ТОЗЫҒЫ ЖЕТКЕН ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ АПАТ ТУДЫРАДЫ

Түркістан қаласы бойынша жалпы ұзындығы 1 415,304 шақырым құрайтын электр желісі бар. Қатты жел кезінде электр желілерінің жарылу себебінен қаланың белгілі бір аумақтарында жарық жалп ете қалатыны жасырын емес. Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қатты жел кезінде электр желілерінің көп жағдайда не үшін істен шығатынына талдау жасады,-деп хабарлайды uakit.kz.

Жарықтың сөнуі тұрғындар үшін үлкен қолайсыздық тудыратыны белгілі. Себебі мұндай жағдайларда көптеген үйлерде тұрмыстық техника істен шығып жатады. Сонымен қатар өндіріс орындарындағы технологиялық процестің бұзылуына әкеп соқтырады.  Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы зерделеу барысында қатты жел кезінде жарықтың өшуіне электр беру желілерінің үзілу себептері, электр беру желілері тіректерінің тартымдарындағы тартылу өлшемдерінің белгіленген нормаларға сәйкес келмеуі, электр желілерінің физикалық тозуы, әуе желілерінің мұздануы және электр беру тіректерінің құлауы болып табылатынын анықтаған.

Бұл ретте, олқылықтардың орнын халықты жарықпен қамтуға міндетті қызмет көрсетуші ұйымдар профилактикалық және жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы қамтамасыз ету арқылы толтырады.

Айта кетейік, сала мамандары мұндай олқылық жиі тіркелмес үшін қазіргі таңда қаладағы бірқатар әуе электр желілерін кабельді желіге ауыстыру жұмыстарын қолға алынған.  Қазіргі таңда Түркістан қаласының негізгі орталық көшелерінде орналасқан электр желілерін кабельдік желіге ауыстыру бойынша 4 нысанның құрылысы жүруде.

Атап айтқанда, бірінші нысан С.Қожанов пен Байбұрт көшелері аралығындағы құрылыс толық аяқталып, 10 кВ-ты 10,3 шақырым және 0,4 кВ-ты 11, 6 шақырым желі жүргізілді. Қазірде абоненттер жарықпен толық қамтылған.

Екінші, Б. Саттарханов даңғылы мен Кенесары көшесі бойынша , 10 кВ-ты 8, 4 шақырым, сонымен бірге, 0,4 кВ-ты 15, 7 шақырым электр желісі құрылысының 90% жұмысы біткен.

Одан бөлек, Әл-Фараби, Ататүрік, С. Ерубаев көшелерінде салынып жатқан 10кВ-ты 8,3 шақырым және 0,4 кВ-ты 61, 7 шақырым заманауи электр желілерінің құрылысы аяқталуға жақын.

Және де Тәуке Хан даңғылы, Қазыбек би, М. Абеновa, Төле би, Н. Төреқұлов, Н. Тынышқұлов көшелері бойында 10 кВ-ты 29, 7 шақырым, сонымен бірге, 0,4 кВ-ты 30, 7 шақырым электр желісінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.