар құтқарылған.
Басқарма басшысы Асқар Сейсенов есепті мерзім ішінде өрт оқиғасы салдарынан қаза болғандар жоқ екенін атап өтті. Азаматтардың жалыннан жарақат алу жағдайы да орын алмаған.
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік. Жалпы еліміз бойынша осы жылдың алты айында төтеншеліктердің көмегіне жүгіну үшін азаматтардан келіп түскен қоңырау саны 3,5 млн.ға жуықтаған. Яғни республика бойынша осынша рет адамдар төтенше жағдайдан құтқаратын мамандардың көмегіне мұқтаж болған екен. Нәтижесінде республикалық жедел құтқару жасағы 5652 адамды құтқарып, 5 мыңнан астам адамды қауіпсіз жерге көшірген. Одан өзге 194 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмекті дер кезінде көрсетіп, оқыс оқиғалар орын алған аумақтардан 557 адамның денесін шығарған.
Төтеншеліктер келіп түскен 34032 дабыл бойынша шұғыл көмекке ұмтылған. Соның ішінде 5025 — өртке, 7730 — авариялық құтқару жұмыстарына, 17784 — өрт ретінде есепке алынбайтын жану оқиғаларына аттанып, оларды жою жұмыстарының бел ортасынан табыла білген. Сонымен қатар төтеншеліктер ағымдағы жылдың алты айында еліміздің төтенше жағдай қызметіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері іздеу-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіруге қатысуға, жеке құрамды жеткізуге және басқа да тапсырыстар бойынша 1 374 рет ұшқан.
Сала мамандары ел аумағында төтенше жағдайлардың тіркелуі жыл сайын азайып келе жатқанын алға тартады. Мысалы өткен жылдың алты айында 6203 төтенше жағдай тіркелсе, биыл тіркелген табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдай оқиғалары 5740 болған. Техногенді сипаттағы төтенше жағдай жалпы төтенше жағдайлардың 89,1 пайызын құрайды. Мәселен, осы жылдың бірінші жартыжылдығында тіркелген төтенше жағдайлардың 5116- сы техногенді сипатта екен.