КҮН ТҰТЫЛҒАН МЕЗГIЛ

359
0

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ.

Құрметтi оқырман! Бiз бүгiннен бастап ХҮIII ғасырдың екiншi жартысынан ХIХ ғасырдың алғашқы ширегi аралығындағы оңтүстiк қазақтарының тарихын баяндайтын осы романды жариялауды бастаймыз. Романдағы негiзгi кейiпкерлер – Қожамжар би мен Өтебай сияқты белгiлi тұлғалар арқылы сол кезеңдегi қазақтардың жай-күйi мен тұрмыс-тiршiлiгiн, саяси ахуалы мен күреске толы шежiресiн баяндайтын бұл кiтап сiздердiң көңiлдерiңiзден шығатынына бек сенiмдiмiз. Сондықтан да  «Уақыт» газетiне алғаш басылғалы отырған осы шығармадан көз жазбаңыздар!

(Бiрiншi кiтап)

Қожамжар

– Уа, Қожамжар! Өзiң сойын тауарихтың тiрi куәгерiсiң. Ұлы би – әкең Төле, оның ағасы – атаң Өтебай асқан тоқсан жастан сен де өттiң. Тоқсанды ауыл арасындағы жасын малданып бас мүжiген, жамбас жеген қара кептегi қатардағы ақсақал тұрпатында жасаған жоқсың. Әкең әмбе қазаққа мәшһүр едi, асыл заттың бүтiнi сынса, жартысы да жақұтқа пара-пар; асылдан қалған сынық қалпыңда жарты қазаққа даңқың жайылды. Даңқ – тексiз бен мешкейге келмейдi; жұртының қамын жеген, от-жалыннан елiн аман өткiзген, қиыннан жол, шырғалаңнан даңғыл тапқан данаға келедi. Әруағы бөлек, ниетi бұзық жаудан қауымын сақтаған, сергелдең күндерде халқымен бiрге болып, сөз бен қолды бiрдей бастаған, ерлiгi мен көсемдiгi тең арда азаматқа берiледi. Ғұмырың – дауылды, өмiрiң – жалынды өттi. Төрт-бес жасыңда құба қалмақтың сүргiнiнен туған «ақтабан шұбырындыны» көрдiң. Жиырмаға жетпей, атқа қонып, сол қалмаққа қарсы шаптың. Жиырмадан асқанда Тәшкенде қырғыз-қалмақпен бiрдей соғыстың. Ұлы би өмiрден өткенде оның орнын басып, қазақ жерiн бермеймiн деп, бұхар-өзбекпен де, қоқан-сартпен де, қара-қырғызбен де ұзақ шабыстың. Арғы жылқы жылы Жүнiсқожа бұлғақ салып, сатқындықпен сенен, яки қазақтан Тәшкендi айырғанда, қол бастап, Арғын-Қоңыратқа, Қаңлы-Үйсiнге тұтқа болдың.

Көп күйiнбе, Қожамжар! Қазақ Тәшкеннен айырылса, сенiң айыбыңнан емес. Оны заманның аумалы-төһкпелi шағынан көр. Тәшкен бұрын да талай мәрте қолдан-қолға өткен. Қазақ сәл осал тартса, дiнi бiр болса да, тiлi мен түрi бөтен ежелгi дұшпан жаман жылқыдай тарпа келiп, жерiмiздi басып алатын, қала-шаһарларымызға ойнақ салатын әдетi ықылымнан бар-ды. Бұрындық пен Қасым, Есiм мен Хақназар хандардың тұсында Тәшкен мен Сайрамға, Шымқала мен Түркiстанға иек батырған жаулардың сан мәрте тұмсықтары бұзылған. Кешегi айбынды Төле мен айбарлы Абылайдың уағында Құраманың аржағындағы Қоқан да бiзге сан  қатер төндiрген. Со тұста көктегi Хақ Тағала қара қазаққа жақ болып, көсем-шешендердiң, батыр-бағландардың бiрлiгi арқасында шапқыншы дұшпан жер иiскелеген. Сондай шайқастардың бiразының басында өзiң де жүрдiң. Замана – құйын. Бiр кезеңiнде кiндiк қаның тамған жерiңдегi отауыңды ұшырып, басқа тұсқа апарып тастайды, бiр кезеңiнде ата-қонысқа қайта жеткiзедi. Күнi кеше уысымыздан шыққан Тәшкендi өзiмiзге керi қарату, ал бүгiн сонау Жетiсуға дейiнгi өңiрдi бауырына басқан Қоқанның бетiн қайтару – тоқсаннан асқан – сенiң, жүзге таяған – менiң қолымыздан келмес. Солай десем де, өзiңнен туылған анау – Шойбек, мынау – Ақпан, сонау – Алтай һәм солар тәрiздi басқа да батырлар ежелгi бабалардың ерлiгiн қайталап, қазақ жерiн азат етер, алғаш құндаққа оранған топырағымыз — Тәшкен мен Шыршықты ұрпағымызға қайтарар. Дүние алма-кезек. Бiз өз заманымызды ел, жер үшiн аласапыран арпалыспен, лайықты күреспен өткiздiк. Ендi белден – күш, қолдан – қуат кеттi. Қырын қартайса, құры шаңқылдаудан басқа қылар айласы бар ма. Сенiң көкiрегiңдi қарыған күйiнiш менде де бар. Амал нешiк? Атқа қонар қауқар, қылыш ұстар қайрат жоқ. Ендiгi бар тiлегiмiз – өзiмiзден кейiнгi өскiн ұрпаққа Құдай батырлық пен ерлiк, бiрлiк пен күш берсiн деу ғана. Соларға тiлеуқор болайық.

Бiркөлiк  тауының етегiндегi Доңызтау өзенiнiң жағасына тiгiлген он екi қанатты ақ боз үйде төсек тартып жатқан тоқсан екi жастағы Қожамжарға қалың Жаныстың бiр тармағы – Шегiрден өрбiген Әлiбек баласы Қараменде осылай толғау айтқан. Бұл Қожамжар – атақты Төле бидiң он екi баласының ең кiшiсi. Үш жүзге төбе би атанған әкесiнiң қара шаңырақ иесi. Ұлы бидiң белiнен тараған он екi ұлдың Тәңiр сегiзiне ғұмыр сыйлап, бiрi – батыр, бiрi – бай, бiрi – бағлан, бiрi – тарлан болғанда, кенже ұл – Қожамжарға әке орнын басар билiк дарыпты. Би деген лауазым сатып алатын шен емес, тектен жұғатын туа бiттi қасиет. Қожамжар заманындағы һәм одан бұрынғы кезеңдерде билiк қасиет қонған кiсiлердiң бiр басында жiгiттiк жетi өнермен қатар, тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн айта алатын шешендiк те, әмбе жұртты өзiне қарата алатын көсемдiк те, жаудан  ықпайтын батырлық та, тауып сөйлейтiн, одан қалса, қауып сөйлейтiн тапқырлық пен батылдық та болған екен. Осындай қарым-қабiлеттiң барлығы Қожамжарға да жастайынан қоныпты. Жiгiттiк жасқа толар-толмаста ұрысқа кiрiгiп, көзге iлiндi, дауға түсiп, шешендiгi бiлiндi. Келе-келе жұрт арқа сүйер тұлғаға, дұшпан санасар айдарлы ұлға айналды. Содан болар, хыжраның 1170-шi, Тышқан жылының күзiне таман Тәшкендегi хәкiм рабатханасында Төле дүниеден өткенде, ұлы бидiң орнын басар лайық ұл боп, осы Қожамжар танылған.

Қожамжар би атанғанда Тәшкен өңiрi түгелдей қазақтың меншiгiнде едi. Шыршықтан бастап сонау Хожендке дейiн, Мырзашөл даласынан түу Нұратаға шейiн Қаңлы, Дулат, Шаншықылы, Сiргелi мен Қоңырат жайлап жататын.  Сүргiн заманның сүрiндiсi салдарынан қоныс аударып келген кiшi жүздiң Жетiруына, Адайына, орта жүз Найман мен Арғынға жататын iрiлi-ұсақты рулардың жайлы мекенi-тiн. Екi жүз жылға таяу уақыт мазаны алған құба халмақтың түпкiлiктi сүрiлгенiне он – он бес жыл өткен. Бiр қарағанда, бұл атыраптағы Алаш  баласының басына мамыражай күн орнағандай-тын. Бiрақ қазақ жазғанның маңдайына бейбiт күндi тәңiр жазбағандай. Қалмақ кеткенiмен, басқа жаулар  табылған. Шығыс жақ таулардағы бұрын ағайын боп аралас-құраласқан қырғыз ендi бiтiспес дұшпанға айналған. Түстiктегi Қоқан мен Бұқар Тәшкенге көз алартып, сойыл-найзасын жиi-жиi сiлтей бастаған. Батыс пен шығыстағы, Арқадағы қазақтар қонысын орыс басқыншылығы орап келе жатқан.

Қожамжар ұлы би атанып, күллi Тәшкен тараптағы қазақтарға хүкiм жүргiзген уақытта қазақ пен қырғыз арасындағы қақтығыс бұрынғыдан да үдеп, Ферғана жақтан тау асып келген Қоқан ханның шерiктерi Пiскент пен Әңгiрен бойындағы қазақтарды жиi шауып, Тәшкендi иеленбекке ұмтылған. Онда Алаштың ауызбiрлiгi мықты-тұғын. Қара халыққа көсем шыққан Абылай сұлтан бас болып, Арқадан көп қол ертiп келген. Қожамжар жасақтары оған ерiп, қоқан-қырғызды бiрдей жуасытқан. Қазақтың қайтадан мерейi өсiп, көңiлi тасыған. Алайда мұндай шаттық дәурен тым қысқа болды. Абылай өмiрден өткен соң исi қазақтың бiрлiгi бұзылды, Едiл-Жайық, Ұлытау мен Арқа төсi түгелдей орысқа өткен. Ұлы жүздi билеген Жолбарыс ханның ұрпақтарынан береке қашып, жалпы ел бiр иеге зар боп қалған. Жетiсу мен Тәшкен арасындағы Қаңлы-Үйсiннен, Сiргелi-Қоңыраттан ынтымақ қашып, әр ұлыс, әр ру өз билерiне тәуелдiлiкке көшкен. Қырғыз бұрынғыдан да құтырынып, шағын-шағын жасақтармен, топ-топ барымташыларымен қазақ ауылдарының үстiне жиi-жиi ойран салған. Ең үлкен қауiп Қоқаннан төнген. Қожамжар тыным таппай, орыс бұғауынан тыс Ұлы жүз бен Қоңырат руларын бiрiктiруге сарқа күш жұмсап едi, тозғын заманға тап келдi ме, қанша шапқыласа да, жұрт Абылай мен Төленiң кезiндегiдей ұйыса қоймаған.

Әйтсе де өзiне қарасты қауымнан құралған ғаскерлерден шерiк топтап, Қоқанға да, Қырғызға да есе жiбермей, бiраз жыл алысып-жұлысып-ақ бақты. Тағдыры сол ма, қанша арпалысса да, Алаш баласын ежелдегiдей басын қосып, айбынды ғәскер құра алатын қайылының болмағандығынан ба, сырттан үздiксiз соққан жау шабуылына бiржолата тойтарыс бере алмаған. Осындай алмағайып сәтте қоқан-қырғызбен бiрiккен Жүнiсқожаның ләшкерiнен жеңiлiс тауып, Тәшкеннен айырылды. Амалы жоқтығынан. Содан жаны күйiнiп, өн-бойын ыза тырнап, дүйiм жұртымен ескi жайлау-қоныс – Бiркөлiк пен Қазығұрт арасындағы кең алапқа келiп орныққан. Тәшкен iргесiнен аулақтанғанымен, тағдырына жайбарақаттық жазылмапты. Қырғыздың ылаңынан тағы запы тартқан. Айырқалпақтың жөнiн табар-ақ едi, көп уақыт өтпей-ақ әбден күшейген Қоқан Тәшкеннен шығып, Жетiсуға дейiнгi атырапты бiр жылға жетпей басып ала салмасы бар ма.

Мезгiл бесiн шағы-тын. Азаннан берi жарқырап тұрған күн бетi кенеттен әп-сәтте көмескiленiп, айналаны қараңғылық баса қалды. Тәшкен шаһарының халқына онсыз да үш-төрт күннен берi сырттан соққан жау үрей тудырып тұрған-ды, ал тосын жәйт жұрттың зәресiн одан бетер қашырып, жүректерiн ұшырды. Бала-шаға шулап, осы мезет аспан жерге құлап, жер-дүниенiң астаң-кестеңi шығатындай, көздерiн жұма, құлақтарын қолдарымен жаба, үйдi-үйлерiне тығылысқан. Жайшылықта ауыздары жабылмайтын кемпiр-кемеш, қатын-қалаштардың үн шығаруға дәрмендерi жетпей, үйдегi бала-шағаларын бауырларына басып, iштей құдайға жалбарынуға көштi. Қорқақ еркектер жерге етпеттерiнен сұлады, жүректiлерi бетi түнектенген күнге таңқалыспен қарап, қаққан қазықтай қалшиды. Алып шаһарды айнала қоршаған биiк қамалдардың үстiндегi қарулы сарбаздар да қорған төбесiндегi оқпана жиектерiне жата-жата кетiптi. Кiсендегi жылқылар шырқырай кiсiнеп, түйелер боздап бердi.

Тәшкен үстiн ғайыптан түнек басардан сүт пiсiрiм уақыт бұрын шаһар ортасындағы би рабатханасында Төле бидiң жарлығымен шұғыл шақырылған би-бағландар мен батыр-оғландардың мәжiлiсi басталған-ды. Мұндай мәжiлiс төрт тәулiктен берi күн құрғатпай өтетiн. Бүгiнгiсiнiң алдынғыларынан жөнi бөлек-тi, әрi жиналған кiсiлердiң саны да мол-тұғын. Бұрынғыларында ылғи қол бастаушы батырлар, шаһар қақпасын ұстайтын даруғалар, мыңбасылар мен жүзбасылар ғана қатысатын. Мына жиынға шаһардың ұлығынан кiшiгiне дейiн түгел шақырылған. Негiзгi мәселе бiреу-ақ – Тәшкендi төрт күннен берi қоршауға алып, қалаға өршелене шабуылға көшкен қалмақ шерiктерiне қалай тойтарыс берудi ойластыру болатын. Алайда осы уақыт iшiнде жауға қарсы күштi қалай ұйымдастыру жөнiнде би-батырлар бiр тоқтамға келе алмай, әркiм өз шешiмiн жөн тауып, ортақ байламға тоқтаспаған.

– Әсiлi, қаладан шығып, жаумен ашық далада шайқасқан жөн,- деген Шаншықылы Бердiқожа батыр.

– Қалмақ – бiр түмен, әрi  тiке шапқан аттылы қолды жайлап жiберетiн от шашатын қаруы, бiлтелi мылтықтары көп. Бiздiң сарбаздарымыздың саны төрт мыңға да жетпейдi. Әрi  тек шоқпар-сойыл, найза-садақтармен ғана жарақтанған. Қамал қақпасынан шықпай жатып-ақ, әмбемiздi қырып қырып салмаса игi,- деп күмән танытқан Арғынның Мұса биi.

– Қалмақтың бiлтелi мылтығы садақ оғы жетер жерден аспайды екен. Мылтығымен қоса, от тас ататын қаруын бiр атып, қайта оқтағанша қилы уақыт кетедi дейдi көргендер. Тiке шапсақ, ойрат бiр атуын атар, ал қаруларын екiншi рет оқтап үлгергенше, кемi жарты қолын жер жастандырармыз. Бердiқожанiкi жөн-ау, осы.

– Бiздiң әрбiрiмiз он қалмаққа татымайтын ба едiк…- дестi  Шымыр, Қойкелдi мен Қоңырат Ақантай батырлар.

– Аллаға асылық қылма, Қойкелдi. Бiр қазақ он қалмаққа татыр болса, алдыңғы батыр-оғландар Тәшкендi бұрын екi рет қалмаққа бермес едi ғой. Қалданның жаужүрек оғланы Сары Мәнжiнiң бұ жолғы шабуылының түрi бөтен. Адамдарымызбен қоса, қаланы да қиратып, жермен-жексен етпек. Дәл қазiр әркiм әр қиырға бiр тартып, бос долбарды алға көлденең сала беру, жүдаям, пайдасыз. Одан да мүшкiл халiмiздi мойындап, оған қол қусырып, бас иiп, берiле салайық. Сөйтсек, амандығымыздың кепiлi бек болмақ. Азар түбi – айып-дархатты, салыты екi-үш есе көп төлермiз,- дедi шаһар қазы-кәләнi* түбi қашғарлық Иiсқожа сарт.

Қазақтар оған жалт қарасқан. Батырлардың iлезде жүздерi күреңiтiп, көздерiнен ашу оты  шашырады. Қойкелдi қылышына қол салған. Бердiқожа осы сөзi үшiн Иiсқожаның алқымынан ала түсердей ерiндерi дiрiлдеп, оған ентелей түскен.

– Өй, мынау не деп тұр?! Намысымызды аяққа таптап, опасыз пиғылын бiлдiргенi үшiн мұны қанға бөктiрiп тастайын,– деп Ақантай батыр қазы-кәленге ұмтыла берген.

Аузынан опық жегiзетiн сөз шыққан шаһардың бас молдасын үш батыр тарпа бас сала ма деп ойлаған төрдегi Төле би саңқ еттi:

– Тоқтаңдар!

Бойларын ыза буған батырлар ашуларын тежеп, орындарына жайғасты. Әзiрше Төле биден өтер төрелiк жоқ. Бүгiнде бүкiл Тәшкен уәләятына билiк айтатын төре би де, соңғы шешiмдi айтатын төбе би де – осы кiсi. Әлгi пәрменiнен кейiн алдындағы қауым жым болғанда, арқасына қойған қос жастықтан көтерiлiп, бойын тiктеп отырды. Жайшылықтағы сұсты жүзi одан бетер қатуланып, екi ернiн тас жымқырып алған. Сұрқай түстi шапанының кең жеңдерiн кезек-кезек қайырып, кеуде тұсындағы түймелерiн ағытты. Бойы ұзын, жауырыны қақпақтай, кеудесi кең Төле жетпiстiң жетеуiне келсе де, әлi шау тартпаған. Отырған қалпының өзi пәкене бойлы адамның бойымен бiрдей. Қабағы қалың, бүркiт мұрынды, iрi сүйектi. Артық етi жоқ, қапсағай. Келбетiнде бөтеннiң мысын басатын қатулықпен қатар, жақсыға мейiрiм төгетiн қасиет те бар. Жүзi жылы, сөзi майда адам – би болмас, жүрексiз адам – ер болмас. Ақылсыздан сөз шықпас. Құдай Төлеге жау ығатын сұс, дауда жығатын сөз берген. Әйтпегенде, ол күллi Алатау мен Қаратау, Сарысу мен Жетiсу, Тәшкен мен Сайрам атырабындағы қазақтар басшы-хансыз қалғанда, хан орнын басар адам болмас-ты… Кеуде түймелерiн ағытқан Төле екi-үш саусағымен сақалын тарамдады. Маңайлас жүрген жұрт бiледi, бiреуге сөзбен шүйлiккенде осындай әдет жасайтын. Сақалын үш-төрт мәрте тарамдаған ол, көздерiнен ұшқын шаша, Иiсқожаға қадалды.

– Жолбарыс ханның өлтiрiлгенiне – бүгiн төрт күн. Қалмақ келгенiне де – төрт күн. Ханның өлiмiнiң себеп-салдарын айқындаймыз деп жатқанда тосыннан қалмақ шауып, iсiмiздiң ақ-қарасын анықтауға мұршамыз жетпедi. Кеше түнде куәлiкке келген бiр кiсiден естуiмше, Жолбарысты сенiң туыстарың өлтiрiптi, Иiсқожа. Оларды iздеттiрiп едiм, осыдан төрт күн бұрын бәрi шаһардан қашып кеткен боп шықты. Кiсi қанын кiсi қаны болғанда, ханның қанын мойнына арқалап қашқан туыстарыңның орнына сенi жазаласам ба деймiн. Арғы түбiң туыс болғанмен, әруағың бөлек жұрттансың ғой. Туыстарыңның кiнәсiн мойындап, мына көпшiлiктiң алдында ағыңнан жарыласың ба, әлде мен кескен жазаға илiгiп, басыңды қылышқа иесiң бе?

Төбе би атанған Төленiң Иiсқожаның жаңағы сөзiне кейiс бiлдiрмей, одан соң бүгiнгi жиынның басты мәселесiне орай сөз айтпай, Жолбарыс ханның өлiмiне байланысты дауды нелiктен көтере жөнелгенiне жиналғандар алғашында таң болды. Аз-кем уақыттан соң бәрi Төле сөзiнiң астарын түсiнгендей. Иiсқожаға сұсты жүздерiн бұрып, оны тап қазiр жеп қоярдай, қимыл танытты. Бiрақ әлдеқандай әрекет iстеуге биден бата алмай, артық iске бармады. Төленiң алыстан орағытқан сөзiнiң мәнiсi санасына жеттi ме, жетпедi ме, әйтеуiр Иiсқожа алдындағы жаюлы кiлемге етпетiнен жата кеттi:

– Алла жарылқағыр, ұлы Төле би! Жолбарыс ханның жұмбақ өлiмiне менiң еш қатысым жоқ. Кейiн үйдегi қатыннан есiттiм бәрiн. Ханды өлтiрудi ұйымдастырған қатынымның iнiсi – Шорабай екен. Кеше гөр, ұлы би, кеше гөр! Мен бәрiн кеш бiлдiм. Шорабай қалмақтың ұлы ханы Қалдан Серенмен бұрыннан ауызжаласқан екен… Бар сырды екi күн бұрын-ақ өзiңiзге айтып берер едiм. Мына соғыс сiзге жолығысудың да сәтiн түсiрмей, миымызды айналдырып қойды ғой.

– Шатып-бұтпай, басыңды көтер! Әр уағызыңды «Алладан басқа ұлық жоқ, жәй пенденi ұлы деп айту – кешiрiлмес күнә» деушi едiң. Ендi қорыққаныңнан менi де, Қалдан Серендi де Алламен қатарластырып, ұлы деп жiбердiң-ау, найсап. Қатының хан өлiмiне қатысты қандай сыр айтты? Соны ғақлият қыл.

– Ғақлияттайын, ғақлияттайын. Мухамед ғалики уа салламның былтырғы бiр мыңда бiр жүз елу бiрiншi*, қой жылының сүмбiле айында Арқадағы Абылай сұлтанның көмегiмен сiздер Тәшкендi қазақтарға қайта қайырғаннан берi осындағы сарт-қырғыздар жасырын топ құрып, өзiңiздiң амалыңыздағы қаланы қалмақ жәрдемi арқылы қайтармақ боп, iске кiрiсiптi. Көктегi Алла мен Бахауиддин Бәләгардан әулиенiң шапағаты маған терiс түссiн, уа Аллаһи, мен бұдан хабарсыз болғам. Сол топты Шорабай басқарыпты. Қаратаудың бергi етегi һәм Қазығұрт бөктерiнде жатқан Сары Мәнжiге Шорабай қайта-қайта құдан* шаптырып, «Тәшкендi кәпiр қазақтардан тазартыңыздар, оны қазақтар билегенше, сiздердiң құзырларыңызда болғаны бiзге жақсы. Қазақстар бәрiбiр ел болмайды. Бiрi шетiн – орыс бiр шетiн – шүршiт, ендi бiр шетiн – Хиуа алып, ақыры тоз-тоздарын шығарады. Бұ күнде қазақ – осал. Халқын аты бар, заты жоқ хандар билейдi. Тәшкендегi Жолбарыс ханның құзырында күш жоқ. Сiз Тәшкенге келсеңiз, көмегiмiз болсын, Жолбарыс ханды өз қолымызбен өлтiрiп, Төле биге ажал құштырайық. Солай етсек, көсемсiз қалған қазақ, сiзге оп-оңай бағынады» деп үшбу жазба жiберiптi…

– Дат, биеке – деп Иiсқожаның сөзiн бөлген Шыршық бойындағы Шегiр-Қапалдың биi Әлiбек Төлеге бұрылды. – қазы-кәлiннiң сөзiн бұзғаныма ғапу сұраймын. Иiсқожа айтып отырған Шорабай даруға мен мұндағы қырғыз бектерi қалмаққа болысатындай, көмек сұрайтындай бастарына не күн туыпты? Қазақтардан қысым көрмейдi, шаһарда бiзбен тең дәреженi ұстанады. Әй, Иiсқожа, Шорабайдың опасыздығын бiлдiк, бiрақ сол опасыздығы не мұраттан туғанын шерт.

– Уа, Аллаһи, ол жайынан да мағұлматсызбын. Бiр анығы, Жолбарыс пен Төле өлтiрiлген күнi қалмақ қосыны Тәшкен iргесiнде тұруы шарт деп сөз байласқан. Сары Мәнжiнiң шерiктерi таяп келе жатқанынан хабардар болған Шорабай өзiне сенiмдi кептеуiлдерiн* Жолбарыстың үйiне күзетшiлiкке қойған. Ханды ұйықтап жатқан жерiнде тұншықтырып өлтiрген – солар. Сол түнi олардың бәрi Шорабаймен бiрге қашып кеткен. Ал, сiздi, ұлы би, басқа бiр топ өлтiрмек болған. Аллаға шүкiр, сол түнi жаналғыш қаныпезерлер сiздiң үйге кiре алмапты.

Әлiбек бидiң соңын ала Төленнiң ең кiшi ұлы – жиырма екi жастағы Қожамжар отырған. Иiсқожаның әңгiмесiн тыңдап отырып, санасын сан ой шарпыған. Бiрақ қазы-кәленге өз бетiнше сауал тастауға үлкендерден именiп, сабыр сақтады. Бойында сабырлық болғанмен, көңiлiн мазасыз сұрақтар жайлап, өзiмен-өзi iштей алысқа түскен. Иiсқожа тоқтағанда, Төле би сөйлеп берген. Оның сөзi Қожамжардың көңiлiн алаңдатқан бiраз сұрақтармен үйлескендей-тiн.

– Уа, жарандар! Иiсқожа төккен сырдан көкiрегiмде бұрыннан қатпарланып жүрген базбiр сауалдарға жауап тапқандай болдым. Еркiн жайлаған қазақ өмiрiне атам заманнан кiм қызықпаған, даламызға кiм көз алартпаған, шаһарымызға қызғанышпен кiм назар салмаған деңiздер. Қазақ шығыстан соққан жоңғарға да, түстiктен тиген Бұхарға да ырық бермей, шапқыншы жаудың мойнын талай бұрап едi. Қазақтың айбыны бiр мүшелден арғы тауық жылында Тәуке хан өлген соң  өтпес қылыштай мұқала бастады. Осының кесiрiнен қалмақ басымызға «ақтабан шұбырындыны» төндiрiп едi. Содан берi ес жия алмай келемiз. Бiрақ бұл – айбарымыздың төмендегенiнен, бiрлiгiмiздiң кемiгендiгiнен емес. Қазақтардың дер кезiнде бiрiгiп кетуiне ұлыстардың қоныс-мекендерiнiң бiр-бiрiнен тым шалғайлығы кедерлi келтiрсе, екiншi тараптан арамыздан шыққан опасыздардың кесiрiнен туындайтын кесепатты тiрлiк кiнәлi.

 

* Қазы-кәлән – шаһардың бас имамы.

* 1151 ж. – 1739 ж.

* Сүмбiле – тамыз айы.

* Құдан – жаушы.

* Кептеуiлдер – түнгi күзетшiлер.

Төле қалың бiткен ұзын сақалын алақанымен сығымдап, бiр сәт тыныс алды. Рабатхана iшiндегiлер жым-жырт. Әлден соң би басын жоғары көтерiп, сөзiн әрмен жалғастырды:

— Мен ғұмырымда опасыздықтың сан түрiн көрдiм. Дос боламын деп  алыстан арбалаған дұшпанның сыналар сәтте терiс айналғанын да, сөзiнде тұрмайтын ағайынның қапелiмде арқадан қанжар сұғатын екiжүздiлiгiн де бастан өткердiм. Қазақ Тәшкендi екiншi мәрте қалмақтан тазартып, шаһарға ие болғанда, әлгi Шорабай аяғымызға жығылып, алдымызға етпеттеген.  Жылмақай тiрлiгiмен әр қазақтың артына бiр кiрiп, кеңпейiл бауырластың көңiлiн алған. Оған сенiп едiк. Сенгендiктен рабатхана күзетшiлерiнiң басшысы қойып едiк. Көңiлi жай, тұрмысы тәттi едi… Сонда деймiн-ау, қандай зәрулiктен ол қалмақ  жағына  шығуды ойлады екен…

Оны бiзге жақындатқан қырғыз Көкiм-тiн. «Аңдығанын алып түсетiн қасқыр мiнездес жаужүрек,  ойлағанын iске асырмай тынбайтын пысық, досқа адал ақжүрек» деп мақтауын жеткiзген де сол Көкiм-дi. Сөйткен Көкiм Шорабаймен ымыралас екен де. Қазақы дархандыққа салынып, сарт Шорабай мен қырғыз Көкiмге, олардың әмбе туыстарына құшағымызды ашып, жүрегiмiздi жайып, қолтығымызға алғаннан ендi не пайда көрдiк, түбiнде сатқындық жасап отырған соң…

Би айтып отырған Көкiм – Тәшкендегi қырғыз манабы. Атасы – Тоба хыжраның 1094-шi тышқан жылы* дүрбiн – ойрат* ханы Қалдан Бошықты Шу мен Таласты көктей өтiп, Тараз бен Түймекенттi, Құлан мен Билiкөл маңындағы қазақтарды шауып келiп, Сайрамды қоршағанда қазақ шерiктерiмен бас қосып, қол бiрiктiрген қаһарман-ды. Сол жылы қазақтар Сайрамнан айырылғанда да, түбi бауырлас елдiң қасынан кетпей,  қалмаққа қарсы соғыста Алаш баласымен тiзе қосып, ерлiк танытқан. Айбынды батыр атанып, қазақ-қырғыз арасына абыройы артқан. Әкесi Қабар да коян, ұлу* жылдарында қазақ-қырғыздың басына бiрдей қатер төнген «ақтабан шұбырынды» кезеңiнде аты шыққан мыңбасы-тұғын. Жұрт үдерiп, қазақ-қырғыз қатар қырылған сол бiр ұлы көшкiннiң тұсында күллi Алатау сiлемiн жайлаған қазақтардың аман қалған бөлiгi Тәшкен асып, Сырдың арғы бетiндегi жазық далаға барып бiр-ақ аялдағанда, қырғыз Алатаудың сан мың шатқал-қойнауларына сiңiп, жан сақтаған. Содан кейiнгi кезеңдерде бұрын аралас-құралас, құдандалы-жекжат болып, ортақ жауға бiрлесе шапқан, қызық дәурен мен сергелдең шақтарды бiрге өткерген екi бауырлас елдiң қарым-қатынасы  үзiлген. Қарым-қатынасты үзген қалмақ-ты.

Тау асып,  шатқал-жыра қуалап, амандықтың жолын iздеген қырғыздың үлкен тобы қалмақ аяғы жетпеген Ферғана жақтағы қашғарлықтар һәм өзбектермен жақындасады. Бiрте-бiрте күшейген Қоқан хандығының қол астына кiрiп, құзырына бас иедi, ләшкер қатарын толықтырады. Қазақ байтақ даланың әр тұсында ойратты бiрде жеңiп, бiрде жеңiлiп, итжығыс күреспен күн өткiзiп жатқанда, Қоқанға арқа сүйеген қырғыз-қашғарлықтар Тәшкен шығысындағы Құрама, Шатқал, Азық тауларының етегiне келiп қоныстанады. Бұ кезде Алаш батырлары таяу жылдары ғана өздерi айырылған Тәшкен мен Сайрам өңiрiн қалмақтардан азат етiп, ай сайын, тiптi күн сайын соғысқа кiрiгiп жүрген-дi. 1447-шi*, қоян жылы Жетiсу жақтағы шептен мол күш алдырған қалмақтар кезектi рет Тәшкен мен Сайрамды басты. Осы уақытта Шатқал  мен Азықтың бергi етегiнде, Бүршiмолла маңы мен Шыршық басына әбден орныққан қырғыздар қалмақ қолымен тiл табысып, қазаққа қарсы бiрлесiп күресу жайында сөз байласады. Алайда қырғыз-қалмақ қолы дәп сол тұста қазақты бiрлесiп шаппады. Шабар ма едi, егер қазақтар бiрден топтасып, қырғыз-қалмақтың ұйысуына жол бермей, Тәшкен түбiнде ойрат қосындарын күтпеген жерден быт-шыт қылмағанда. Сөйтiп Тәшкен үшiншi мәрте қазақ қолына өткен. Ақиқатында, қазақ өз шаһарын басқыншылардан азат еткен.

Қалмақ шаһардан осылайша сүрiлiп, негiзгi қолы, шабуылдаушы жасағы Қаратау бойына кеткенде күнi кеше қалмақпен ымыраласқан қашғарлықтар мен қырғыздар Тәшкен бегi Төлеге бас ұрып, кешу сұрасқан. Қазақ дәргейiне бағынып, бауыр болуға серт берiскен. Тәшкен маңайындағы қашғарлықтардың тұтқасы – Шорабай-ды, қырғыздардың көсемi – Көкiм-дi. Тәшкен қалмақтардың қолында тұрғанда екеуiне шексiз билiк тиген. Қалмақ арқасында хан деген аттары болмаса да, айналадағы қазақ пен сартқа хан дәргейiнде хүкiм жүргiзiп, бақытқа кенелген. Туыстары да тұрмысын жақсартып, жұртқа ат үстiнен пәрмен беретiн халге жеткен. Жолбарыс хан қол жинап, Төлеби ту көтерiп, Әнгiрен, Сыр бойындағы қазақтарды бастап, Тәшкендi қалмақтан қайта алғанда екеуiнiң бастарынан бақ тайған, бұрынғыдай хүкiм жүргiзетiн мұршалары  қалмаған, пұшайман халге, мүсәпiр күйге түскен. Қайтесiң, алдына келсе, атасының құнын кешетiн кеңпейiл қазақ екеуiнiң кешiрiмiне оң көзбен қарап, сыртқа лақтырмаған. Өңiрдегi екi елге пана, тұлға болған екеуiне лайықты дәрежеде орын берiп, шаһар бектерiнiң қатарында қалдырған.

Бiрақ қолдан кеткен билiктiң күйiгi жаман. Қалмақ кезiнде шаһар бектерi мен төңiректегi би-бағландарды бiр шыбықпен айдайтын дәргейге жеткен екеуi – қатардағы бектiктi қалай қоймапты. Күндiз-түнi Сары Мәнжi кезiндегi хәкiмдiктi аңсап,  қалайда шаһардан қазақты кетiрiп, қалмақты келтiрудiң жолын iздеген. Қазақты кетiрудiң жолы – Жолбарыс хан мен Төле бидiң көзiн құрту. Сонда басшысыз қалған қара қазақ Қаратау жақтан келген Сары Мәнжiннiң қалың қолының жолында тапталып қалмақ.

Ойларына жеттi. Жолбарысты өлтiрдi. Ал мұндағы қара қазаққа ханнан да бетер ықпалы бар Төлеге қолдары жете алмады. Төле өлмесе де, Сары Мәнжi уағдасында тұрып, Тәшкенге өз уақтында қол түсiрдi. Ханды өлтiрген күнi шаһардан қашып кеткен екеуi қазiр Сары Мәнжiннiң қосынында. Оларға ерген талай опасыздар бар онда. Төленiң «опасыз туыстың кесiрiнен қазақ сан мәрте пұшайман кешкен» деп айтып отырғанының мәнiсi – осы.

Төле сөзiн одан әрi жалғай түстi:

— Бiр опасыздың кесiрiнен жалпы халықтың оңбай жапа шеккенiн талай көрдiм. Бұ жолы да солай боп тұр. Бiрақ әруағы тасыған қазақ қандай заман туса да, жаны үшiн бұғып, жауға берiлмек емес. Уа, Иiсқожа, осыны бiл. Айқын кiнәң болмаған соң әзiрше тiрi жүре тұр. Әйткенмен, бүгiнше молдалығыңды қоя тұрып, қолыңа қару ал. Қазақпен қатар жауға, дұшпанға айналған туысыңа қарсы қылыш сiлте. Олай етпесең, мына ашулы батырлар қылышты өзiңнiң мойныңа сiлтейдi.

Сенiң жөнiңдi осылай шештiм. Ендiгi сөзiмдi алдымдағы батыр-бағландарыма арнаймын. Уа, жарандар! Сыртта жау тұр. «Қайта шапқан жау жаман» демекшi, Сары Мәнжiнiң бұ жолғы шабысы ерек көрiнбек. Шаһарды қалай сақтаймыз? Ентелеп елдеспекке емес, безiлдеп белдеспекке келген жоңғар-қалмақтың жайын қалай бiржақты етемiз? Соны ойласайық.

— Биеке, — деп атып тұрды Бердiқожа. – Қамал үстiндегi сарбаздар қазiрше Сары Мәнжiнiң қолын шаһарға таята қоймас. Бiз алдымен шаһар iшiндегi мына Иiсқожа мен Шорабайдың, анау Көкiмнiң жақтастарын ұраға қамаймыз ба, байлап тастаймыз ба, әлде шетiнен қырып саламыз ба, әйтеуiр, соларды бiр жақты етейiк. Әйтпесе, «жау жағадан алғанда, бөрi етектен жабысқанның» сөз жоқ, кебiне түсемiз. Сырттағы жаудың жайын одан кейiн ойластырайық.

— Дұрыс,- деп шаңқ еттi Қожамжар.– Бердекеңнiң айтқаны өте оңды. Шорабай мен Көкiм қашқанымен, екеуiнiң тiлеуiн тiлейтiн қаншама жақтастары бар Тәшкенде. Бiз қалмаққа атой салсақ болды, олар сыртымыздан найза қадап, садақ ататынына мен кепiл.

Отырғандардың бәрi жас та болса үлкендердiң алдын орап, өткiр кесiм айтқан Қожамжарға бiрден бас бұрды. Жиырмаға ендi толған оның түр-тұрпаты әкесiне ұқсаған – науша, қапсағай. Жүзiнде жылылық келбеттен гөрi, сұстылық басым. Көздерi өткiр, от шашады. Жан-жағындағы батыр-бағландар, би-бектер өзiне қарағанда ешкiмнен именбей, басын тiк ұстап, Төледен көзiн алмады.

Тап осы сәтте айнала өзiнен-өзi қараңғыланды.  Рабатхана дуалдарының биiк тұсында орналасқан терезелерден жарқырап түсiп тұрған күн жарығы әп-сәтте қоюланып, диуан бөлме iшiн тас түнек басты. Рабатханадағылар кенеттен түскен қараңғылықтың мәнiсiн ұқпай, қатты қобалжығандықтан гуiлдесiп кеттi:

— Уа, Құдай, мұнысы несi? Жарқырап тұрған күнге не болды?

— Ойбай-ау, көк аспан төңкерiлiп кеткен жоқ па?

— Ойбай, Құдай, өзiң сақта!

— Күн құлап кеткен жоқ па, осы…

Иiсқожаның үрейi бәрiнен басым шықты. Орнынан атып тұрып екi қолымен жер тiрей алдыға қарай етпеттедi де, айқайға басып, есiк тұсқа беттедi:

— О, Алла, о, Алла! Ақырзаман төндi, ақырзаман. Кiтаптарда ақырзаман болғанда жер бетiн су қаптайды, болмаса күн сөнедi деушi едi. Күн сөндi мiне, күн сөндi. О, Алла, о, мейiрiмдi Алла! Бiздей күнәһар пенделерiңдi кеше гөр. Жанымызды қинама, жүрегiмiздi ұшырма. О, Алла, о, Алла…

Бетпақ қатынның үнiне ұқсас жiңiшке даусы тым тұрпайы естiлдi. Жайшылықтағы жағымсыз үнi қорқып кеткен соң бұрынғыдан бетер ащы шықты. Оның ойбайынан аза бойы қаза болған Бердiқожа оған жекiп бердi:

— Әй, зарланбай, өшiршi үнiңдi! Ажал келсе, бiр саған емес, бәрiмiзге келедi ғой.

Иiсқожа бұл сөздi құлағына да iлмедi. Зар илеуiн қояр емес:

— Астаһфиралла, астаһфиралла… Уа, Аллам, өзiң сақтай көр. – Тырмаланып, сипаланып жүрiп, есiктi тапты. Сыртқа шықты да, тура табалдырық алдына тұрып, екi қолын тас қараңғы көкке жая тағы айқай салды: – Уа, Алла, уа, Алла, ақырзаман – осы. Қаһарыңнан, райыңнан қайт, мейiрiмдi Аллам! Бiздей мүсәпiр пендеңдi аяй көр. Өзiмдi, өзiмдi сақтай көр…

Рабатхана iшiндегi басқалардың жай-күйiн кiм бiлген, ал жаужүрек Бердiқожа мен Қойкелдi тосын түскен қараңғылықтан шошымады. Қазы-кәлән Иiсқожаны мазаққа айналдыра кезек-кезек сөйледi:

Кiтаптардан мысал келтiрiп сөйлегенде «ақырзаманға әлi мың жыл бар» деушi едi. Әй, Иiсқожа, ақырзаман неге ерте түстi? Мың жылың қайды?

Су жүрек найсаптың «өзiмдi сақта» деуiн қара. – Ей, қорқақ, берi кiр. Өлсек, қауымдасып өлейiк.

Аз-кем уақыт үнсiз қалған Иiсқожа бұрынғыдан өршеленiп, зарын жалғастырды:

— Иә, иә, кiтаптарда ақырзаманға әлi мың жыл бар деген… И-и-и, ендi есiме түстi. Сары Мәнжiнiң қосынында аспаннан жай түсiретiн, ай-күннiң бетiн жаба алатын құдiретке не шаман-молда бар дейтiн. Мынау – соның қылығы. Уа, Төле би, уа, батыр-бағландар! Тыңдаңдар менi! Қалмақ шаманы бiзге ескерту жасап жатыр. Берiлейiк деп, жаушы аттандырайық. Әйтпесе күнiмiздiң бетiн ашпайды, одан қалса, аспаннан жай түсiрiп, бәрiмiздi тiрiдей отқа орайды. Уа, Төле би, естимiсiң сөзiмдi?..

Манадан берi үнсiз отырған Төле бiр күрсiндi. Иiсқожа тағы бiрдеңелердi оттап, жаны шығардай халге түстi. Бала емшекке тойынардай уақыт өткенде, қараңғылық бiрте-бiрте серпiлiп, төңiрек қайта жарықтана бастады. Артынша iлезде күндiзгi жарық әдеттегiдей қалпына түсiп, жер-дүние күн нұрына бөлендi.

 

*Хыжраның 1094 жылы – бiздiңше 1684 жыл.

*Дүрбiн-ойрат – қалмақ.

*Қоян мен ұлу жылдары – 1723-24 жылдар.

*1147 ж. – 1735 жыл.

 

— Мұндай таңданарлық құбылысқа есi шыға таңданған рабатханадағылар мен шаһар жұрты әуелде айтар сөз таппай, бiр-бiрiне қарасты. Әлгi айқайы мен қылығына ендi ұялғандай, Иiсқожа басқаларға қарауға жүзi шыдамай, көзiмен жер сүздi һәм «ұялған тек тұрмастың» керiне түсiп, өз-өзiнен қозғалақтап, аһылап-үһiлеп, бет-аузын қолымен бей-берекет сипалады. Әйтсе де тез ес жиды.

Көрдiңдер ме, менiң жалбарынуымның арқасында Алла бiзге шарапатын төгiп, күн бетiн ашты. Әйтпегенде жер бетiн тас түнек тамұққа айналдырып, ақырзаманды орнатар едi.

Өз тiрлiгiне қысылған сужүрек адамның кейде әйтеуiр бiрдеңенi оттай салатын әдетi болады. Иiсқожа да сондайдың кебiн киiп, осы сөздi лақ еткiзе салды. Оған алғаш болып Бердiқожа қарқылдап күлдi:

— Әмбе шаһар жұрты өзiңнен иман дәрiсiн алып жүргенi бекер-ақ екен. Әлгi қараңғылық Алланың себебiнен болды ма, әлде қалмақтың шаман-молдасының құдiретiнен болды ма? Қай сөзiңе сенейiк?

— Әлбетте, әлбетте, бұл – Алланың iсi. Шаман-қалмақтың қолынан әлгiндей ғажап келушi ме едi. Бар ғажайып – Алладан, Алладан.

— Әй, аузынан орнықты ләбiз шықпайтын алдамшы имам. Қазы-кәлен басыңмен екi сөйлеуге арланбаймысың?! Күндi жарқырап шығаратын да, қып-қызыл оттай түске бояп батыратын да, қар боратып, жауын жаудыратын да, күндi түнге ауыстыратын да – Алла. Қолынан бар ғажайыпты жасау келетiн сол Алла кейде күн мен ай тұтылатын сәттi де жасай бiледi. Жаңағы мезетте ақырзаман келген жоқ, Алланың құдiретiмен күн тұтылды. Өзiңнiң қорқақтығыңмен қоймай, жұрттың үрейiн ұшырмақсың ғой, түге. Жасың болса, алпыстан асқан адамсың. Бұрын күн, ай тұтылғанын көрмеп пе едiң?

Төле би осылай дегенде Иiсқожа шын бейшара кейiпке түстi. Екi иығын қушита, басын төмен салып, не ары кетiп қаларын, не рабатхана iшiне қайта кiрерiн бiлмей, сүмiрейген қалпы босаға алдында қалшиды да қалды. Бердiқожа мен Қойкелдi тағы қатарласа сөйледi:

— Мен де күн тұтылды-ау деп жорамалдағанмын. Iлгерiде күн тұтылғанын бiр көрген едiм. Онда мұншалықты қараңғы бола қойған жоқ-ты.

— Жастау кезiмде күн тұтылғанын мен де байқағам. Айнала әп-сәтте қараңғы болып, бiраз уақыттан кейiн қайта жарықтанған. Үлкендер «күн тұтылды» деген сонда.

Басқа кiсiлер де дабырласып, бұрындары күн мен айдың тұтылғанын байқаған, көргендерiн айтып жамырысып кеттi. Төле оң қолын көтердi. Дуылдасқандар жым болғанда қоңыр даусымен тағы сөз бастады:

— Иiсқожа қанша қорқақ болса да, жаңағы күн тұтылған сәттi қандай құдiреттен туындағандығы жайында болымсыз пiкiр айтса да, бәрiбiр, ең ақырында оның Алланың қалауымен болған iс екенiн мойындады. Ендi оны келемеждеудi доғарыңдар. Өз басым күннiң тап осылай тұтылғанын үш рет көрдiм. Алғашқысы – Қалдан Бошықты Сайрамды қиратардың алдында, екiншiсi қалмақтар қазақты «ақтабан шұбырындыға» түсiрерден бес жыл iлгерi, яки кiшi ұлым Қожамжар туылған күнi. Ал әлгiсi үшiншi боп тұр. Бұрынғы екеуiнен кейiн iле-шала-ақ қазақтың басына зор нәубет туып едi. Құдай бұл жолғысын…

Жә, ырымға сенiп, сендердi қобалжытайын деп отырғаным жоқ. Таң атып, күн бататыны сияқты күн тұтылу да — шартты амал. Ол жайын сөз етiп, уақыт кетiру де мәнсiз. Одан да iсiмiзге көшейiк.

Әр батыр, әр би, әр даруға, қала бердi мыңбасы-жүзбасыларға дейiн шаһар сыртандағы қалмақ ғаскерiнiң бетiн қайтару үшiн не iстеу керектiгi жайындағы ой-амалдарын ортаға салып, мәжiлiс бие сауым уақытқа созылды. Ең соңында Бердiқожа батырдың «сыртқа шығып, жаумен ашық далада айқасайық» деген уәжiне тоқтасты. Осыған келiскен соң, Төле батырлардың жасақтары қандай тәсiлмен шабуылға шығатынын нақтылады.

Қалмақтан қорғанып, шаһар iшiнде ұзақ уақыт отыра алмаймыз. Сырттағы жау қамалға шабуыл жасамаса да, қаланы қоршап, бiр ай емес, екi ай емес, жетi-сегiз ай, тiптi бiр жыл отыра беруi бек қайыл. Сыртпен ешқандай байланыссыз қалған бiз мұнша ұзақ уақыт шаһарда қамалып отыра алмаймыз. Себебi көп. Адамдарымызға ас-ауқат, малдарымызға жем-шөп таба алмауымыз ықтимал. Ұлытау мен Кеңгiр бойындағы қазақ қолдарынан жәрдем сұрап, жаушы да аттандыра алмаймыз. Айналадан ұшқан құсты өткiзбей жатқан қалмақ жаушыны тiрi жiберсiн бе. Соған орай ол жақтан қайран аз. Сондықтан да өз күшiмiзге сенуден басқа амал қалмай тұр.

Шаһардағы қазақтардың мүшкiл хәлiн бiраз тiлге тиек еткен Төле батыр-бағландарды жiгерлендiрейiн деген ниетпен келесi кезекте даусын көтере, ұрандата сөйледi. Бұрынғы қазақтардың ерлiгiн масаттана айтып, халықтан әлi де батылдық кетпегенiн нәрлi тiлiмен айтып өттi. Сосын әр батырға мiндет қойды:

— Соғысты түн ауа, қалмақтар алаңсыз ұйқыға кеткенде бастаймыз. Бердiқожа, сен өз мыңдығыңмен Шағатай қақпадан шығып, жоңғар қолының тура өкпесiнен соқ. Қойкелдi, мыңдығыңды Бұхар қақпадан шығарып, Сары Мәнжiнiң бүйiр тұсын шап. Ақантай батыр, сен Қоқан қақпасы маңында ұйысып жатқан ойратты қырып сал. Төртiншi мыңдық қаланың он екi қақпасына теңдей бөлiнiп, қамал түбiнде соғысқа дайын тұрсын. Шабуылымыз қандай жолмен өрбитiнiн кiм бiлсiн, бұл мыңдық қосалқы қол ретiнде тың тұрсын,  әлдеқандай заман туып, жоңғарлар қамалға қарай шабатын болса, алдын бөгей қамал үстiндегi кептеуiл сарбаздар қаруларын оңтайлап дайын отырсын. Оларға басшылық жасауды өз мойныма аламын.

— Әке, — дедi Қожамжар. – Бердекеңнiң манағы айтқанын ұмытпайық та.

— Ол не едi?

— Шорабай мен Көкiмнiң шаһарда қалған жақтастарын ауыздықтау. Түнде соғыс бастасақ, артымыздан топтанып қиқу сап жүрмесiн, болмаса шаһар iшiнен бүлiк бастаса ше. Екi отпен бiрдей алысып кетемiз бе деп қорқам.

Төле Қожамжарға емес, Бердiқожаға бет бұрды:

— Сен оларды шынымен-ақ қауiп төндiредi деп ойлайсың ба?

— Қасқыр қашанда ұяластарына бүйрегi бұрып тұратыны бар, биеке.

— Шаһарда Шорабай мен Кәкiм үшiн жанын қиятын қанша адам бар?

— Нақты санын кiм бiлген. Дегенмен күмәнiм түсiп жүрген жиырма шақтысы бар. Соларды бұғаулап қойсақ, қалған қиқым-сиқымы бас көтере қоймас.

— Сол жиырма шақтыны ұстап, аяқтарын тұсаулап, қолдарын бұғаулап, Шағатай қақпасы астындағы зынданға таста. Соғыс бiр жақты болғанша көрге қамала тұрсын. Кеш батқанша, осыны тындыр.

— Мына Иiсқожаны бiрiншi ала кетейiн.

— Оған тиме. Қанша дегенмен шаһардың құрметтi адамдарының бiрi ғой. Бұдан жүдә күмәнданып бара жатсаң, қам жеме, қазiрден таң атқанға шейiн қасымнан бiр елi ұзатпаймын.

Бердiқожа өзiмiзге опасыздық жасайды-ау дегендердi ұстауға кеткенде Қойкелдi мен Ақантай батырлар һәм өзге де сарбаз басшылары қамал үстiне көтерiлiп, шаһарды айнала қоршаған қалмақ қосындарының қалай орналасқанын байқамақ болды. Батырлар олардың қандай шеп құрып жатқанын күнде көрiп жүр. Бүгiнгi ойлары – түнгi шабуыл кезiнде қай тарапқа көбiрек күш бөлу керектiгiн пайымдау едi. Қамалдан бес жүз-алты жүз қадамдай жерде қара тулары желбiреп, кейбiрi шатырлы, кейбiрiнiң үстерiне киiз үйлер тiгiлген арбалары көп, ал аттылы-жаяулы ғаскерлерi екi-үш қатардан түзiлетiн саптарының тәртiбiн бұзбаған күйлерi, төсенiш-тулақтарын астыларына басып, қатары қалың қалмақ қолы жатыр. Қалың қолдың бiр тұсы селкеу емес. Үш қатар ғаскер бiр тәртiппен орналасқан. Сондықтан да мына тұсты шапсақ, жаудың санын ойсыратып-ақ тастар едiк деп болжау жасау әбестiк. Осыны байқаған Қойкелдi батыр Ақантайға:

— Қақпадан шыға бере сарбаздарымыздың қанатын кеңге жайып, бәрiмiз дұшпанға бiр мезетте шабуымыз қажет. Сонда бұлардың бiр ортаға ұйысып, ес жинап алуларына мұрша бермес едiк,- дедi.

— Ойың дұрыс… Қалмақтың бәрi болмағанның өзiнде бiр тұстағыларының өзi бiр ортаға жиналып үлгерсе, бiзге қауiп. Бес жүз қалмақ бес жүз мылтығын бiр мезетте ататын болса, сөз жоқ, әрқайсымыздың кемi жарты қолымыз жайрап түседi.

Шаһарды айнала қоршаған қамалдың ұзындығын ерiнбей есептейтiн адам болса, оның бiр көш жерге пара-пар екенiне көз жеткiзер едi. Қамал үстiмен бiраз жүрiп, қалмақтың жатысын аңдаған батырлар Қоқан қақпасы тұсында пәске түсiп, атқа қонды. Қаланың тар көшелерiн кесе өтiп, әлден уақытта қарама-қарсы беттегi қорғанға жеттi. Бұл маңда Ысат қақпасы бар. Ысат қақпаның үстiне көтерiлген батырлар бұл шеттегi қалмақтар да Қоқан қақпасының ар жағында жатқан ғаскерлерi сияқты тәртiппен шеп құрғанын көрдi. Мұнда да түнгi шабуылды қандай тәсiлмен жүргiзу қажеттiгiн сөз етiп, төмен түстi.

Батырлар мен жүзбасылар жан-жаққа тарасып, түнгi шайқасқа сарбаздарын даярлауға кiрiстi. Қожамжар Қойкелдiнiң жанынан ажырамады. Күн көкжиекке еңкейгенде Қойкелдi қосынына Бердiқожа келдi. Қойкелдi сұрақ қойды:

— Екiжүздi қашғарлықтар мен сарттардың қаншасын қамадың?

— Он сегiзiн ұстап, зынданға тастадым. Ендi шаһар iшiнен қауiп күтпей-ақ қойсақ болады. Қожамжар да сенiң жаныңда екен ғой. Әй, Қожамжар, сен осы Бәйтiк ағаңды танисың ба?

— Қызық сауал тастайды екенсiз, Бердеке. Бәйтiк көкем немере ағам емес пе.

— Иә, солай екен-ау.

— Оны жәй сұрадыңыз ба?

— Тегi сұрағаным да. Қалмақтар Тәшкендi қоршардың алдында ол Өгемнiң iшiндегi Өтебайға кеткен едi. Екеумiз тәуiр дос едiк. Сенi көрген соң, тап қазiр Бәйтiк есiме түсiп кеттi. Аман болса екен, әйтеуiр. Жолда Сары Мәнжiнiң қолына түсiп қалды ма деп, үш-төрт күннен берi мазасызданып жүрмiн…

— Бәйтiктi қоя тұршы,- деп сөзiн бөлдi оның Қойкелдi.- Сен де күнде қамал үстiне шығып, қалмақтың тұрысын байқап жүрсiң ғой. Жаңа өзiң айтқан қолбасы Сары Мәнжi қай тұстағы шерiктiң ортасында жатыр деп ойлайсың?

— Сезуiмше, ол Шағатай қақпаның тұсындағы қолдың арасында-ау. Айнала қонған қалмақтың арасында  қызыл жiбекпен жабылған шатырлы арба бiреу-ақ. Сол – Сары Мәнжiнiң шатыры екенiне күмәнiм жоқ. Түнгi шабуылда бiрден сол қызыл шатырлы арбаға бассалсам ба деймiн.

 

(Жалғасы бар).