«КЕЙ КЕЗДЕ ОРЫНДЫ АЙТЫЛҒАН СЫНДАР ДА МАҒАН ЖҰМЫСТА ҮЛКЕН КҮШ БЕРЕДI»
«УАҚЫТ» газетiнiң әр санында елiмiзге белгiлi тұлғалармен, қоғам қайраткерлерiмен және халық қалаулыларымен жанды сұхбат жарияланып тұрады. Бұл жолғы сұхбаттың қонағы – Шымкент қаласының әкiмi Қайрат Молдасейiтов. Шыны керек, Шымқалаға әкiм болып тағайындалғанына небәрi төрт айдан астам уақыт өткенiне қарамастан, Қайрат Құсейiнұлы дүйiм жұрттың назарына iлiгiп үлгердi. «УАҚЫТ» газетiнде шырайлы шаһар басшысы жайлы әр нөмiр сайын үздiксiз мақалалар жарияланып тұрды. Басылымымыздың бас редакторының орынбасары Тұтқабай Фазылбек жүргiзетiн сұхбаттарда әрбiр кейiпкерiмiз Қайрат Молдасейiтов туралы үздiксiз пiкiр берiп отырды. Сол пiкiрлердi ескерiп, көпшiлiктiң сұранысы бойынша, бiз қала әкiмiн әңгiмеге тартқан болатынбыз. Орайы келгенде айта өтейiк, шаһар тiзгiнiн қолына алғалы берi қала әкiмi бiрде-бiр басылымға сұхбат бермептi.
— Қайрат Құсейiнұлы, Түркiстан қаласы әкiмi қызметiне кiрiспей тұрып, сiз кәсiпкерлiкпен айналыстыңыз, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының дептутаты болдыңыз. Ал, төрт ай бұрын Оңтүстiк Қазақстан облысының орталығын басқару Сiзге сенiп тапсырылды. Жалпы, кешегi күннен бүгiнге дейiн қандай жетiстiктерге жеттiңiз?
— Өзiңiз бiлетiндей, әр жаңа лауазымның жаңашылдығымен қатар жауапкершiлiгi де болады. Өз еңбек жолымды кәсiпкер ретiнде бастағаным рас. Ол да — бiр өмiр мектебi. Ал үлкен қалаларға әкiм болудың адамға үлкен жауапкершiлiктi жүктейтiндiгi белгiлi. Қала басшысы болу жергiлiктi тұрғындардың мұң-мұқтаждарымен танысып, мүдделерiн қорғауды қажет етедi. Өзiңiз айтып өткен лауазым сатыларынан өту арқылы қол жеткiзген жетiстiгiм – билiктегi тәжiрибемнiң молая түсуi.
— Әрбiр өңiрдiң халқының көзқарасы, климаты, жерiнiң табиғи түсi, тiптi ерекше иiсi де болады. Сiз Шымқалаға келгелi шаһардың қандай ерекше тұстарын байқай алдыңыз?
— Сұрағыңыз орынды. Мен Оңтүстiк өңiрiне 2001 жылы кәсiпкер ретiнде келдiм. Мұнда келуiме бiрнеше себептер бар. Бiрiншiден, Оңтүстiк Қазақстан облысы — елiмiздегi адамның өмiр сүруiне ең қолайлы өңiрлердiң бiрi. Екiншiден, облыстың адами әлеуетi өте жоғары. Оңтүстiк Қазақстан облысының халқы елiмiздiң өзге аймақтарымен салыстырғанда тығыз орналасқан. Кез келген iстi дөңгелетiп алып кетуге бейiм, iскер, еңбекқор. Менiңше, ертеден келе жатқан отырықшылық мәдениеттiң ықпалымен, қалалардың көптiгiнен, iшкi бәсекелестiктiң болуынан Оңтүстiктiң халқы өмiрге бейiмдiрек болып келедi. Кеңес Одағының ыдырап, елiмiз тәуелсiз елге айналғаннан кейiн өңiр халқының жаңа жағдайға оңай бейiмделуi де сондықтан болар. Себебi шаруаға бейiмдiлiк, iскерлiк оңтүстiкқазақстандықтардың қанында бар. Үшiншiден, Оңтүстiк халқы өте кiшiпейiл, бауырмашыл және өз елiнiң нағыз патриоттары. Сондықтан да мұнда жұмыс iстеу, бастау оңай, әрi тиiмдi.
— Кадр саясаты кез келген мәселеде шешушi рөл ойнайтыны сөзсiз. Әкiм болып тағайындалғаннан берi қанша кадр ауыстырдыңыз? Бұл мәселеге келгенде сiз бiрiншi кезекте неге мән бересiз?
— Кәсiби, өзi iсiн жетiк бiлетiн мамандардың қай салада болсын жұмысты алға сүйрейтiндiгiн жақсы бiлесiз. Сондықтан да менiң кадр таңдаудағы басты қағидаларым: жоғары кәсiбилiк, iскерлiк, асқан жауапкершiлiк пен өз iсiне адалдық. Одан өзге әр маманның елге қызмет етуге құлшынып, өз кәсiбiн жақсы көруi де аса маңызды.
— Сiз билiкке бизнес әлемiнен келдiңiз. Оңтүстiктегi «менмiн» деген кәсiпкерлердiң бiрiсiз. Кәсiпкерлiктi тастап, әкiм болуға сiздi не итермеледi?
— Сауалыңыз орынды. Иә, мен өз iсiмдi кәсiпкерлiктен бастадым. Ол туралы сiздер хабардарсыздар. Кәсiпкер кезiмде билiктегi адамдарға көптеген ұсыныстармен, мәселелермен шыққан кездерiм болды. Бiрақ, жекелеген билiк адамдарының енжарлық танытқан кездерi де бар. 2007 жылдан облыстық мәслихаттың депутаты болдым. Депутаттық кезеңде халықтың мұң-мұқтажымен, көптеген мәселелерiмен, қажеттiлiктерiмен бетпе-бет келдiм. Мүмкiндiгiнше қол ұшын беруге, көмектесуге тырыстым. Бiрақ, шешiмiн таппай қалған мәселелер де болды. Осы жәйттер менi билiкке алып келдi. Ондағы мақсатым — елге, халыққа қызмет ету. Осы орайда, ең алдымен менi тұлғалық тұрғыдан танып, Түркiстан сынды елiмiздiң рухани, мәдени орталығының әкiмi болуға сенiм бiлдiрген облыс әкiмi Асқар Исабекұлына үлкен алғысымды бiлдiргiм келедi. Түркiстанда әкiм болу мен үшiн жаңа өмiр мектебi болды десем, артық айтпаспын. Басында мұндай жұмысты атқармағандықтан, жүрексiнгенiм де рас. Бiрақ, Түркiстан халқымен қызу жұмысқа кiрiсiп те кеттiк. Түркiстан халқы iскер, талапшыл, iске немқұрайлы қарамайтындығымен ерекшеленедi. Кей кезде орынды айтылған сындар да маған жұмыста үлкен күш бердi. Нәтижесiнде, бiрқатар жұмыстар атқарылды деп сенiммен айта аламын. Мен әкiм болып тағайындалғанда, Түркiстан қаласының бюджетi 9 млрд. теңгенi құраса, ол лауазымнан кеткенде, қала бюджетi 20 млрд. теңгеге жеттi. Қаланың бас жоспары бектiлiп, инфрақұрылымға, үлкен маңызы бар әлеуметтiк нысандарға көп көңiл аударуға тырыстым. Инвесторларды мүмкiндiгiнше көп тартуға күш салып, сол өңiр үшiн стратегиялық маңызды ауыл шаруашылығына басымдық бердiк. Содан болар, тамшылатып суғару бойынша облыста бiрiншi орынға шықтық. Қаланың ұзақ жылдар бойына тоқтап қалған орталықтандырылған жылу қазандығын iске қостық. Шама-шарқымызша өңiрдiң өнерiне мән берiп, зиялы қауымын, әйгiлi спортшыларын ұлықтауға тырыстық. Қала халқымен жақындасып, қоян-қолтық жұмыс iстегендiктен болар, Түркiстан мен үшiн ыстық. Сондықтан болар, өзiмдi әлi де түркiстандық ретiнде сезiнемiн! Менi жұмыста қолдап, жөн сiлтеген барша түркiстандықтарға алғыс бiлдiремiн.
— Жуырда Шымкент қаласында орналасқан ең үлкен, алпауыт базарлардың бiрi – «Бекжан» өртке оранды. Осы оқиғаға байланысты не айтасыз? Базар арқылы бала-шаға бағып, күн көрiп отырған қарапайым халық ендi не iстейдi? Бiлуiмiзше, бұрын базарда «заң талаптарының орындалуы мен қауiпсiздiк шаралары қарастырылмаған» деген әңгiмелер айтылуда. Жалпы, бұл мәселенi алдағы уақытта қалай шешпексiздер?
— Қаладағы үлкен сауда нүктелерiнiң бiрi «Бекжан» базарындағы өрт қала үшiн өте ауыр тидi. Ондағы сауда жасап, күн көрiп жүрген ағайынның қабырғасын қайыстырып кеттi.
Заң талаптары мен қауiпсiздiк шараларының қарастырылмауы туралы ақпарға келер болсақ объектiнi өрт қауiпсiздiгi бойынша тексеру қаладағы сауда нүктелерiнiң өрт қауiпсiздiгi шарттарына сәйкестiлiгiн анықтау мақсатында менiң бастамаммен және бақылауыммен қолға алынып, ағымдағы жылғы мамыр айының 29-ы мен маусым айының 28-i аралығында жоспардан тыс тексеру жүргiзiлген болатын. Тексеру барысында өрт қауiпсiздiгiне қатысты 14 кемшiлiк анықталып, 6 кемшiлiк тексеру барысында орындалған. Одан өзге 18 мамыр күнгi менiң №33 қаулыммен 7 маусым күнi «Бекжан» базарында жоспардан тыс өрт-тактикалық жаттығулары өткiзiлген болатын. Аталған шара барысында өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша жекелеген олқылықтар анықталып, базарға айыппұл салынған едi. Ал, анықталған кемшiлiктердi жою бойынша ағымдағы жылдың тамыз айына бақылаулық және жоспарлы тексерулер жоспарланған болатын. Әрине, өрт айтып келмейдi. Бiрақ оның алдын алу мақсатында осындай iс-шаралар өткiзiлген.
Өздерiңiз бiлетiндей, «Бекжан» базарында орын алып, ондағы ағайынға үлкен материалдық шығын келтiрген өрттiң салдарын еңсеру бойынша жергiлiктi билiк тарапынан бiрқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, өрттен зардап шеккендерге өз iсiн тоқтаусыз жалғастыру мақсатында қаланың өзге базарларын «Бекжан» базарының сатушыларына көмек жасауға шақырдық.
Осы iсте ерекше азаматтық танытып, өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында құрамына зардап шеккендердiң өкiлдерiн, мәслихат депутаттары мен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкiлдерi енген «Көмек-2012» қоғамдық қорын құрып, жұмыс iстеп жатқан қалалық мәслихат депутаты Нұрғазы Бұхарбаевқа, сонымен қатар, аузындағысын жырып, базардағы аға-йынға ақша аударған барша азаматтарға алғыс айтқым келедi.
Өрттiң шығуына қатысты ел арасында да, бұқаралық ақпарат құралдары арасында да неше түрлi алыпқашпа әңгiмелер жүр. Iстiң ақ-қарасын қазiр жүргiзiлiп жатқан тергеу амалдарының нәтижесi көрсете жатар.
Ал, өрт барысында зардап шеккен барша ағайынды сабырлы болуға шақырамын.
Облыс әкiмдiгi, қала әкiмдiгi тарапынан атқарылған iстер зардап шеккен халықтың мүддесiн қорғау мақсатында жасалды. Билiк өкiлдерi өрт болған күнi орасан материалдық зардап шеккен қарапайым халықтың жанынан табылды, олардың мұң-мұқтаждарын, тiлектерiн тыңдады. Базарға қатысты облыс әкiмiнiң қатысуымен өткiзiлген соңғы жиында билiк тарапынан базар иесiне зардап шеккендерге қосымша көмек көрсету туралы ұсыныс та айтылды.
Әр қиын жағдайдан сабақ алуымыз керек. «Бекжан» базарындағы өрттен кейiн қаладағы саудамен айналысатын ағайын, қала бердi өзге де азаматтар өз кәсiптерiн сақтандыруды, сонымен қатар өзiнiң құқықтық тұрғыдан дұрыс қорғалуын қолға алуы тиiс.
— Қала әкiмi мәслихат депутаттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстейдi. Биыл сайланған халық қалаулылары белсендi, ойын бүкпесiз ашық айтатындығымен ерекшеленiп жүр. Сессияда депутаттармен бiр мәселенiң төңiрегiнде келiспей қалатын тұстар орын алып тұрады ма?
— Өзiңiз бiлетiндей, билiк заң шығарушы, атқарушы және сот билiгi болып бөлiнедi. Аталған жүйеге сәйкес қала әкiмдiгi мен қалалық мәслихат тығыз ынтымақтастықта, бiрiн-бiрi толықтыра жұмыс iстейдi. Депутаттар — өздерi сайланған аумақтардың мыңдаған азаматтарының үмiтiн, мұң-мұқтаждарын, мәселелерiн арқалаған халық қалаулылары. Сондықтан, қалаға қатысты барлық маңызды iстер депутаттармен бiрлесе атқарылады. Жұмыс барысында, талқылау барысында қызу пiкiрталастар орын алып жатады. Оны жоққа шығара алмаймын, бiрақ ол — заңдылық, ел мүддесi үшiн шешiм қабылдау қашан да қиын, әрi үлкен жауапкершiлiк. Пiкiрталастар болғанымен, күн тәртiбiндегi мәселелердi үнемi ауызбiршiлiкпен шешуге тырысамыз.
— «Уақыт» газетiне сұхбат берген қалалық мәслихат депутаты Ғ. Ташқараев: «… Молдасейiтовтың жұмысының нәтижесiн таразылау үшiн уақыт керек. Қаланың қыр-сырына қанығу үшiн 3 ай аздық етедi» деп айтқан болатын. Сiз қаланың қыр-сырын, қоғамдық-саяси ахуалы мен әлеуметтiк-экономикалық жағда-йын толық бағамдай алдыңыз ба? Шымкентте шешiмiн таппай жатқан қандай мәселелер бар?
— Айтылған пiкiрдi орынды деп бiлемiн. Шымкент — Елбасы айтқандай, өзi маңыздылығы жөнiнен елдiң үшiншi қаласы. Қала неғұрлым үлкен болған сайын, проблемалары да соғұрлым ауқымды болады. Ауқымы бойынша, әрине, Түркiстанды Шымкентке теңей алмайсыз. Өзiм әкiм болып сайланған күннен бастап қаланың әлеуметтiк-экономикалық жағдайына, қоғамдық-саяси ахуалына мән берiп, шешiмiн таппай тұрған мәселелердi шешуге күш салудамын. Бiрақ, барлық мәселелердi күн тәртiбiне қоя алдым деп айта алмаймын. Барлық мәселенi бiр күнде шеше алмайсыз. Қаланың шешiмiн таппай келе жатқан өзектi мәселелерi қатарына бiрiншi кезекте инфрақұрылымды қояр едiм. Кез келген алпауыт қаланың тұрғын үйлерiнiң басым көпшiлiгiн, атап айтқанда, 70%-ын көпқабатты үйлер құрауы тиiс. Ал, Шымкентте тұрғын үйлердiң басым көпшiлiгiн бiр қабатты жеке сектор құрайды. Мұндай арасалмақта қаланың инфрақұрылымын дамыту қиын. Қала құрамындағы отыз шағынауданның ауызсумен, электр қуатымен, газбен қамтамасыз ету — күн тәртiбiндегi бiрiншi кезектегi мәселе. Бұл бағытта бiрқатар жұмыстар атқарылуда.
Атап айтар болсақ, 2012 жылы қаладағы 15 шағынауданның ауызсу жүйелерiнiң құрылысына жалпы көлемi 2 млрд. 845 млн. теңге қаржы қаралды. Сонымен қатар екi бағыттағы, солтүстiк-батыс және оңтүстiк бөлiктердiң магистралдық су құбырларын тартуға 857 млн. теңге қаржы қаралды.
Шымкенттi электр қуатымен толық қамтамасыз ету де — қиын мәселе. Алдағы уақытта қалаға жаңа подстанциялар салу — күн тәртiбiндегi тұрған кезек күттiрмес жобалардың бiрi. Қазiргi уақытта төрт подстанцияның (қуаты 220 кВт және 35 кВт болатын «Бозарық», қуаты 110 кВт «Астана-1, 2») жобалық-сметалық құжатын әзiрлеуге 58 млн. теңге қаржы қаралды. Одан өзге, «Тоғыс» шағынауданының электр желiлерiн тартуға 932 млн. теңге қаржы бөлiндi.
Қаламыз «көгiлдiр отынмен» де толық қамтамасыз етiлуi тиiс. Қазiргi уақытта жаңа алты шағынауданды газбен қамтамасыз ету мақсатында 973 млн. теңге қаржы қаралды.
Қаланы жылумен қамту да — күрделi мәселе. Себебi, бiр ғана жылу орталығының (ТЭЦ-3) әлеуетi жетiмсiз. Сондықтан, қаланы жылумен қамтамасыз ету мен оны тарату бойынша алда үлкен жұмыстар атқаруымыз керек. Қазiргi уақытта 9 шақырым коммуналдық меншiктегi магистралдық жылу құбырларын күрделi жөндеуге 476 млн. теңге, ал iшкi орамдық 17 шақырым жылу құбырларын ауыстыруға 162 млн. теңге қаржы қаралған.
Шешiлуi кезек күтпейтiн мәселелердiң бiрi — қаладағы жолдардың жайы. Шымкенттегi жолдардың бiр бөлiгiнiң сын көтермейтiндiгi де рас. Алдағы уақытта, қала жолдарын жөндеу, қала сырты мен iшiнде айналма жолдар салу, көшелердегi көлiк қозғалысын тиiмдiлендiру ойымызда. Биыл ұзындығы 202 шақырым болатын 166 көшенi орташа жөндеуге 5 млрд. 418 млн. теңге, сонымен қатар, Арғынбеков, Шаяхметов, Өтегенов көшелерiнiң құрылысына 207 млн. теңге қаржы бөлiндi.
Айтылғандардан өзге халық тарапынан көп айтылып, БАҚ-да көп көтерiлiп жүрген үлкен мәселе — қаладағы тазалық жайы. Бұл бағытта атқарылуы тиiс жұмыстар жетiп артылады. Менiңше, қаладағы тазалық үшiн билiктi бiржақты сынамастан, мәселенiң ортақтығын әрбiр тұрғынға жеткiзе бiлуiмiз керек. Әрбiр қала тұрғыны мен қонақтың қала тазалығына жанашырлықпен қарауы аса қажет. Себебi қала — ортақ үйiмiз. Бұл шешiмiн табуы тиiс мәселелердiң бiр қыры ғана. Қаланың кәрiз жүйесiн, қоқыс полигонын қала сыртына шығару жоспарымызда бар. Қазiргi уақытта қаланың жаңа бас жоспарының бекiтiлуiн күтiп отырмыз. Бiрер күнде бас жоспар бекiтiлсе, қаланың бiрқатар мәселелерiн шешуге сөзсiз оң ықпал етер едi.
Әрине, бiр сұхбат көлемiнде барлық мәселенi егжей-тегжейлi айту қиын, тiптi мүмкiн емес. Сондықтан алдағы уақытта атқарылар шаруалар туралы БАҚ тұрақты түрде құлағдар етемiз.
— Қарапайым адамды белгiлi тұлғалардың өмiр-тарихы қызықтырмай қоймайды. Өзiңiз Жамбыл облысының тумасы екенсiз. Оңтүстiкке қалай келдiңiз? Қандай ортада өстiңiз? Отбасыңыз жайында айтып өтсеңiз.
— Өз басым Жамбыл облысы, Оңтүстiк Қазақстан облысы деп бөле жара қарамаймын. Екi облыс та — ежелден өмiр салты мен тұрмысы етене жақын көршi облыстар. Әрi тұтас оңтүстiк аймағы ретiнде қарастырылады. Өзiмнiң өмiр жолым туралы айтар болсам, Кенен Әзiрбаев сынды танымал ақын шыққан Жамбыл облысының Қордай ауданында қарапайым шопанның отбасында дүниеге келдiм. Әкем Құсейiн аудандағы маңдай алды шопандардың бiрi болды, Еңбек қызыл ту орденiнiң иегерi. Бiрақ, өмiрден ерте кеттi. Әкемiз қайтыс болғаннан кейiн тұрмыстағы бар ауыртпашылық, жас бала-шағаның тәрбиесi анамыз – Рысбүбiнiң иығына түстi. Анамыз барлығымызды өсiрiп, жетiлдiрдi, бiлiм бердi. Ол үшiн ол кiсiнiң алдында мәңгi қарыздармыз. Анам осыдан екi жыл бұрын о дүниелiк болды. Бауырларыма келер болсам, он ағайындымыз. Мен бесiншiсiмiн. Бiрақ, менен өзгелерi мемлекеттiк қызметте емес. Кәсiпкерлiкпен айналысады. Өз отбасыма келер болсам, қазiр төрт перзентiм бар. Үш қыз, бiр ұл. Қыздарымның бәрi — мектеп оқушылары. Ал, ұлым мектеп жасына жеткен жоқ. Жұбайым Жанар — кәсiбi бойынша медицина саласының қызметкерi. Бiрақ қазiр бала тәрбиесiмен үйде отыр.
— Бұқаралық ақпарат құралдарына деген сiздiң көзқарасыңыз қандай? Жергiлiктi бiр газетте сiз жайлы сын мақала жазылды. Басылымдарда өзiңiз жайлы жазылған сынды қалай қабылдайсыз?
— Бұқаралық ақпарат құралдары — халықтың көзi мен құлағы. Қоғамда болып жатқан оқиғалар туралы елдi ақпараттандырып отыратын сала. Бұқаралық ақпарат құралдарына оң көзқарастамын. Кез келген деңгейдегi басшының қызметiне қа-тысты БАҚ саласының сыны болғаны дұрыс, билiктегiлер күнделiктi көп жұмыстың бiрiмен жүрiп, кей iстердi ұмыт қалдыруымыз мүмкiн. Қазақта «сын түзелмей, мiн түзелмейдi» дейдi ғой. Менiңше, сынның нақты дәйектерге негiзделгенi һәм орынды болғаны дұрыс. Берiлген сыни ақпараттың бiржақты емес, сыналған жақтың да уәжiн қоса қамтығыны дұрыс деп есептеймiн. Сонда ақпар да жүйелi әрi толымды болмақ. Әрi сынға ұшыраған бағыттағы жұмыс шынында да солай болса, әрине, оны дұрыстауға күш салынады.
— Қайрат Құсейiнұлы, сұхбат барысында қойған сұрақтарымызға ашық, әрi нақты жауап бергенiңiз үшiн сiзге алғысымды бiлдiремiн.
Сұхбаттасқан Талғат БАЛТАБАЕВ.
Сiз не дейсiз?
– Қайрат Молдасейiтов Түркiстанда әкiм болып жүргенде өз қаржысынан арнайы ақша бөлiп, бiрнеше адамға үй әперiптi. Мәселен, республиканың байлығы — 20 адамның қолында. Ал, солардың барлығы әншейiнде «мен бүйтiп жатырмын, сүйтiп жатырмын» деп айтады. Бiрақ олар өз қалтасынан бiр тиын шығармайды. Бұл жерде Қайраттың азаматтығы — өз бизнесiнен арнайы қаржы бөлiп, адамдарға үй алып бергендiгiнде. Мұндайды бұрын-соңды ел iшiндегi қалталылардан кездестiрмеген едiм. Менi ең алғаш Қайрат Молдасейiтовпен Түркiстандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк универсететiнiң президентi Лесбек Тәшiмов таныстырған болатын. Ол кiсiден де Қайрат жайлы жақсы пiкiр естiдiм. Елiмiзде қаптаған кәсiпкерлер мен билiк партиясында жүрген азаматтар көп. Соның бәрi кезiнде мемлекеттiң есебiнен байып алды. Ал, бiрақ ондай азаматтар бас пайдасынан арыға бара алмайды. Бұл жағынан келгенде Қайрат Молдасейiтов дараланып отыр. Өз басым бұл жiгiттi бағалаймын.
Сiз не дейсiз?
– Мен Қайрат Молдасейiтовтi Түркiстан қаласына әкiм болып келгеннен берi бiлемiн. Ол әкiмдiкке кәсiпкерлiктен келдi. Мемлекеттiк қызмет саласында тәжiрибесi болмаса да, тез арада өзiнiң iзденiмпаздығының, алғырлығының, iскерлiгiнiң, бiлiктiлiгiнiң арқасында өзiн биiктен көрсете алды. Өңiрдiң мәслихат депутаттарымен қоян-қолтық араласып, мемлекеттiк қызмет саласын тез меңгерiп кеттi. Ауданның әлеуметтiк-экономикалық саласын дамытуда Қ.Молдасейiтов елеулi еңбектер атқарды. Керек болатын болса, қаланы абаттандыру, көрiктендiру ол кiсiнiң жұмыс iстеп тұрған шағында керемет дамыды. Шаһардың канализация мәселесiн шешiп, ауызсу мен тозығы жеткен жолдарды қалпына келтiруде, қалаға жаңа ғимараттар салуда Қайрат қарқынды еңбек еттi деп айта аламын. Түркiстанның халқы сондай талғампаз. Өзiнiң халықаралық университетi бар. Сол жақта әкiм болып қызмет атқарған кездерi шыңдалды, ысылды, мол тәжiрибе жинақтады. Қазiр Шымкент қаласына әкiм болып тағайындалыпты. Ендi ол өзiнiң iскерлiгiнiң арқасында халыққа көп қызмет жасайды деп ойлаймын. Жалпы, оның ойы терең, бiлiмi ұшқыр жiгiт. Ол тек бiр саламен емес, барлық саланы қамтып жұмыс атқаруда. Елбасымыз орта және шағын бизнесты дамытуда әкiмдердiң алдына үлкен мәселе қойып отыр. Соның iшiнен қайнап шыққан, саланы терең бiлетiн азаматтың қала әкiмi болуы ондағы бизнестiң дамуына үлкен ықпалын тигiзедi. Қайрат Молдасейiтовтың Шымкент қаласына әкiм болып келуi — облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың дұрыс таңдауы, Елбасы да, Президент әкiмшiлiгi де дұрыс шешiмге келген. Қайрат мырзаға ақ жол тiлеймiн, ел үшiн аянбай еңбек етсiн. Шымкент қаласын көркейтiп, өңiрдiң әл-ауқатын арттыра беруiне тiлектеспiн.
Сiз не дейсiз?
– Қайрат Молдасейiтов — өмiрдi көрген, кәсiпкерлiк саласында мол тәжiрибе жинақтаған азамат. Түркiстан қаласында жасаған игiлiктi тiрлiктердiң жемiсiн халық көрiп жатыр. Қайраттың Шымкентке әкiм болып келгенiне шынымды айтсам, қатты қуандым. Осы жiгiттен келешекте жақсы жаңалықтар күтемiн. Жұмыстың көзiн бiлетiн, өндiрiс саласын жақсы игерген, бизнес саласында өзiндiк қолтаңбасы қалыптасқан әкiм. Егер өзiнiң өмiрлiк тәжiрибесiн Шымкентте жақсылап қолданып, оны өмiршең етсе, одан жергiлiктi халық ұтылмайды. Кейiнгi кездерi Қазақстанда ең көп айтылып жүрген «кедейшiлiктен байлықтың айырмасы көп болып кеттi» деп жатыр ғой, сондай айырмашылық болмайтын едi. Қазiргi кезде көпшiлiк жерлерде айтылып жүрген мәселелердiң бiрi — қолжетiмдi баспана, қолжетiмдi балабақша дегендерге жеке инвестор тарту мәселесiн қолға алу керек. Қайрат Молдасейiтовте оны iске асыратын тәжiрибе бар. Осы салада жұмысын жалғастыратын болса, ол-халықтың көкейiнен шығады. Мен Қайраттың қолынан iс келетiнiне сенемiн.
Сiз не дейсiз?
– Қайрат Молдасейiтов бұрын менiмен бiрге ОҚО мәслихатының депутаты болған. Ол — барды бар, жоқты жоқ деп айтатын жiгiт. Негiзi, оның қалтасы тоқ, көрiнгеннiң бес-он теңгесiне қарап қалған адам емес. Өз басым ол қаланың көркеюiне атсалысып, барлық нәрсенi әдiл шешедi деп ойлаймын. Әкiм болмай тұрып, бизнестiң шыңына жеткен жiгiт қой. Қолынан iс келетiнiне сенiмдiмiн. Келгенiне төрт айдан асқан әкiмнiң жұмысы туралы қазiр ештеңе айта алмаймын. Оның жұмысы екiншi жартыжылдықта белгiлi болады. Қазiргi кезде ол кiсiнiң бастамасымен көпқабатты үйлердiң аулаларын жөндеуге қаржы бөлiндi, жұмыс iстелiнiп жатыр. Тағы бiр айтатын жайт, бұрын салынған үйлердiң жертөлелерiндегi су жүйелерiн жөндеудi қолға алыпты. Оған бюджеттен қаржы бөлiнбесе де, бюджеттiң ақшасына телмiрмей, қаладағы кәсiпкерлердiң басын бiрiктiрiп, халық үшiн қымет етуде. Бұл iске өзiм 250 мың теңге ақша бердiм. Қазiргi таңда қала әкiмi мен кәсiпкерлердiң бiрiгiп қимылдап жатқан жайы бар. Бұрынғы әкiмдерден Қайраттың ерекшелiгi – ол жеке кәсiпкерлердi қала халқы үшiн игi iстерге жұмылдыруда.
Сiз не дейсiз?
– Қайрат мырза Түркiстанда бiраз шаруаны еңсердi. Шымкент қаласына әкiм болып келгелi, бiраз жобалардың басын бастап қойды. Әкiм ретiнде айтып отырған ұсыныстарын қолдауға болады. Оның ұсынып отырған жобалары өте құптарлық. Түркiстанда 2 жылдан астам уақыт қызмет жасап, ол жақтың халқының сүйiспеншiлiгiне бөлендi. Жақсы бастамаларды жүзеге асырып, бастамашыл әкiм ретiнде Түркiстанда iзiн қалдырды. Шымкентте де осылай жұмыс iстесе, Шымқаланың тарихында аты қалады деп ойлаймын. Қазiргi таңда әкiм қаланың өзектi мәселелерiн көтерiп, оның шешу жолдарын қарастырып жатыр.