ПЕШТІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ӨЗ ЕРЕЖЕСІ БАР

112
0

Ағымдағы жылдың 15-тамызынан бастап 15-қыркүйекке дейін ел аумағында пештерді орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша өрт қауіпсіздігі акциясы өткізілді,-деп хабарлайды uakit.kz Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Пештерді орнату кезінде тұрғындардың қауіпсіздік ережесін сақтауы қашанда өзекті мәселе. Себебі қауіпсіздік ережесіне селқос қарау табиғи және техногенді апаттың орын алуына әкеп соқтырады. Бұл өз кезегінде адамдардың жарақат алуына, күрделі жағдайда олардың қайтыс болуына себепші болады.

Бүгінде Түркістан қаласында халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 40541 абонент бар болса, соның 38648-і газ пайдаланып отыр. Бірақ газға қосылғанмен, оның ішінде 6,5 мыңға жуық абонент жылыту маусымы кезінде қатты отынды пайдаланады. Яғни, үйін пешпен жылытады. Сондықтан да пеш жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу Түркістан қаласын айналып өтпейді.

2022-2023 жылдары жылыту маусымына байланысты тиісті қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарға пеш жағу кезінде қандай қауіпсіздік ережелеріне екпін түсіріп, неге қырағы болуы керектігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Түсіндіру кезінде қалалық төтенше жағдайлар бамқармасының қызметкерлері келесідей ережелерді қаперден шығармауды қатаң ескертті.

Жылыту маусымы кезінде үйден шығатын өрттердің шығуына пеш себепші болып жататын жағдайлар көп тіркеледі. Қатты отын жағатын тұрғын үйлер бойынша өрт қауіпсіздігін сақтауға қатысты  талап пен норма бар. Соның ішінде еңбасты назар аударатын мәселе  пештің мұржасы төбе жабындысынан өтерде жанып кететін материалдарға тимеуі тиіс. Өзге де саңылауы болса бітеп, сылап қою керек. Төтеншеліктер жылыту пештерінің алдына міндетті түрде көлемі 50х70 см құрайтын металл табығын қағып қоюды ескертеді. Және пеште жеңіл тұтанатын сұйықтықтармен от жақпауды, жағылған пешті қараусыз қалдырмау керек екенін айтады.

Ауа-райы суыған кезде кейбір үйлер пешті шамадан тыс қыздырып жіберетінін, егер үйді монтаждау  кезінде қандай да бір кемшілікке жол берілсе  шамадан тыс қызған пеш әсерінен өрт шығу қаупі жоғарылайтынын ұмытпау керектігін алға тартады.

Сонымен қатар пеш маңайына киім, ал түбіне аяқ киім кептіруге болмайтынын біле жүріңіз. Және пештерді бақылауды, оларға отын немес көмір салуды кішкентай балаларға тапсыру да өрескел қателікке апаруы мүмкін.

Жылыу маусымы кезінде тұрғын үйде болатын өрт тек пештерден емес электр сымдарының тұйықталуынан болып жатады. Ол үшін арнайы маманды шақыртып, электр ажыратқыш пен розеткалардың жарамдылығын тексертіңіз. Тағы бір маңызды мәселе, бөлмелерді жылыту үшін газ плиталарын қолданбаңыз. Үйден шығарда барлық газ және электр құрылғыларының өшірілгеніне сенімді болыңыз. Сіріңкелерді балалардың қолы жетпейтін жерде ұстауды әдетке айналдырыңыз.