МЕКТЕПКЕ НЫҚ ҚАДАММЕН

370
0

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дәулетбек АХМЕТОВ.

Өркениет үрдiсi бiлiм капиталына сай қалыптасып отырған заманымызда мектептiң рөлi қоғамымызда ерекше мәнге ие болып отырғаны шындық. «Мектеп – кеме, бiлiм – теңiз» деп дана халқымыз тегiн айтпаған ғой. Әрбiр мектептi кемеге теңесек, бұл күндерi олар 2012-2013 оқу жылы деген айлақтан кезектi сапарға, бiлiм теңiзiне шығуға қызу дайындалып жатыр.

Бiздiң елде, Қазақстанда, ғылым мен бiлiмге бөлiнiп отырған қаржы соңғы төрт жылда бiржарым есеге артты. 2008 жылдан берi 600 млрд. теңгеден 900 млрд. теңгеге бiр-ақ шықты. Осынау цифрдың (мөлшердiң) iшiнде жалпы орта бiлiм беретiн мектеп оқушысының әрқайсысына шыққанда бөлiнетiн қаржы көрсеткiшi – Орта Азия мектептерi арасында бiрiншi орында тұрса, ТМД шеңберiнде алғашқы үштiктен орын алады.

Бұл дегенiмiз — адам капиталына, оның басты көрсеткiшi бiлiм саласына жұмсаған  қаражат. Болашағымыздың баянды болмағы бүгiнгi мектеп оқушысына байланысты екенiн ескерсек, мемлекетiмiздiң қандай игiлiктi қадамға барып отырғанын аңғару қиын емес.

Отан – ана, ел тарапынан жасалып жатқан мол мүмкiндiкке сүйенiп, арқаны кеңге салып отыра бермей, барынша өз әрекеттерiн жасап жатқандар да баршылық.

Шымкенттегi Х.Досмұхмедов атындағы №4 жалпы орта мектебiне ат басын  бұрғанымызда осындай қарбалас шаруаның үстiнен түстiк. Бұл оқу орны бiрiншi қыркүйекте өз шәкiрттерiн құшақ жая қарсы алуға негiзiнен дайын.

Дегенмен, тұл жетiм, жартылай жетiм, әлеуметтiк жетiм, аз қамтамасыз етiлген  және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға ерекше қамқорлық қажет-ақ. Оларға деген аталық салиқалы көзқарас Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы халыққа Жолдауынан бастау алып, мектеп, қоғам өмiрiнен нық орын алған.

Аталмыш мектептегi игi iстер туралы бiз бұрын да жазған болатынбыз, ал осы жолы бiлiм алу әр балаға оның әлеуметтiк ахуалына қарамастан, қолжетiмдi болуын қамтамасыз ету әрекеттерiне тоқталмақпыз.

Соңғы жылдары облысымызда «Мектепке» жол акциясын тамыз, қыркүйек айларында өткiзу дәстүрге айналды. Мектеп «Жақсылық жасауға асығайық!» атты iс-шара өткiздi. Оның басты кейiпкерi облыстық мәслихаттың депутаты Дәулетбек Шәрiпбайұлы Ахметов болды. Елге белгiлi абыройлы азамат, кәсiпкер-құрылысшы жан. «ТурАхмет және компаниясы» ЖШС-iнiң директоры. Бұл компания елiмiздiң дамуы мен көркеюiне өзiндiк үлес қосып жүр. Олар салған заңғар да зәулiм ғимараттар берiк сапасымен де, архитектортық ерекше шешiмiмен де көзге түсiп, алдыңғы құрылыс компанияларымен қатар аталады.

Дәулетбек аға аталған iс-шараға үн қата отырып, жоғарыда аталған қам көңiл балаларға, оның iшiнде 14 тұл жетiм балаға көмек қолын созды. Әрқайсысы 5000 теңгеден тұратын кеңсе тауарлары топтамасын сыйға тартты. Барлығы 100000 теңге тұратын сый-сияпаты «Жақсылық жасауға асығайық» iс-шарасы барысында тиiстi болғандарға табысталды. Оқушылар, олардың қамқоршылары, ата-аналары оның атына рахметтерi мен алғыстарын жолдап, дән ризашылығын бiлдiрiп жатты.

Мектеп ұжымы мұнымен де шектелмеген. Қасиеттi Рамазан айында Аллаға құлшылық етiп ауыз бекiткен кiсiлер, мұғалiмдер, өзге де қызметкерлер арасында болды. Директор осы кiсiлерге «пiтiр садақа» туралы ой тастап, пiкiр айтқанда, олар мұны бiрауыздан құптай кеттi. Сөйтiп Ислам қағидалары бойынша пiтiр садақаларды жинап, топтастырып, екi тұл жетiм баланы толық киiндiрдi.

Бюджет қаржысына толық сүйенiп отыруға қазiргi таңда мүмкiндiк бар, бiрақ шын iскер басшы үнемi iзденiс үстiнде болады. Бейсенкүл Тұрсынбайқызы — осындайлар қатарындағы майталман басшы. Оның бұл әрекетi жоғарыда аталған балалардың бойына өмiрге деген нық сенiм орнықтырады. Олар өздерiнiң жалғыз еместiгiн, қоғам әркез қамқоршы болатынын, Тәуелсiз қазақ елiнiң азаматы екенiн бiлiп өседi. Бұл — бiр, екiншiден, қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да мемлекетке көмектесу болып шығады.

Депутат, iрi кәсiпкер, демеушi абзал азамат Д.Ш.Ахметовтiң бұл iсiн мерзiмдiк ағымдағы шараға көрiнiп қалу үшiн жай қосқан бiр үлесi деп қарауға келмейдi. Оған себеп ол — тәуелсiздiгiмiздiң басты тiрегi сапалы бiлiмде деп түсiнген жан. Сонан болар үнемi мектептен хабар алып тұрады, зәру тiрлiктерiне көңiл бөлiп жүредi. Мектептiң спорт ғимараттарын, оның iшiнде футбол алаңын талапқа сай қайта жабдықтау мәселесiн облыстық мәслихаттың қарауына ұсынып отыр. Алла бұйыртса, мәселе оң шешiмiн тапса, нұр үстiне нұр болғалы тұр.

Мектебiмiз халқымыздың бiртуар ұлы жан-жақты ғалым, тәуелсiздiгiмiз үшiн күрестiң басында тұрған төл тарихымыздағы айрықша тұлға – Х.Досмұхамедов есiмiмен аталады. Бұл – бiз үшiн ерекше сый, әрi жауапты тапсырма,- дейдi мектеп басшысы Бейсенкүл ханым. Атырау – Халел Досмұхамедовтiң туған жерi. Ондағы мемлекеттiк университет осы кiсiнiң атында, яғни аталмыш мектеппен аттас. Мектеп ұжымы университетпен шығармашылық байланыс орнатуға ұмтылып отыр. Жақында Атыраудан жылы хабар келдi. Университет өзiнiң жұмыс жоспарына Шымкенттегi осынау мектепке көмек көрсетудi енгiзiптi. Сөйтiп, мектептен Халелдiң өмiрi, шығармашылығы, қызметiне арналған жеке мұражай ашуға көмек бермек. Директордың бұл әрекетiн халқымыздың ұлы перзентiнiң рухына бас иiп, шәкiрттердi патриотизмге тәрбиелеудегi имандылық iсi деп түсiндiк.

Қасиеттi дiнiмiзде жоқ-жiтiкке қамқорлық жасау, садақа берiп тұру туралы көптеген хадистер бар. Солардың бiрiнде «Ең қасиеттi садақа – аш қарынды тойдыру»,- деген екен (Хадис шәриф, Байхака, Шуабул-Иман). Олай болса, имандылық қадамдарға барған депутат-кәсiпкер Дәулетбекке де, директор Бейсенкүлге де Алланың нұры жауып, iстерi берекелi болып, тәуелсiз Қазақ елi үшiн аянбай тер төге берсiн демекпiз.

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.