ОТБАСЫЛАР АРАСЫНДА БАЙҚАУ ӨТТІ

83
0
Шымкент қалалық «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы шеңберінде «Отбасы – шағын Отаным» байқауы өтті.
Байқауға түрлі этнос өкілдерінен құралған отбасылар қатысып, қазақтың ұлттық салт-санасы, отбасылық құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі мәселелері бойынша ұтқыр да ұтымды ойларын жеткізді, көрермендерге шығармашылық қарым-қабілеттерін көрсетті.
Өнегелі отбасы болу, ата-ананың перзент алдындағы міндеті, перзенттердің ата-ана алдындағы жауапкершілігі, қазақстандық қоғамдық отбасы институтының орны мен рөлі, отбасылық тәлім-тәрбие жөнінде қатысышулар өзіндік ойларын білдіріп, үздік тәжірибелерімен бөлісті. Қазылар алқасының ұйғарымымен, Пак Тимур отбасы — І-дәрежелі дипломмен, Турдиев Нижат отбасы — ІІ-дәрежелі дипломмен, Дробязко Юлия отбасы – ІІІ-дәрежелі дипломмен марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді. Барлық қатысушыларға «Қазақтану» жобасын іске асыруға қосқан үлестері мен азаматтық белсенділіктері үшін Алғыс хаттар табысталды. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңесте ішкі тұрақтылық пен этносаралық татулықты бекемдеу жайы қаралды. Отырысқа қатысқан қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттеріне тоқталып, азаматтық қоғам өкілдерін халық пен билік арасындағы ықпалдастықты нәтижелі арттыруға шақырды. Белгілі қоғам қайраткері, кеңес төрағасы Орынбай Рахманбердиевтің жетекшілігімен өткен жиында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі қаралып, Абай ауданы әкімдігінің этносаралық саясатты ілгерілетудегі жұмыс барысы сараланды. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қалалық тұрғын үй басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жұлдызай Ордабекова, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Көшікбаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен тоқталды.