ШЫМКЕНТТІҢ ОҚУШЫЛАР ПІКІРСАЙЫС АЛАҢЫНДА КЕЗДЕСТІ
Шымкент қаласы білім басқармасының қосымша білім беру оқу орталығының ұйымдастыруымен №41 мектеп-лицейі базасында «Мен өз елімнің азаматымын!» атты тақырыбында дебат турнирі өтті.
Шараның мақсаты — мектептердегі дебат қозғалысын дамыту және өскелең ұрпақтың қазақстандық патриотизмі мен азаматтылығын қалыптастыру.Турнир АПФ фарматында өтті. Оған №24, №25, №38, №41 мектептер қатысты. Пікірсайыстың қорытындысы бойынша І орын №41 мектеп-лицейінің білім алушылары Жұманазар Бағжан, Исменбетова Қарлығаштан құралған «Жас дарын» фракциясына бұйырды. Жүлделі ІІ орынды №38 мектеп-гимназиясының білім алушылары Алпысбай Кәмшат, Жандарбек Тамирланның «Ұшқын» фракциясы еншілесе, ІІІ орын №24 ІT мектеп-лицейінің білім алушылары Орал Ерасыл, Сұлтан Ақниеттің «Рузты болашақ жастары» фракциясы және №25 мектеп-гимназиясының білім алушылары Сейтбек Ақниет, Жақсыбекова Сымбаттан құралған «БНЛ» фракциясы жеңіп алды. Пікірсайыс соңында төреші, «Болашақ» пікірсайыс орталығының аға буыны Құнанбек Жеңіс өз сөзінде өнерін жоғары бағалап, оқушыларға алдағы пікірсайыстарда сәттілік тіледі. Пікірсайыс ойыны фактілерді зерттеуге, болжауға, жүйелеп сөйлеуге, өз көзқарасын ашық та жүйелі етіп дәлелдеуге және өз бағытын дұрыс ұсынуға жетелеуге, қаншалықты шынайы ақпарат егендігін негізге ала отырып шешімдер қабылдауға тәрбиелейді.
Айта кету керек, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов дебат қозғалыстарын жандандыру және мектептегі өзін-өзі басқару туралы пікір білдірген болатын. Өз сөзінде министр «Дебатқа алғаш рет курстасымның өтініші бойынша қатыстым. Негізі ойынға басқа азамат шығуы керек болатын, бірақ ол бара алмады. Әр ойын сайын тәжірибе жинап, жарты жылдан кейін факультет деңгейінде, кейін университет, қала, облыс деңгейінде жеңімпаз болдық. Одан кейін Ұлттық пікірсайыс турнирі болды. Сол жылдары дебат қозғалысы өте белсенді дамып жатты. Әрбір университет пен мектеп қабырғасында дебат клубтары жұмыс істейтін. Мектептерде пікірсайыстар Карл Поппер форматында, ал университеттерде негізінен америкалық парламенттік форматта ұйымдастырылатын. Ойынның қай тілде өткізілетініне байланысты дебат үш лигаға бөлінетін» деп атап өткен болатын.