ДОСТЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫН ТҰТЫНАТЫН БОЛАДЫ

93
0

Шымкеттегі Достық мөлтек ауданының тұрғындары сапалы электр жарығын тұтынатын болады, деп хабарлайды Uakit.kz. 

Бұл туралы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков Достық мөлтек ауданына барып, тұрғындармен кездесу барысында айтты. Қаратау ауданына қарасты Достық мөлтек ауданының жаңақұрылыс аумағында жобаға енбеген 320 тұрғын үй бар. Қазіргі таңда аталмыш мөлтек ауданда инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен өз шешімін табуда.

Мәселен, өткен жылы тұрғындар сапалы ауыз сумен қамтылса, бүгінде электр желілерін тарту құрылысы аяқталуға таяды. Басқарма басшысы мердігер мекемеге құрылыс жұмысын ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін толық аяқтауды тапсырды. Содан кейін, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілетін болады. Сонымен қатар, табиғи газбен қамту бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2023 жылы аяқталады. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, Достық мөлтек ауданындағы Гүлдер-ай көшесі жыл соңына дейін жарықтандырылатын болады.

Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жергілікті халықпен жүздесіп, атқарылған жұмыстарды тексерді. Бұл кездесуге қоғам белсенділері, ауыл билері мен Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов те қатысты. «2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылуын күттік. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, сіздерге газ беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Енді қалғандарыңыз да күз басталмай құжаттарыңызды әзірлеп үлгеріңіздер» деді шаһар басшысы. Жалпы Достықта 2600-ден аса үй бар. Тұрғын саны 16 мыңға таяп қалды. Абонемент саны – 2625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС жобаны 957,838 млн теңгеге атқарып, жұмысты өз мерзімінде аяқтады.

Жалпы шағынауданда біор мектеп, үш балабақша, медицина және учаскелік полиция бекеті жергілікті халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Қазіргі уақытта шағынауданда кәріз жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым жүйесі жобасына енбеген 425 абонентті де қазір ауыз су, сапалы электр жүйесі, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар мұндағы 52 көшенің – 22-сі асфальт жол, 26-сы – тас жол, 4-уі – топырақ жол. 2023 жылы 14 көшеге, 2024 жылы 8 көшеге, 2025 жылы 13 көшеге асфальт төселеді. Биыл Ақбосаға және атауы жоқ көшелер жарықтандырылады.  2023 жылы – Алғыс және мектеп көшелері, 2024 жылы – Айтұмар, Айдарлы, 2025 жылы – Мамыражай және Жайсаң көшелеріне жарықшамдар орнатылмақ. Өткен жылы 2 ашық спорт алаңшасының пайдалануға берілгенін айта кету керек. Биыл спорт нысандарының қатары тағы бір спорт алаңшасымен толығады.