ОҚО-НЫҢ ӘКІМІ АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ ӨЗІ ТАҒАЙЫНДАҒАН КАДРЛАРЫ ҮШІН ЖАУАП БЕРУГЕ ТИІС

460
0

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жиырма жыл ішінде тіл айтып жеткізгісіз жетістерге қол жеткізді. Кешегі қызыл империяның кезінде одақтас республикалардың бірі болған Қазақстанды бүгін тану қиын. Адам айтқысыз дәрежеде өзгерген. Қай саланы алып қарасаң да үлкен өрлеуді, тамаша да-муды аңғарасың.
Елбасы Қазақстанды байыту мен гүлдендірудің кемел жолы — индустрияландыруды қолға алды. Индустрияландырудың 2010-2014 жылға арналған стратегиялық жоспары жасалынды. Жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамудың төрт бюджеттік бағдарламасы негізделді. Елбасымыз бұл бағалы бағдарламаларды былайша атады: «Бизнестік жол картасы-2020», «Экспорт-2020», «Инвестр-2020» және «Өнімділік-2020». Бұл бағдарламалардың барлығына мемлекет тарапынан қаржы бөлінді.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы» бірқатар кәсіпорындарды қамтыды.
«Өнімділік-2020» бағдарламасы технологиялық жаңартуға және экономиканың өнімділігін арттыруға мұрындық болып отыр. Елімізде индустрияландыру картасына инвистициясының жалпы көлемі 6,5 триллион теңге болатын 162 жоба енді.
Елбасының тікелей тапсырмасымен 2010-2014 жылдәрға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдәрлама жүзеге асырыла бастады. Экономиканы әртараптандыру, Қазақстандық қамтуды ұлғайту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді молайту, өндірістің жоғары технологиялық экономикасы-на көшу, міне, осының бәрі аталмыш бағдарламаның негізгі мақсаты.

Қазақ жері — үсті сұлулыққа, асты байлыққа толы киелі мекен. Сол байлықты ел игілігіне пайдалану — негізгі мақсат. Ал байлықты игерудің, өндірісті дамытудың негізгі кілті адамдардың бірлігінде жатыр.
Енді басты тақырыбымыз — Оңтүстік аймағына ауысайық.
Оңтүстік Қазақстан облысында 2011 жылғы санақ бойынша республика халқының 20%-ы тұрады екен. Облыс халқының 70 пайыздай басым бөлігін қазақтар құрап отыр.
Оңтүстік Қазақстан облысы — республикадағы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының барлық салалары дамыған, еңбек ресурстары жеткілікті аймақ. Облыс кәсіпорындары Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9%-ын өндіреді. Елімізде шығарылатын трансформаторлардың 98,6%-ы, фармацевтикалық препараттардың 70,1%-ы, минералды және газды сулардың 51,5%-ы, мотор майының, бензиннің 38,9%-ы, рафинатты қорғасынның 23,6%-ы, цементтің 19,7%-ы, тағы да басқа өнімдердің басым бөлімі осында өндіріледі.
Облыс өнеркәсібінде 147 ірі және орта кәсіпорын бар екен. Біз ең ірілерін ғана айтып отырмыз.
Ал енді осы республика көлемінде алар орны ауқымды, маңызы ерекше облыста соңғы уақытта халық көңілінен шықпайтын дау-дамайлы істердің көбейіп кетуіне не себеп деген сауал төңірегінде сөз қозғап көргелі отырмыз. Алдымен осы облыстағы кадр мәселесіне тоқталайық. Бәсекеге қабілетті ел қатарына кіру үшін — ең алдымен әр ауылдағы, аудандағы, облыстардағы кадрларды күшейту болса керек. Жоғарыда айтқанымыздай, халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан кадрлар еліміздің барлық өңірлерінде абыройлы қызмет атқарып жатыр. Атап айтар болсақ, Шығыста, Батыста, Орталық Қазақстанда, Солтүстік Қазақстанда ел басқарып, еліміздің өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосып келе жатыр. Бұл мысалды неге айтып отырмыз? Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов: «Облыс аймағындағы соңғы уақыттарда болып жатқан апаттар кадрдың жетіспеуіне байланысты орын алып отыр», — деуінен танар емес.
Ал бүгінгі күні басты кадр болып отырған облыс әкімінің орынбасары Болат Әлиев кім еді? Көзі қарақты оқырман Болат Әлиевтің екі рет істі болып, темір тордың арғы жағында отырып келгенінен де хабардар болар. «НұрОтан» ХДП-сы жанындағы республикалық қоғамдық жемқорлықпен күрес кеңесінің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов тексеру жүргізіп, «Болат Әлиев қызметке сай емес, орнынан алынсын» деген шешім шығарғанымен, «мықты кадр» орнынан қозғалар емес. Өйткені бүкіл облыс аймағында осы «мықты кадрдың» кеңесімен тағайындалған адамдары қызмет атқарып жатыр. Байқағандарыңыздай, облыстағы кадр мәселесінде осы Болат Әлиев мырзаның сөзі өте өтімді.
Жоғарыда айтылған Елбасымыздың тапсырмасымен Қазақстанда атқарылып келе жатқан бағдарламаларды іске асыру үшін өткізілетін тендерлер мәселесіне аздап қана тоқталайық. Бұл мәселе де Мырзахметов пен Әлиевтің «батасын» алмай мүлде шешілмейтін болды. Оңтүстік Қазақстан облысы қүрылыс басқармасының басшысы Альмира Орманшина, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығы Әбілсейіт Рабаев, ОҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Батырбек Көшербай, бәрі тек облыс әкімі Мырзахметов пен Әлиевтің тікелей қатысы бар, соларға ғана «жұмыс істейтін» серіктестіктерге тендер береді. Ал қалғандары берілетін қаржыдан 15-25 пайыз «откат» берген күнде ғана тендер ала алады. Оған кірудің өзі мүмкін емес екенін екі кәсіпкердің бірі дәлелдеп бере алады.
Бұдан қандай сапалы үйлер, сапалы жолдар салуға болады? Бұл кадрлар жайлы Оңтүстік жақта тұратын халық арасында гу-гу еткен әртүрлі әңгіме өте көп. Әлгі қазақ айта беретін «мен де аң-таң, апам да аң-таңның» кері ғой. Өйткені әлі оң-солын танып үлгермеген кешегі тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары емес қой бұл. Жақсы мен жаманды, адал мен харамды айыра білетіндей жағдайдамыз.
Осы жерде облыста аттары елге жақсы жатталып қалған серіктестіктерді де айта кетейік. Олар: «Шымкентстрой» ЖШС, «БРАЙМ Керамик» ЖШС, «Сити-Строй ІТО-7» ЖШС, Шаңырақ XXI» ЖШС, «Айжамал» ЖШС, «Шымкент-газ ДС» ЖШС, «Юг-Строй-Сервис ҮІІ» ЖШС. Бұлар облыс әкімі Мырзахметов пен оның орынбасары Әлиевтің ерекше қамқорлығындағы серіктестіктер екенін халық өте жақсы біледі. Бұл серіктестіктер туралы нақты деректер мен дәйектер қажет кезінде тиісті орындарға тап-сырылатын болады.
Енді Мырзахметовтың тағы бір «мызғымас» кадрына тоқталайық. Ол — облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Әли Бектаев мырза! «Үлкен кадр». Оның бір-ақ «қырын» айтайық — облыс әкімі сеніп тапсырған Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы. Әли Бектаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жұмағали Исмаиловтың арасынан қара мысық өтіп кетті ме, кім білсін, әйтеуір соңғы уақыт екеуі соттасып жатыр. Ал бұлар соттасып жатқан кезде соңғы бір айдың ішінде алты жүкті ана бала үстінен қаза тапты. Бұлардың соттасуларының соңы ана мен бала өлімінің күрт өсуіне алып келіп, бүкіл Қазақстан бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды. Мұнан ары жалғастыруға қаламында күші жетпейтін сияқты.
Енді ең маңызды басқарма – Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы. Оның жұмысы қандай екенін департамент басшылығына Оңтүстікті жақсы білмейтін Дінмұхамед Әбсаттаров деген мырза келгенін айтсақ та түсінікті болар. Бірақ бұл бір оңтүстік үшін оң жамбастан келмей тұрған басқарма болғанын да айта кетейік. Олай дейтініміз, мұнда бір жылдың ішінде үш басшы ауысты. Жоғарыда астын сызып «ең маңызды» деуіміздің себебі — облыстың бүкіл қызметін жандандырып отырған кәсіпкер-лердің осы департаменттің атын естісімен-ақ зар жылайтынынан айтқан едік. Оны әрбір кәсіпкер дәлелдейді және зар жыламай, жай айта алмайды.
Енді ең сорақысы — облыстағы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Оны Атыраудан келген бұрынғы полиция қызметкері Мұхит Отаршиев деген азамат басқарып отыр…
Осындай кадрлары бар облыстағы биылғы апаттар салдарын сабылып алыстан іздеудің де керегі жоқ сияқты. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз, қадірлі оқырман. Осы департаментке облыс аумағындағы табиғатты қорғауға, каналдарды тазалауға 11 миллиард қаржы бөлініпті.
Қаншама жылдардан бері қандай апатқа да, су тасқынына да төтеп беріп келе жатқан, осы ауданды су алады-ау деп адам баласының ойында болмаған — Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді-мекенін су алуы да тегін емес. Тек су шаруашылығында 25 жыл үздіксіз қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан ауыл ақсақалы Аман Сағымбеков қауіптің алдын алу мақсатында аудандық «Ордабасы оттары» газетінің 2011 жылғы 15 қазанындағы санына «Шырылдап айтсам шындықты» атты мақала жазып, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлебаевқа, «НұрОтан» партиясының аудандық филиал басшылығына, мәслихат хатшысы Перналы Жұрманға алдын алу шараларын айтып тіпті, кестесін де сызып беріпті. Ал аудан әкімі болса шырылдаған Аман Сағымбековты танымайтын да болып шықты.
Сонда жоғарыда келтірілген ел бюджетінен бөлінген 11 миллиард қаржы қайда жұмсалған? Осы апат салдарынан ауданда үш мектебі жарамсыз боп, қаншама халыққа қызмет көрсететін орындар, көп үйлер құлап қалды.
Бұл жөнінде облыс әкімі: «Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 120 елді-мекенді су шайып кету керек еді, біз өзімізге тапсырылған қызметті жаксы атқарғандықтан 52-ақ елді мекенді су алды», — дейді. Ал енді осы сөзді түсініп көріңізші. Сонда қалай, олар апат болатынын алдын-ала біліп отыра беретін болғаны ғой. Немесе аз елді мекенді су алды деген үлкен өкініші тұрған сияқты ма, қалай өзі. Міне, халық осыны түсіне алмай дел-сал болып отыр. Әлде әкімдерге апаттың алдын алудан гөрі апатпен күрескен тиімді ме екен?
Тағы да ОҚО-ның Мақтарал ауданында ауыз су құрылысына жұмсалған 32 миллион теңге желге ұшты. Мұндай халық игілігі үшін бөлінген, бірақ игерілмей, кадрлардың қырсыздығынан қаржының желге ұшқаны туралы мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Түркістан қаласының дамуы Елбасының нақты бақылауында тұрғаны белгілі. Осы Түркістан қаласының әкімі, бүрынғы кәсіпкер Қайрат Молдасейітов халықпен сөйлесу мәнерін де білмейтін болып отыр.
Енді тағы да бір үлкен басқарма — энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасын да айта кетейік. Оның басшысы Батырбек Көшербайдың осы қызметке дейін ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма бастығы лауазымы Темірландағы Найманарықпен аяқталса, Көшербай мырзаның жаңа қызметке тағайындала сала өткен қыс тағы Кентаудағы апатпен басталды. Басталды дей салу оңай, иә, жан түршігерлік оқиға болды. Кентаудағы отыз градустық қақаған суықта мазут отыны суықтан қатып қалуынан бүкіл Кентау шаһары жылусыз қалды. Қара халықтың қолынан келер шарасы таусылып, туыс, жекжат, таныс іздеп тентіреп кетті.
Ал осы халықтың ауыр жағдайын шешу үшін шара қолдану орнына облыс әкімі Мырзахметов Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмұрзаевқа ескерту берумен ғана шектелді. Баспасөз бен теледидардан берген сұхбаттарында: «Әр үйге электр жылытқыш құралын тараттық» -деді.
Қалмұрзаевқа әкім ескерту берумен ғана шектелгенімен, халық қалаулылары сенімсіздік танытып, оңтүстіктегі баспасөзде үндеу жариялап жатыр.
Сондай-ақ, А.Мырзахметовтің Шымкент қаласының әкімі А.Жетпісбаевқа өте кешіріммен қарайтын ерекше мейірімінің астарында қандай құпия сыр барын ел әлі түсіне алмай дал болып жүр. 2010 жылы «НұрОтан» партиясының Шымкент қалалық филиалы қала партактивін жинап, қала әкімі Арман Жетпісбаевтың біржарым жылдық жұмысын қанағаттанғысыз деп тауып, сенімсіздік білдірген еді. Осы жиында қала әкімі А.Жетпісбаевтың әкім ретінде қаланы игеруге қабілеті жетпейтіні де ашық айтылған болатын.
Осы мәселелерге Үкімет басшысы не дейді екен? Айдың, күннің аманында бір емес, бірнеше рет сүрінген Мырзахметов мырза жайлы, «осы Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған үш жылда ол не бітірді, халықтың көңілінен шықты ма?» деген заңды сұрақ туындайды.
Үкімет басшысы мен Елбасы осы мәселелерді білмейді деп айта аламыз ба? Ал егер білетін болса, Мырзахметов жайлы бір шешімге келетін уақыт келген жоқ па? Біздің де, халықтың да Мырзахметов мырза басқарған сан түрлі апаттар жиілеп кеткен осы Оңтүстік Қазақстан облысына жиі келетін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Қазақстан Республикасының бірінші вице-премьері Серік Ахметов, ҚР «НұрОтан» ХДП-сы төрағасының орынбасары және Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматуллин сияқты жоғары лауазымды басшылардың облыс әкімімен және оның орынбасарларымен, әлгінде біз жоғарыда сөз еткен басқарма басшыларымен ғана кездесіп, «бәрі жақсы, бәрі дұрыс» деп жылы жауып қоя салуларының сыры неде екен деген сұрақ бізді үнемі мазалайды.
Жоғары лауазымды мырзалар халықпен кездесуге уақыттары жоқ болса, тым болмаса сол халық сайлаған депутаттармен неге бір рет кездесу өткізбейді екен? Ол халық қалаулылары «халықтың көкейіндегісін жоғарыға жеткізер еді ғой» деген заңды сұрақ та мазалай береді. Сұрақ көп, жауап жоқ…
Президенттің Шымкентті тәуелсіз еліміздегі үшінші қалаға айналдыру жөніндегі тапсырмасына орай облыс орталығы мен аумағында қарқынды құрылыс жүмыстары жүргізіліп жатқан осы шақта облыс халқы істің әділдігіне жүгінгісі келмейтін Асқар Мырзахметов жайлы Ел басшылары бір шешімге қашан келер екен деп зарыға күтіп отыр.
Президент Нұрсултан Назарбаев мемлекет деңгейі мен халықтың жағдайын жақсартудың міндеттерін саралай келе, кадрлық саясат мәселесіне жаңа мағынада ерекше мән беру керектігін үлкен сынмен, қатаң қадап айтқан болатын. Сонымен қатар, Елбасы: «Кімде-кім жемқорлық қылмыс жасаса, ол мемлекеттік қызметте болмауға тиіс және қайта оралмауы керек», — деп нақты айтқан жоқ па? Ал ОҚО-ның әкімі Асқар Мырзахметов Елбасымыздың сенімінен шыға алды ма? Ол Оңтсүтік Қазақстан облысына әкім болған үш жылдың ішінде кадр мәселесінен бірнеше рет қатты қателескенін республикалық, облыстық баспасөз беттерінде халық ашық та ашына жазып жатыр.

Әділет ХАЛЫҚҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы,
«Ұлы дала» газеті.