Жастар жәрдемге келді
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 1-наурызы күні Сарыағаш ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен бірқатар ауылдарда 100-ге тарта жастардың қатысуымен «Жасыл ел» тақырыбында көшет егу акциясы өтті. Сарыағаш ауданы әкімдігінің дайындаған 1500 қарағаш көшетін жастар мен ауыл тұрғындары Қарақалпақ және Жылға елді мекендерінің мектеп, балабақша аулаларына отырғызып, өсіп тұрған ағаштарды түгелдей ақтап шықты. Аталған ауылдардың аудан орталығымен ара қашықтығы 50-60 шақырымды құрайды. Айта кету керек, ағымдағы жылдың 11-12 және 22-23 қаңтары күндері осы ауылдар сай-саладан жерге сіңбей қалған сулардан зардап шеккен болатын. Нәтижесінде, 144 отбасы тұратын Қарақалпақ ауылында 2 үй құлап, 4 үй жарамсыз күйге түскен. Мал шығыны да жоқ емес. Сондай-ақ, Жылға, Шымырбай елді мекендерін де су басқан. Дегенмен, бұл ауылдардың халқы ұйымшыл екен. Билік тарапынан көмекті күтіп жатпай, қажетті жұмыстарды өздері-ақ атқаруға бел буыпты. Бүгінгі таңда арық-атыздар тазаланып, ауылдардың ішімен канал қазылып, жақын арада Қарақалпақ ауылында судың арнасын кеңейту мақсатында ескі көпірдің жанынан тағы бір көпір салынады деп жоспарлануда. Одан бөлек, аталған ауылда наурыз айында 75 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Ал, әлгі зардап шеккендердің барлығына өздеріне тиесілі қаражаттар үйлестіріліп берілген. Ауыл округінің әкімі Б.Сапарбаев осылай дейді.
Іс-шара аяқталысымен ауыл тұрғындарына, жастарға наурыз көже дастарханы ұйымдастырылды.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері
басқармасының бөлім бастығы