ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Түркістан облысында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері және аудан-қалалық комиссия төрағалары қатысты. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, өңірдегі отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және әлеуметтік қолдау шаралары талқыланды.
Әлемдік деңгейде гендерлік теңдік пен отбасы институтын сақтау мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Қазақстан да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Түркістан өңірінде де отбасылық құндылықтарды сақтау, әйелдер қауымының әлеуметтік белсенділігін арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бағытында нақты жобалар іске асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, әйелдердің қоғамдағы орны жылдан-жылға артып, олар түрлі салада еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосып келеді. Жиында негізгі мәселелердің бірі ретінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар жайы қозғалды. 2025 жылдың алғашқы жеті айында жүргізілген талдау нәтижесінде мұндай санаттағы 69 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіштің төмендемей отырғаны алаңдатарлық жағдай. Оның негізгі себептері ретінде әлеуметтік тапшылық, отбасылық жанжалдар және бақылаудың жеткіліксіздігі атап өтілді. Бейсенбай Дәулетұлының айтуынша, әсіресе жазғы демалыс кезінде балаларды назардан тыс қалдырмау аса маңызды. Білім беру мекемелерінен бастап колледждерге дейінгі деңгейде жүйелі бақылау жүргізу, профилактикалық шараларды күшейту – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі.
Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік проблемаларды шешу үшін облыста арнайы қолдау орталықтары құрылды. Түркістан облыстық психологиялық қолдау орталығы және 17 аудан мен қаладағы отбасын қолдау орталықтары өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Жыл басынан бері бұл орталықтарға 3800-ден астам өтініш түсіп, 5 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Мұндай орталықтар тек кеңес беріп қана қоймай, нақты психологиялық, әлеуметтік, құқықтық қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда бұл орталықтарда 284,5 штаттық бірлік қарастырылып, кәсіби мамандар жұмыс істейді. Статистикалық деректер Түркістан облысының әлеуметтік бейнесін айқын көрсетеді. Облыс халқының саны – 2,1 миллион адам. Оның ішінде 49 пайызы әйелдер. Республика бойынша көпбалалы аналардың басым бөлігі – осы өңірдің тұрғындары. Атап айтқанда, 185 мыңнан астам көпбалалы ана Түркістан облысында тұрады. Бұл – елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, бүгінде аймақта 55 мыңнан астам адам немесе 8935 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл да өңірде әлеуметтік қолдау саясатының маңыздылығын көрсетеді. Әйелдердің қоғамдағы орны тек әлеуметтік салада емес, экономикалық және саяси бағыттарда да артып келеді. Түркістан облысында нәзікжандылар кәсіпкерлікпен айналысып, жаңа жұмыс орындарын ашуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында оларға жеңілдетілген несие мен гранттар беріліп, бизнесті дамытуға мүмкіндік жасалуда. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі әйелдер қауымы да белсенділік танытып, агроөнеркәсіптік жобаларды іске асырып жүр.
Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, ең өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Бұл мәселе бүкіл ел бойынша күн тәртібінен түспей келеді. Түркістан өңірінде аталған мәселенің шешімі ретінде қоғамдық қабылдау орталықтары, сенім телефондары және психологиялық қолдау қызметтері белсенді жұмыс атқаруда. Дегенмен, түбегейлі нәтиже үшін қоғамның барлық деңгейінде – отбасыдан бастап мемлекеттік құрылымдарға дейін – жүйелі жұмыс жүргізілуі қажет. Жиын барысында көтерілген тағы бір маңызды тақырып – ерте жүктіліктің алдын алу. Соңғы жылдары алдын алу шаралары нәтижесінде бұл көрсеткіш төмендегенімен, мәселе толығымен шешілген жоқ. Бұл бағытта ата-аналардың жауапкершілігі, білім беру мекемелерінің тәрбиелік жұмысы және жергілікті биліктің жүйелі саясаты қатар жүруі тиіс.
Қорытындылай келе, Түркістан облысында өткен комиссия отырысы әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелерін айқындап берді. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасы институтын нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – өңірдің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Орталықтардың жұмысын күшейту, білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру және қоғамдық бақылауды кеңейту арқылы бұл бағыттағы нәтижелерді жақсартуға толық мүмкіндік бар.