ӘЙЕЛДЕР БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы қалалық филиалының Саяси кеңес Бюросы мен қалалық мәслихаттағы партия фракциясының бірлескен отырысы өтіп, қаладағы маңызды қоғамдық мәселелер мен әйелдер қауымының азаматтық белсенділігін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Жиынға партия филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, партия атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева және Саяси кеңес Бюросының мүшелері мен мәслихат депутаттары қатысты.

Отырыс барысында партияның өңірдегі әйелдер саясатын жетілдіру бағытындағы нақты қадамдары мен шаралары талқыланды. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев әйелдер мен қыз-келіншектердің қоғамдағы рөлін арттырудың маңыздылығына ерекше тоқталып, бұл бағытта қала әкімдігімен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті. Оның айтуынша, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру үшін қала әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Комиссияның басты мақсаты – әйелдерді әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуды арттыру болып табылады, бұл өз кезегінде Шымкентте әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге әкеліп отыр. Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева өзінің баяндамасында атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. 2025 жылдың басынан бері 70-тен астам іс-шара өткізілгенін атап өтті. Бұл шаралардың басым көпшілігі белсенді әйелдердің қатысуымен ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Әйелдер қанатының құрамында 150-ден астам белсенді әйел бар. Олардың қатарында мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, медицина, білім, мәдениет, ғылым және БАҚ өкілдері де бар. Бұл әйелдер белсенді түрде қоғам өміріне араласып, өз тәжірибесі мен кәсіби білімдерін қоғам игілігіне арнап жүр.

Сонымен қатар, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде әйелдерге арналған ай сайынғы жеке қабылдаулар тұрақты түрде өтеді. Бұл қабылдауларда психологтар, заңгерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындарға қолдау көрсетіп, көмек береді. Нәтижесінде, осы қызметті пайдаланып, 18 әйел жұмысқа орналасып, 15-і заңгерлік кеңес алған. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық қолдау көрсетілген. Бұл бастамалар әйелдердің құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы партияның нақты іс-шараларының бірі болып табылады. Жиында тағы бір маңызды мәселе ретінде партияның алдағы сайлауалды бағдарламасы да талқыланды. 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» қалалық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысы қаралып, фракция мүшелеріне тиісті бағыттар бойынша ақпарат жинап, партия филиалына жолдау тапсырылды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік мәселелерді шешу және азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылады. Бағдарлама аясында түрлі әлеуметтік жобалар мен бастамалар іске асырылып, халықтың барлық топтарын қамтуды көздейді. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Әйелдер қанаты өз жұмысын белсенді түрде жалғастырып, әйелдер қауымының қоғамдағы орнын нығайтуға және олардың әлеуметтік, экономикалық жағдайларын жақсартуға бағытталған жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың нәтижесі әйелдердің өз құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беріп, олардың қоғамға қосар үлесін арттырады. Партияның саяси бағдарламалары мен бастамалары Шымкент қаласының дамуына және тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.