МІРЖАҚЫП МҰРАСЫ – «АДАЛ АЗАМАТ» ТӘРБИЕСІНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясында қазақ елінің айрықша перзенті, ағартушы, жазушы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған тәрбие бағытындағы сынып сағаттары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар жас буынның ұлттық санасын көтеруге, тарихи тұлғалар еңбегіне құрметпен қарауға, ең бастысы – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасында көзделген құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталды.
Міржақып Дулатұлы – халқымыздың азаттығы жолында күрескен қайраткерлердің бірі, ұлт ұстазы атанған тұлға. Оның ұлт мүддесін бәрінен биік қойған азаматтық позициясы бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Осы ретте мектепте өткен сынып сағаттары оқушыларды тұлғаның өмір жолымен тереңірек таныстыруға, оның шығармашылығы мен қайраткерлік бағытын түсінуге мүмкіндік берді. Әсіресе «Оян, қазақ!» еңбегінің мазмұны мен идеясы талданып, оның қазақ қоғамының оянуындағы орны ерекше атап өтілді. Бұл сабақтар «Адал Азамат» бағдарламасының негізгі бағыттарымен өзара үйлесім тапты. Бағдарламаның басты мақсаты – рухани бай, әділдікті жақтаушы, жауапкершілігі жоғары, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға қалыптастыру. Міржақып Дулатұлының өмірлік ұстанымдары да осы құндылықтармен үндеседі. Ол халқын білімге шақырып, адалдық, әділдік, еркіндік идеяларын дәріптеді. Сондықтан іс-шараның мазмұны оқушылардың адамгершілік-рухани тәрбиесін шыңдауға зор ықпал етті. Сынып сағаттары барысында оқушылар Міржақыптың балалық шағы, шығармашылық қалыптасуы, Алаш қайраткерлерімен бірге атқарған еңбегі, саяси күрес жолы сияқты маңызды кезеңдермен танысты. Тақырыптық бейнематериалдар көрсетіліп, тарихи деректер талданды. Оқушылар өз ойларын ортаға салып, ұлт зиялыларының еңбегі бүгінгі тәуелсіздікпен қалай сабақтасатынын талқылады. Мұндай пікірталастар жасөспірімдерді сыни ойлауға және тарихи жауапкершілікті сезінуге бағыттайды.
Сонымен қатар, оқушылар Міржақып поэзиясы мен публицистикасына тоқталып, оның тіл тазалығы, ұлт тағдыры, білімнің маңызы туралы айтқан ойларынан үлгі алды. Бұл – баланың әдеби талғамын қалыптастырумен қатар, ұлттық руханиятқа деген құрметін арттыратын тиімді әдіс. «Адал Азамат» бағдарламасы да ұлттық болмысты сақтауды, отансүйгіштік сезімді күшейтуді маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады. Сондықтан Міржақып мұрасын насихаттауға арналған мұндай сынып сағаттары тәрбие жұмысының мазмұнын байытып, оқушылардың рухани дүниесін толықтыра түседі. Іс-шараның тәрбиелік маңызы ерекше. Тарихи тұлғаларды танып-білу – жас ұрпақты елжандылыққа баулудың маңызды қадамы. Міржақыптай қайраткерлердің тағдыры мен еңбегімен танысқан оқушы өз болашағына жауапкершілікпен қарайды, адалдық пен әділдік секілді қасиеттердің құндылығын түсінеді. Бұл – «Адал Азамат» бағдарламасының басты қағидаттарымен тікелей үйлесетін бағыт.



