НЫСАН КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Білім саласы – елдің ертеңін айқындайтын салалардың бірі. Сапалы кадр да, салмақты саясаткер де, білікті басшы да мектептен түлеп ұшады. Сондықтан аталған салаға айрықша назар аудару – басты міндет. Осы орайда, Шымкент қаласында аталған сала бойынша қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мәселен, қалаға қарасты М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының қосымша ғимараты бой көтеруде.

Жуырда қаладағы білім мекемесіне қала әкімі Мұрат Әйтенов табан тіреп, құрылыс жұмыстарын тексерді. Мегаполис әкімі бұған дейін де аталған нысанға бірнеше рет келген еді. Ол уақытта бекітілген өндірістік жұмыс кестесінен кешіккені үшін айыппұлдар салынып, жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктерді реттеуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта ол кемшіліктер жойылған. Жаңа ғимарат 1 100 оқушыға лайықталған. Одан бөлек жобада 250 орындық АКТ залы, спортзал, 20-30 мың кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана қаралған. Құрылысы өткен жылдың маусым айында басталған, жоспарға сәйкес 2023 жылы падалануға беріледі. Оқушыларға үш тілде білім беретін М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы Шымкент қаласындағы ең көне мектеп. 2021 жылы Қазақстан бойынша үздік «100 олимпиадалық мектептер» тізіміне енген. Шаһар басшысы тек үздіктерді тәрбиелейтін білім ошағының қосымша ғимаратпен толығуы білімді жастардың артуына жол ашатынын айтып өтті. Жалпы аталған білім мекемесінің іргетасы осыдан 147 жыл бұрын қаланған. Жуырда мектептің кей аумағы көнеріп, санитарлық талап пен өрт қауіпсіздің талабына сай емес екені анықталған болатын. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Аталған жұмыстар аяқтсалса, мектеп ғимаратының күрделі жөндеуден өтуімен қатар, материалдық-техникалық базасы да нығая түспек. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте тағы бірнеше мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында қосымша оқу корпустарының құрылыстары да қолға алынған. Нысан құрылысы толығымен аяқталса, білім саласындағы күрделі мәселелердің шешілуіне мұрындық болады.