КІТАПХАНАШЫ -МӘРТЕБЕЛІ МАМАНДЫҚ
Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы. Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы.
Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Үкімет отырысында 24-қазан кітапханашыларын күні ресми белгіленді. Осы орайда, Республика күнімен қатар келген кітапханашы күні мерекесі үшінші мегаполистегі Оқушылар сарайында аталып өтті. Қаламыздағы білім беру ұйымдарында 250-ге жуық кітапханашы қызмет етеді. Өз кезегінде, аталған салада қызмет ететін мамандарды Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы арнайы құттықтады. Концерттік іс-шарамен әрленген іс-шарада зейнет жасына жеткен тоғыз мереке иесімен қоса, 25 нәзік жанды алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, екі кітапханашы Құрмет грамотасына ие болды. Жалпы кітапханашы күні – қызметкерлердің ғана мерекесі емес, ол оқырмандардың да мерекесі.Кітапханашылар бірнеше жылдар бойы – кітаптарды қамқорлыққа алады. Кітапсыз біз оқып, әлемді және өзімізді танып, дамып, ғылым мен мен өнердің жаңа шыңдарына қол жеткізе алмаушы едік. Сондықтан аталған мерекенің қоғам дамуындағы рөлі айрықша.