МҮГЕДЕКТІККЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы азаматтардың мәселелерін тікелей тыңдап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін қоғамдық қабылдауларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Бұл жолғы қабылдау партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Құқықтық көмек» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында ұйымдастырылды. Шараға Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев қатысып, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын жеке қабылдады.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі мүгедектікке шығу мәселесіне қатысты қиындықтарын алға тартты. Бұл — соңғы жылдары тұрғындар арасында жиі кездесетін әлеуметтік мәселелердің бірі. Құжат рәсімдеудің күрделілігі, медициналық қорытындылардың сәйкес келмеуі, тексеру мерзімдерінің ұзақтығы және ақпараттық түсіндірме жұмыстарының жеткіліксіздігі көптеген азаматтарды әуре-сарсаңға салатыны белгілі. Руслан Тұңғышбаев әрбір өтініш иесінің мәселесін мұқият тыңдап, олардың жағдайын жеке қарастырды. Ол мүгедектікке шығу үдерісі тек нақты медициналық көрсеткіштерге және құжаттардың толық рәсімделуіне байланысты анықталатынын түсіндірді. Оның айтуынша, кейбір өтініштер заң талаптарына сәйкес келмегендіктен мақұлданбайды. Осыны ескере отырып, департамент басшысы азаматтарға қандай медициналық құжаттар қажет екені, тексеру кезеңдерінің тәртібі, бағалау критерийлері және рәсімдеудің электронды жүйедегі мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берді. Бірқатар азаматтар өз жағдайына қатысты нақтыланған шешімдер алу үшін қосымша тексеру жүргізуді сұрады. Мұндай өтініштерді Руслан Тұңғышбаев жеке бақылауына алып, мәселелерді толық зерделеу қажеттігін айтты. Бұл — мемлекеттік органдардың азаматтардың проблемаларына бейжай қарамай, шынайы қолдау көрсетуге дайын екенін көрсететін жауапты қадам.
Қабылдау барысында мүгедектікке шығудан бөлек, әлеуметтік көмек, жәрдемақы тағайындау, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет алу, оңалту құралдарын рәсімдеу мәселелері де көтерілді. Мамандар азаматтарға құқықтық кеңес беріп, арыз-шағымдарды рәсімдеу тәртібін түсіндірді. Партия өкілдерінің айтуынша, қоғамдық қабылдаулардың маңызы — мәселелерді дәл сол жерде анықтап, тиісті мекемелерге жолдау және әрбір өтініштің орындалу барысын бақылауда ұстау. Әсіресе әлеуметтік қорғау бағытындағы түйткілді мәселелерді шешуге көп көңіл бөлініп келеді. Бұл — халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ең маңызды жұмыстардың бірі. Алдағы уақытта да «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде жалғастырып, әлеуметтік саладағы проблемаларды шешуге ықпал етуді көздеп отыр. Тұрғындардың әрбір өтініші назардан тыс қалмай, олардың құқықтары мен қажеттіліктерін қорғауға бағытталған нақты іс-шаралар атқарылатын болады.



