МАМАНДЫҚТЫ ДҰРЫС ТАҢДАУ –  БАЯНДЫ БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

Дәл осындай ұран сөзбен Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы жас ұрпақты «М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына» оқуға түсудің талаптарымен таныстырды. Осы бағытта ұйымдастырылған арнайы жиынға 11 сынып оқушылары қатысты. Шара барысында басқарма инспекторлары оқушыларды Көкшетау қаласындағы «М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын» таныстырды.

«Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Өрт сөндіру және авариялық құтқару ісі», «Азаматтық қорғаныс күштерінің командалық тактикалық күштері» мамандықтары бойынша біліктілік беретін оқу орны орта білім бар, он алты жасқа толған, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтарын (ер балалар мен қыз балалар) оқуға қабылдайды.

Академияға қабылдау медициналық, дене шынықтыру жəне психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ҰБТ қорытындылары бойынша сертификат балдарына сəйкес конкурс бойынша жүргізіледі.

Азаматтарды күндізгі оқу түріне қабылдау 4 кезеңнен  тұрады. Ең әуелі қабылдау комиссиялары үміткерлердің жеке істерімен танысады. Содан соң медициналық жəне психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша оқуға түсуге денсаулығының жарамдылығын анықтау мақсатында іріктеу жүргізіледі. Одан кейін үміткерлер бекітілген нормативтерге сəйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар тапсырады. Бұл сынақтан кейін кабылдау комиссиясы конкурстық іріктеу жүргізеді жəне Академия курсанттары қатарына қабылдайды. Сонымен қатар шетелдердің бейінді оқу орындарына іріктеу жасайды.

Академияға оқуға түсу үшін үміткерлерге арналған дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер:

– 100 метрге жүгіру (секундтар);

– 1000 метрге жүгіру (минуттар, секундтар);

– турникке  тартылу;

– денені жерден көтеру (отжимания) сынды жаттығулардан тұрады.

Академия курсанттары республикалық бюджет есебінен оқытылады. Курсанттар барлық оқу кезеңінде тамақпен, киім-кешекпен жəне мемлекеттік шəкіртақымен қамтамасыз етіледі.  Сонымен қатар каникулярлық демалыс кезіндегі жол ақысы төленеді. Оқу мерзімі  4 жыл. Ер балалар 1 курстан 3 курсқа дейін академия жатақханасында, 4 курста өз есебінен жатақханадан тыс жерде Көкшетау қаласында тұрады. Ал қыз балалар барлық 4 курс өз есебінен жатақханадан тыс жерде Көкшетау қаласында тұрады. Білім алу уақыты əскери қызметті өтеу уақытына теңеледі. Академияға түсуге ынта білдірген тұлғалар, тұрғылықты мекен-жайы бойынша аумақтық Төтенше жағдайлар департаменттерінің кадр саясаты бөлімдеріне өтініш бере алады.

Түркістан қаласы бойынша аталған оқу орнына түсуге ниет білдірген азаматтар Түркістан қаласындағы Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Кадр саясаты басқармасына барып өтініш бере алады.