ТАБИҒИ ТАЗА ӨНІМ АҒЗАҒА ПАЙДАЛЫ

63
0

Шымкент қаласының өндіріс саласында кишмиш, өрік, алма, алмұрт жемістерін экологиялық таза әдіспен кептіру технологиясын енгізу және тарату инновациялық жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Еліміздің үшінші мегаполисінің өндіріс саласында кишмиш, өрік, алма, алмұрт жемістерін экологиялық таза әдіспен кептіру технологиясын енгізу және тарату инновациялық жобасы жүзеге асырылуда. Инновациялық жобаның басты мақсаты – халықты химиялық консерванттар мен реагенттер қоспай дайындалған, адам ағзасына пайдалы жеміс-жидектермен қамтамасыз ету.
Кептірілген жемістердің кең ассортиментін дайындау мақсатында жергілікті кооперативтер мен жеке шаруашылықтарға инновациялық технологияны енгізу мен тарату жоспарланған. Өзара бәсекелестік ортада өндірілген өнімнің сапасы жоғары болады. Осылайша «Made in Kazakhstan» маркасы бар, экологиялық таза, сапалы, брендтік өнімдерді экспорттау өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыратындығы сөзсіз. Сондай-ақ ауқымды жоба халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз етуге де ықпал ететін болады.
Айта кету керек, Қазақстанда кишмиш, өрік, алма, алмұрт жемістерін кептіру арқылы дайындау технологиясы болмаған. Дайын өнімдер Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдерінен жеткізілетін.
Кептірілген жемістердің ең басты құндылығы – ағзаға қажетті минералды заттарға бай. құрамында май жоқ. Бұл жемістің балғын жеміс-жидектерден айырмашылығы – сусыз болуы. Алайда кептіру кезінде пайдалы дәрумендер мен минералды заттардың жартысы жоғалады. Ал қалған микроэлементтер – натрий, магний, калий, кальций, темір және пектин мен жаснұқтар сақталады.
Айта кету керек, Шымкентте жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2022 жылға 15,7 млрд. теңге қаржы бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 12,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд. теңге. Жалпы жыл басынан 11,1 млрд. теңгеге 3 028 жобаға қолдау көрсетілген.