ЭТНОС ӨКІЛДЕРІН ҰЙЫСТЫРУДА ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫҢ РОЛІ БАСЫМ

82
0
Шымкентте қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту және шиленістердің алдын алу мақсатында Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тарапынан кешенді шаралар қабылданып, нәтижесінде қаладағы этносаралық ахуал тұрақты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы басқарма басшысы Шотанов Мұратжан Шүкірханұлы баспасөз брифингінде айтты. Спикердің айтуынша қалалық ассамблеяда 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарады, 16 қоғамдық ұйым аккредиттеуден өткен. Оның ішінде «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі саны жағынан аз этностарды біріктіріп, мемлекеттік міндеттер аясына топтастырып келеді. Сондай-ақ, ассамблея жанынан 7 қоғамдық құрылым әрекет етеді.
Қалалық ассамблеяның алаңдарында түрлі бағыт пен форматтағы 123 іс-шара және халықаралық қатынастарды дамытудағы рөлін арттыру және көрші елдермен байланысты нығайту бағытында Өзбекстан, Қырғыстан, Тәжікстан Республикаларымен бірлескен 2 халықаралық конференция өткізілді
-Жалпы, қалада 23 тұрғын алап пен шағын аудандарында этнос өкілдері тығыз шоғырланған. Аталған тұрғын алаптарда тұрғындармен кездесулер кестесі бекітіліп, нүктелі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 84 кездесу ұйымдастырылды. Жас буынды толеранттылық құндылықтары шеңберінде тәрбиелеуде жоғары оқу орны мен колледж студенттерімен 71 кездесу өткізілді — деді, басқарма басшысы өз сөзінде.
Брифингте белгілі болғанындай этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту бағытында «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы, «Ұлт үні» байқауы, «Қазақ дастарханы» конкурсы, «Ұлы даланың – ұлтаралық тілі» іс-шарасы, «Мәміле», «Мен қазақша сөйлеймін», «Мың жүйрік» ағартушылық жобалары жүзеге асырылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында берген тапсырмасы негізінде қаламызда «Бірлік алаңы» коворкинг орталығын алғашқы болып ашылды. «Бірлік алаңы» кеңсесі негізгі 4 бағытта қызмет көрсетуде.
Негізгі бағыт – мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету.
Этнос өкілдерін мемлекеттік тілдің базалық негіздеріне үйрету, қазақтың ұлттық тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне баулуға бағытталған «Қазақтану» жобасы жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда, жоба аясында 8 жоғары және 37 орта арнаулы оқу орындарымен меморандум түзіліп, 17922 этнос студенттері мен 10377 оқушыға базалық қазақ тілі 2023 жылдан бастап арнайы түзілген кестеге сәйкес оқытылатын болады.
Жалпы, аталған бағыттың барлығы халықпен тікелей байланыс пен қоғамда өркениетті диалог орнатуға бағытталған.