ТАҢҚАЛДЫРҒАН, ТАМСАНДЫРҒАН ТАҒАЙЫНДАУЛАР

487
0

Кiм не десе о десiн, мен үшiн шiлде айы — «өлi кезең». Себебi бұл айда әкiм-қаралардың басым бөлiгi еңбек демалысына шығып, көлеңке қуалап кететiнi анық. Орынбасарлары маңызды мәселелердi шеше алмайды, қарапайым халық та бұл жағдайды жақсы бiлетiндiктен, ми қайнатар ыстықта шенеунiктерге шыли жолағылары келмейдi. «Өлi кезең» артта қалып, тамыз айы басталысымен төңiрекке жан бiтiп, әсiресе, Ақ үй жақта сапырылыс басталды. Тамыздың 6-ы күнi облыс әкiмi А.Мырзахметов бiрден 3 бiрдей тағайындау жасап, бiреулердi таңқалдырды, ендi бiрiн тамсандырды.

Оңтүстiктегi кадр сапырылысы жөнiнде бiз ғана емес, бiлетiндердiң бәрi айтуда. Күнi кеше Астанадан шығатын «Ұлт TIMES» газетiнiң №12 санында облыс әкiмiнiң алты айда атқарған еңбегiне баға бере келе, дәл осы кадр саясатына өз алаңдаушылықтарын бiлдiрiп былай дейдi:

«…Кадр сапырылысы бұл ғана емес, энергетика және коммуналды шаруашылық, бiлiм, құрылыс, табиғи ресурстар басқармаларына да тән көрiнiс болып шықты. Осы мекемелерде соңғы 3 жылда кемiнде 2-3 бастық ауыстырылған. Демек, Асқар Мырзахметовтiң өңiр тарихында анау-мынау басшыларды қолғапша ауыстыра салудың шеберi ретiнде қалатын түрi бар. Мұндай жағдайда, ешбiр iс алға баса қоймас. Керiсiнше, Оңтүстiк Қазақстан облысының даму жағын дағдарып, құлдырау кезеңiн бастан өткере бастағанын аңғару қиын емес».

«Ұлт TIMES» айтып ауыз жиғанша болған жоқ, облыс әкiмi ОҚО кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасына 3 жылда бесiншi басшыны тағайындады. Тағы да, бұл орынтаққа анау-мынау емес, сыннан көз ашпай келе жатқан Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықов отырды. Сонда бұл басқармада қандай бедел қалды, былайша айтқанда кiм көрiнгеннiң келiп-кетер «әулiсiне» айналғаны ма? Мұны таңқалдырған тағайындау демеске лаж жоқ. Екiншiсi, шуы басым Шардараға Қамытбек Айтуреевтiң әкiм болып тағайындалуы. «Қазсушар» республикалық мемлекеттiк кәсiпорны Оңтүстiк Қазақстан филиалы «Шардара су қоймасын пайдалану» өндiрiстiк бөлiмшесiнiң бастығы лауазымынан әкiмдiк қызметке келген Қамытбек Нұржанұлы суынан «шуы» басым Шардараның шаш-етектен келетiн шаруасын дөңгелетiп әкетсе, қанеки! Сонда ғана тамсандырған тағайындаудың үдесiнен шығатыны анық.

Ал, Сейiт Мырзақұлұлы Ертайдың жөнi де, өзi де бөлек. Айтпағымыз, жастайынан жастар iсiмен шұғылданған, ара-арасында университет ректорының көмекшiсi, ауыл әкiмi, Арыс, Түркiстан қалалары әкiмнiң орынбасары қызметтерiн атқарған. Оның Арыс қаласының әкiмi қызметiне дейiнгi соңғы жұмыс орны – ОҚО әкiмi аппараты қоғамдық қатынастар мониторингi бөлiмiнiң меңгерушiсi болған. Арысқа да арыны қатты адам керек, әйтпесе Қанат Жамалбекұлының жеткiзе алмаған тiрлiктерiн қожыратып алуы ықтимал.

«Өлi кезеңнен» соң алғашқы тағайындаулар жасалды. Тағы да болуы мүмкiн. Себебi күзге дейiн балапандарды санап үлгеруiмiз керек сияқты.

 Қыдыр ҚАЛИЕВ.