ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕГІ ІС-ҚИМЫЛ БОЙЫНША ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Түркістан қаласындағы С. Рахымов атындағы жалпы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Жер сілкінісі кезінде мұғалімдердің және оқушылардың іс әрекеті» тақырыбында жаттығу өтті,-деп хабарлайды uakit.kz Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне сілтеме жасап.
Қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бекіткен жоспарға сәйкес өткен іс-шараның мақсаты – табиғи апаттарға оқушылардың моральдық-психологиялық деңгейін дағдыландыру, құлақтандыру жүйесі арқылы берілетін «Баршаның назарына» дабылындағы іс-қимылдарға жаттықтыру, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарының өткізілуін жетілдіру және міндеттерді орындаған кезде оқушылардың төзімділігін, тапқырлығын, бірлігін қалыптастыру болып табылады.
Іс-шараға мектептегі 1-11 сынып оқушылары қамтылды.
Іс шара кезінде қлақтандыру жүйесі арқылы жер сілкінісі туралы «Баршаның назарына» дабылы қоңырауы үш рет берілді.
Дабыл бойынша оқушылар мектептен шығып, қауіпсіз жерге сапқа тұрғызылды. Содан соң сынып жетекшілері журнал бойынша оқушыларды түгендеді. Ал жеке құрамдар сапқа тұрып, алғашқы жәрдем көрсетуге дайын тұрды. Іс шара кезінде оқушылар мектеп ғимаратынан 5 минутта шықты.
Оқушыларға азаматтық қорғаныс бағытындағы бұл шараның маңызын түсіндірілді. Оқушыларға қандай жағдай болмасын мемлекет үшін адамдардың қауіпсіздігі, оларды қауіпті аймақтан аман алып қалу шарасы бірінші кезекте екені айтылды. Мектептегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі азаматтардың осындай қауіпсіздік жаттығулардан хабардар болуы аса қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде оқушылар өздерін толғандырған табиғи апаттар туралы сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.